Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласы мен оның іргесіндегі Краснояр, Садовый селоларында бірқатар өндіріс, білім, спорт нысандарының жұмысымен танысып, тұрғын үй құрылысы, жолдардың жағдайына назар аударды.
Өңір басшысы алдымен «Оқжетпес» стадионында болып, алаңды жасанды жабындымен ауыстыру жұмыстарының барысымен танысты. Өткен жылы ғана стадионға күрделі жөндеу жүргізіліп, жеңіл атлеттерге арналған жүгіру жолақтары қайта жаңғыртылған болатын. Табиғи шөп өсірілген футбол алаңы жаз ортасына дейін дайын болмауы себепті, команда ойындарын үнемі сырт алаңдарда өткізуге мәжбүр болып келген еді. Бұл облыс футбол командасының ойын көрсеткіштеріне де теріс әсерін тигізген. Қазір «Оқжетпес» Премьер-Лигада соңғы орында. Биыл жазда алаңды жасанды жабындымен жабу қолға алынған еді. Стадион директоры Юрий Бондаренконың айтуынша, жасанды жабындымен жабу жұмыстары толық аяқталған. Енді комиссия қабылдаса, стадион қызмет көрсетуге әзір. Жөндеуден өткен стадионда биылғы жылдың 15 қазанында «Оқжетпес» футболшылары «Таразды» қабылдамақшы.
Бұдан кейін облыс басшысы Ғабдуллин көшесінің жолын жөндеу жұмысының жайын көрді. Әуезов көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі аумақтағы жолды күрделі жөндеуге 872,807 миллион теңге бюджет қаржысы бөлінген екен. Жұмыс биылғы жылдың маусым айында басталып, қазір жылу және су желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігер «Ван» серіктестігі. Жөндеу жұмыстары 2018 жылдың қараша айында аяқталады деп жос-парланып отыр. Қазіргі күнге дейін 551,8 миллион теңге қаржы игеріліпті.
Краснояр селосына кіретін Симферополь көшесінің жолына биыл күрделі жөндеу жүргізіліп, бір шақырымнан астам жолға асфальт жабындысы төселген. Қазіргі күні кент орталығындағы бірнеше көшелердің жағажолдарына жөндеу жүргізіліп жатыр. Облыс басшысы көп салалы №3 мектеп-гимназиясында болып, өткен жылы ғана пайдалануға берілген ғимаратты аралап көрді. Жаратылыстану, математика бағытында білім беретін оқу орнында үш жүзден астам бала білім алады. Орталық жылу жүйесіне қосылған мектепте балалардың білім алуына қажетті жағдайлар түгел жасалған. Облыс басшысы сондай-ақ, «Мансұр» жекеменшік балабақшасында болып, атқарып жатқан жұмыстарын көріп, танысты. 140 орындық балабақшада бүгінгі күні соншама бүлдіршін тәлім алуда. Алты топ болса, оның бесеуі қазақ, біреуі орыс тобы. Өткен жылы жұмысқа кіріскен балабақша мектепке дейінгі тәрбие қызметімен қамтамасыз ету мәселесін шешуге игі ықпалын тигізіп, 25 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Краснояр кентіндегі ертеректе тұрғындары көшіп кетіп, босап қалған үйлердің барлығы дерлік қайта жаңғыртылып, тұрғын үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге игі ықпалын тигізуде. Облыс басшысы ат басын тіреген 32 пәтерлік үш қабатты үйді қалпына келтіру жұмыстары қазір аяқталуға таяу. Үйдің төменгі қабаттарында адамдар қоныстанып, тұрып жатыр. 32 пәтерлік үйдің 6-уы коммуналдық меншікке көшсе, қалғандары сот шешімімен иесіз деп танылып, қаланың коммуналдық қызмет меншігіне алынған. Бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қайта қалпына келтіріліп, болашақта сатып алу келісімімен жалға берілмек.
Өткен жылы пайдалануға берілген Краснояр кентін жылумен қамтамасыз ететін модульді қазандық «Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарайды. Жаңа қазандық жұмыс істегелі кент тұрғындары мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамту мәселесі оң шешімін тапты. Қазіргі күні қазандық 23 көп пәтерлі үй мен 6 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етуде. Қазандық қуаты әлі де біраз нысандарды жылытуға жетеді. Биылғы қыс маусымына қажетті көмір қоры дайын екен.
Облыс әкімі Садовый селосының маңындағы алқапта картоп, көкөніс өсірумен айналысатын «Агротрейд Көше» серіктестігінің картоп алқабында болып, картоп жинау жұмыстарының барысымен танысты. Бидай, мал азығы үшін қажетті сұлы мен көпжылдық шөп егетін серіктестік көкөніс пен картоп өсіруге де көңіл бөледі. Биылғы жылы 130 гектар алқапқа картоп отырғызылыпты. Қазіргі күні ауа райының қолайлы сәттерін қалт жібермей, картоп жинау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Серіктестік директоры Қайрат Жандаев өңір басшысына шаруашылық жайын жан-жақты баяндап берді. Мұнда «Алладин», «Гала» сияқты картоп сорттары өсіріледі. Өнім жергілікті дүкендерге шығарылады. Биылғы береке түсімі серіктестік диқандарының көңілінен шығып тұрған сияқты. Бидай түсімі гектарынан 15 центнерден айналса, картоп 300 центнерден жиналуда.