Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Лайықты құрмет пен қамқорлық көрсетіледі - АРҚА АЖАРЫ

Лайықты құрмет пен қамқорлық көрсетіледі

Әр жылдың бірінші қазаны – Халықаралық қарттар күні. Бұл шешімді бұдан 27 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған болатын.

Біздің елімізде қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау күні болып табылатын осынау маңызды да жарқын мерекелердің бірі қазан айының 1-нен 31-не дейін жалғасады. Атаулы кезеңді айлық ретінде өткізу туралы идеяны бірінші болып Ақмола облысы ұсынғаны, кейін мұны республиканың басқа  облыстары қолдағаны белгілі. Осы мәселеге байланысты таяуда облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Ақмола облысында қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғаудың айлығын өткізу туралы» қаулы қабылдады. Осы құжаттың негізінде барлық аудандар мен қалаларда да тиісті іс-шаралар әзірленіп, бекітілді.  Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымына 2 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі, 887 бастауыш ардагерлер ұйымы кіреді. Оларда 111 мыңға тарта зейнеткерлер, 99 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, 1000-нан аса соғысқа қатысқандарға теңестірілгендер, 6120 тыл еңбеккерлері, 66 Чернобыль атом электр станциясында болған апатты жоюға қатысқандар, 900-ге тарта Ауған соғысына қатысқандар, 40-тан аса фашистік концлагерьлерде тұтқында болғандар есепте тұр.
Облыс басшылығы ардагерлер қауымын ұдайы назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, былтыр, Қазақстан Респуб-ликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланғанда айлық аясында облыс бойынша қарттар қауымына жалпы көлемі 390 миллион теңге болатын көмек көрсетілді, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 122 миллион теңге артық. Осы мәселеде, әсіресе, Көкшетау мен Степногорск қалаларын, Аршалы, Целиноград, Бұланды, Зеренді, Ерейментау, Бурабай аудандарын атап өткен жөн. Тәуелсіздік мерейтойына «25 ізгі іс» атты акция  аясында Бұланды, Жақсы аудандарында Ұлы Отан соғысына қатысқандардың соңғыларына пәтер кілттері табыс етілді. Бастауыш ұйымдардың белсенділері 9 мыңнан аса ардагердің тұрмыс жағдайын тексерді, 1200-дей зейнеткер санаторлық емделу-демалу мекемелеріне жіберілді. Денсаулығын түзеткендердің ішінде ең көбі Көкшетау қаласынан, Бурабай және Целиноград аудандарынан болды.
Жергілікті жерлердің бәрінде қарт адамдарға отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік алу үшін, тіс салдыруға, тұрғын үйлерді жөндеуге, жол жүруге көмектесу үшін қаражат бөлінеді. Өткен жылдары бұл тұрғыдан Көкшетаудағы «Тыныс», «Алтынтау-Көкшетау», «Көкшетау жылу», Степногорскідегі подшипник зауыты, Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Целиноград ауданындағы «Родина»  агрофирмасы»,  Есіл ауданындағы «Заречное», Шортанды ауданындағы «Нива», Аршалы ауданындағы «Ижевское» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ерекше көзге түссе, биыл бұлар-
дың қатары көбейе түседі деп сенеміз.
«Ешкім де назардан тыс қалмасын» ұранымен өткен былтырғы айлықта облыстағы ардагерлер ұйымдары 1452 іс-шараны, 201 дөңгелек үстел отырысын, 667 концерттік бағдарламаны жүзеге асырып, 24703 рет дастархан жайды, 18642 азық-түлік себетін үлестіріп, 2 мыңдай зейнеткерге жеңілдікпен газет-журналдарға жазылу ұйымдастырды. Өңірлерде Қарттар күніне, айлығына арналған салтанатты іс-шаралар, мерекелік концерттер, еңбек ұжымдарында қарттармен кездесу өткізу дәстүрге айналған. Бұл күндері шаруашылық субъектілері қайырымдылық ас беру, азық-түлік үлестіру мәселелеріне көңіл бөледі. Жұртшылықтың барлық топтарын әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізіп тұру да тәжірибеде нық орын алған.
Айлық күндерінде әдеттегідей тиісті мемлекеттік органдар, облыстық ардагерлер ұйымының барлық буындары жұмысының белсенділігі одан сайын арта түседі. Бұл биылғы іс-шаралар жоспарында да көрініс тапқан. Мысалы, барлық медициналық-әлеуметтік мекемелерде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызметкерлерінің зейнеткерлермен кездесулері, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда – жасы ұлғайған адамдар үшін арнайы Ашық есік күндері өтеді. Көкшетаудағы, Ақкөл, Астрахан, Есіл, Жарқайың, басқа да аудандардағы денсаулық клубтары ардагерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру ісін тереңдете түседі. Жергілікті жерлерде шахматтан, дойбыдан, үстел теннисінен, бильярдтан, тоғыз құмалақтан турнирлер өткізілмек.
Облыстық, аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері тек қарттарды әлеуметтік-тұрмыстық қолдау, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру ғана емес, жастарды қазақстандық патриотизм мен парасаттылық рухта тәрбиелеу мәселесін де басты назарда ұстайды. Бұл тұрғыдан облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану жолға қойылған. Айлық кезеңінде газет беттерінде көптеген материалдар «Ардагер», «Третий возраст», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Вспомним всех поименно» сияқты айдарлармен жүйелі түрде берілетін болады.
Ардагерлер ұйымдары жергілікті билік органдарына сүйене отырып, аға буын өкілдерінің мұқтаждарын қанағаттандыру ісімен тек айлық уақытында ғана емес, жыл бойы айналысатынын айтқан ләзім. Целиноград, Есіл, Сандықтау аудандарында кәсіпорындар есебінен әлеуметтік үйлер жұмыс істейді. Ақкөл ауданында биыл тағы бір
осындай әлеуметтік үй іске қосылды.
Жалпы, биылғы жылдың ардагерлер қауымы үшін маңызы зор – біздің республикалық ұйымның құрылғанына 30 жыл толды. Облыс бойынша жыл басынан бері мерейтойға арналған көптеген шаралар жүзеге асырылды, облыстық деңгейде және барлық аудандар мен қалаларда салтанатты жиналыстар өтті. Жылдың ерекшелігін ескере отырып, облыстық ардагерлер кеңесі тұңғыш рет бастауыш ардагерлер ұйымдарының конкурсын өткізіп, бұл орайдағы ең үздіктерді анықтады. Сондай-ақ, ардагерлер өмірін көрсету, олардың ерлікке толы өткенін насихаттау мақсатында облыс журналистерінің мерейтойға арналған байқауы да биыл бірінші рет ұйымдастырылды. Талантты, шебер қаламгерлер лайықты бағасын алды.
Жасы ұлғайған адамдарға жылы сөз айтып, қолдаудың, құрмет көрсетудің мәні зор. Әсіресе, жалғызбасты, денсаулығы төмен зейнеткерлерге күтім жасау, олардың баспаналары мен аула ішін тәртіпке келтіру, қыс мезгіліне отын-сумен қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік және волонтерлік көмекті күшейту өте маңызды.
 Биылғы жылдың ендігі бір ерекшелігі – Елбасының бағдарламалық мәні айрықша «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жариялануы. Бұл өзі бүкіл қазақстандық қоғамды дүр сілкіндірген, елімізді алға бастаудың сара жолдарының маңызды бір қырын айқындаған, тағдыршешті құжат болды. Оны жүзеге асыру қоғамның барлық салаларына, оның ішінде ардагерлер қауымына да, зор жауапкершілік жүктейді, біздің жұмысымыздың белсенділігін, нәтижелілігін барынша арттыруға міндеттейді. Демек, біз өз тарапымыздан мақаладағы идеяларды іске асыруға тек өздеріміздің ақыл-кеңестерімізбен ғана емес, шама-шарқымызша нақты істерімізбен үлес қосуымыз керек.
Сөз соңында қарттар қауымы осыған дейінгідей қоғамның жан-жақты назарында тұратынына, оған зор құрмет пен қолдау көрсетіле беретініне сенім мол екендігін айтқым келеді. Аға ұрпаққа мықты денсаулық, өмірдің, ұрпақтарының қызығын көре беруді тілейміз.  
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар