«Бурабай» спорт сарайында Көкшетаудың «Арланы» «Астана» хоккей командасын қабылдап, 7:2 есебімен ойсырата ұтты.
Ойын басталысымен екі команда алма-кезек шабуылға шыққанымен, жақсы ойын өрнегін көрсете алмады. Арландықтар қарсыластарының қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді. Бірақ, шайбаны дарыта алмады. Сөйтіп, бірінші кезеңде есеп ашылмады. Матчтың екінші кезеңінде астаналықтар ойынын жандандырды. Нәтижесінде Иван Киснер «Арлан» қақпасына шайба соқты. Ойын қыза түсіп, алаң иелері шабуылын жиілетті. Сондай бір қарбалас сәтте Антон Казанцев есепті теңестірді.
Бұдан соң «Астана» командасының ойыншысы Данил Селезнов ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін алаңнан қуылды. Осы сәтті арландықтар тиімді пайдаланып, Дмитрий Покайчук пен Александр Воровьев меймандар қақпасына екі шайба кіргізді. Бұдан кейін «Арлан» командасының ойыншылары басымдық көрсете бастады. Кезекті шабуылда Иван Кучиннің соққан шайбасы қарсыластар қақпасына дәл түсті. Үшінші кезең басталысымен-ақ біздің ойыншылар бірден шабуылға шығып, Алексей Аницкиннің бесінші шайбаны соғуына мүмкіндік туды. Бұл матчта астаналықтар ойын тәртібін жиі бұзғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, арландық Борис Сабуровтың алаңнан қуылуы меймандардың есеп айырмашылығын қысқартуына жол берді. Дегенмен «Арлан» командасының ойыншылары Вадим Ермолаев пен Евгений Телиннің соққан екі шайбасы команда мерейін одан әрі үстем етті.
Суретті түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.