Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қазақалтынның» сексен бес жылдық асуы - АРҚА АЖАРЫ

«Қазақалтынның» сексен бес жылдық асуы

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков Степногорск қаласының «Горняк» орталық мәдениет сарайында өткен Шахтер күніне және «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық концерні» акционерлік қоғамының (бұрынғы «Қазалтын» комбинатының) ашылғанына 85 жыл толуына арналған салтанатты жиналысқа қатысып, құттықтау сөз сөйледі. 

Бұл күні Мәдениет сарайына тау-кен өнеркәсіп саласының ардагерлері, концерн басшылары, озат еңбеккерлер мен өзге де құрметті меймандар көптеп жиналды. Өңір басшысының орынбасары құттықтау сөзінде бүгінгі таңда «Қазақалтын» өңіріміз бен жалпы елімізде ең ірі кәсіпорындардың бірі екенін атап өтті.
– Ширек ғасырлық тарихы бар жас мемлекетіміздің өркен жаюы осындай өндіріс орындары арқылы жүзеге асады.  Экономикамыздың нығаюына кеншілер еңбегі орасан. Маңдай терін төгіп жүрген шахтерлер нағыз алтын қолды еңбек адамдары. «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық концерні» акционерлік қоғамы өз мерейтойына лайықты көрсеткіштермен келді. Жыл қорытындысы бойынша 4 тонна алтын өндіріледі деп күтілуде. Жалпы, кәсіпорын жұмысының барлық кезеңінде концерннің кеніштерінде 400 тоннадан астам алтын өндірілді. Кәсіпорын әлеуметтік салаға да  қолдау көрсетуде, – деді Асхат Қайнарбеков. 1932 жылы іргетасы «Қазалтын» атауымен қаланған кәсіпорын бүгінгі таңда үш кеніш орнына ие. Ақсу, Бестөбе және Жолымбет кен орындарында жерасты және ашық кен өндіру, тау-кен байыту өндірісі жақсы жолға қойылған. Өткен жылы кәсіпорын 4 тоннадан астам өнім шығарған. Бұл нәтижеге төрт мыңнан астам кеншінің ерен еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Аталмыш акционерлік қоғам 2025 жылға дейінгі стратегиялық жобасын әзірлеп, бекітті. Концерннің бас директоры Евгений Балашов өз сөзінде «Қазақалтынның» 85 жыл ішіндегі тарихына, шарықтау кезеңдеріне тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті.
– Ештеңеге қарамастан, концерннің басты құндылығы адамдар болып қала береді. Біз олардың нәтижелі еңбек етуі мен лайықты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауға тырысудамыз, – деді концерннің бас директоры.  Мерекелік шарада осы ірі кәсіпорында аянбай еңбек етіп, «Қазақалтынның» бүгінгідей жетістікке жетуіне сүбелі үлесін қосқан ардагер кеншілерге ерекше қошамет көрсетілді. Бірқатар қызметкерлер мен еңбеккерлер «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Жиырмадан астам кеншіге бірінші, екінші және үшінші дәрежелі «Кенші Даңқы» белгісі табыс етілді. Сондай-ақ, «Қазақалтынның» дамуына өз үлесін қосқан өндірістік және әкімшілік бөлімдердің қызметкерлері бас директордың Алғыс хаты мен арнайы сыйлығына ие болды. Салтанатты жиналыс қазақстандық эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасын тапты. Бұл кеште қаланың орталық алаңында ине шаншар жер болмады. Концерт алдында қала әкімі  Әнуар Күмпекеев құттықтау сөз сөйлеп, өнеркәсібі дамыған шаһардың экономикасы осы концерннің де арқасында дамып келе жатқанын атап өтті.
Салтанатты концертте жиналған жұрт әсіресе, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Рымбаеваның әндеріне тәнті болды. Сондай-ақ, Мақпал Исабекова, Әли Оқапов сияқты эстрада жұлдыздарының, «Домино» және «Ринго» топтарының шырқаған әндері де жастардың көңілінен шықты. Арасында көрермендердің қатысуымен әртүрлі ойындар ұйымдастырылды. Сөйтіп, «Қазақалтынның» 85 жылдық мерейтойы қаланың кешкі аспанын сан түрлі әдемі бояу-өрнекке бөлеген  отшашумен аяқталып, жиналған көпшілікке ұмытылмас қуаныш сыйлады.

Степногорск қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Суретте: Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның кеншілер қауымына ән шырқап тұрған сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар