Көкшетау қаласындағы №18 қазақ орта мектебіне жерлесіміз, қазақтың танымал тұлғасы, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәкен сері Жүнісовтің есімі берілді. Көкшетау қаласы әкімінің биылғы жылдың 24 шілдесіндегі қаулысына сай, №18 қазақ орта мектебі енді Сәкен Жүнісов атындағы мектеп-лицейі деп аталатын болды.
Жаңа оқу жылының ашылу салтанатына жиналған оқушылар мен ата-аналардың алдында жазушының қарындасы Роза Жүнісова сөз сөйлеп, ағасының есімінің мектепке берілуіне үлкен ризашылығын білдірді және мектеп оқушыларына сабақты жақсы оқып, биіктерден көріне берулеріне тілектестігін айтты. Сәкен серімен үзеңгілес, дос-жар болған қаламгер Төлеген Қажыбаев жазушыны еске алып естеліктерімен бөлісті, Көкше өңірінен шығып, қазақ әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтың есімін ел есінде сақтау үшін жасалған игі қадамға өз бағасын берді.
Бұл күні мектеп-лицейде алғашқы қоңырау соғылып, мектеп-лицей атанып мәртебесі де өзгерген оқу орнының оқушылары алғашқы сабақтарына кірісті. Мектеп директоры Жақсылық Қуанұлының айтуынша, қазіргі күні мұнда 1600-дей бала оқиды. Биылғы жылы 6 бірінші сыныпқа 150-дей оқушы келіпті. Балалар санының жыл санап өсе түсуіне орай, мектеп ғимараты тарлық еткендіктен, қосалқы ғимарат құрылысы басталған. Қазір іргесі тұрғызылып, шатырын жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келер жылы қосымша ғимарат пайдалануға беріледі екен. Сол кезде Сәкен серінің өмірі мен шығармашылығына арналған жеке мұражай-кабинет ашылады деп жоспарлануда. Әзірге жазушының шығармашылығына арналған тақта мектеп фойесінен орын алған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.