Барша мұсылмандар үшін қасиетті мереке саналатын Құрбан айттың алғашқы күні Науан Хазірет мешітінде айт намазы өтті. Намазға халық өте көп жиналды.
Айт намазында ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы, Науан Хазірет мешітінің имамы Қуаныш Сәбит жиналған жамағаттың алдында әуелі Құрбан айтының ұлағаттары жайында уағыз айтты.
Биыл көкшетаулықтар құрбандықтарын қаладағы «Бижан» жеке кәсіпкерлігінің мал соятын орнында шалды. Мыңдаған жылдық тарихы бар, адамдарды бір-біріне қайырымды болуға шақыратын бұл діни мереке жайында айтылған уағыздан кейін айт намазы басталды. Айт намазы біткен соң қарияларға арнап дастархан жайылып, дәм берілді.
Құрбан айт мейрамы күндерінде облысымыздағы барлық мешіттер түрлі мерекелік қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, өткізді. Мұндай шаралардың ішінде тұрмысы төмен отбасыларына көмектесу, мерекелік дастархан ұйымдастырудан бастап, жастар арасында спорт жарыстарын өткізу де бар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.