Көкшетау қаласындағы №11 орта мектеп-гимназиясында Білім күніне арналған алғашқы қоңырау жаңадан ашылған кадет сыныбы оқушыларының салтанатымен басталды.
Қалалық білім бөлімінің бастамасымен №11 орта мектеп-гимназиясында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында кадеттік білім бағытында әскери-спорттық сынып ашу қолға алынған болатын. Аталмыш сыныпты оқытуға арналған бағдарлама мен арнайы жарғы әзірленіп, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап осы сыныпқа түсу үшін оқушылардан өтініштер қабылданыпты. Маусым айында кадет болуға үміткерлер орыс тілі, математика, дене тәрбиесі пәндерінен сынақ тапсырды.
Сынақ қорытындысына сай бесінші сыныптың 18 оқушысы сыныпқа қабылданды. Олар алдағы бес жылға жоспарланған бағдарлама бойынша әскери дайындықтардан өтеді. Бағдарламаға сәйкес, алғашқы жылы олар негізгі сабақтарына қосымша әскери-спорттық және саптық дайындықтардан өтіп, келесі жылдары әскери топография, география және басқа пәндерді меңгереді деп күтілуде.
Әскери бағыттағы сыныптың алғашқы «Ерлік сабағына» облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Еркеш Бекбаев пен Ауғанстан соғысының ардагері Қанат Біралин қатысып, болашақ отан қорғаушыларға ата-бабаларымыз бен батырларымыздың ерліктері
жайында айтып берді.
– Батыр болып ешкім туылмайды, батыр болып қалыптасады. Өзінің туған елі мен Отанын, отбасын қорғай алатын адам ғана нағыз ер болмақ. Отанды «жақсы» немесе «қанағаттанарлық» бағаға қорғамайды, сондықтан, болашақ кадеттер – сендер Отанымызды тек қана «үздік» қорғауларың керек, – деді өз сөзінде департамент бастығының орынбасары.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.