Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шіркін, ауылдың балалары-ай! - АРҚА АЖАРЫ

Шіркін, ауылдың балалары-ай!

Кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, қуанып келемін. Әсіресе, ауыл балаларының осындай ұстазы барын ойлаған сайын, көңілім ерекше толқи түскендей. «Жақсы адаммен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, зерделі жанмен сұхбаттасқан санаулы сәттің әсері  көкейден кетпейтіні бар. Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында көкірегіне білім нәрін тоқыған, біле тұра білмекке ұмтылған, жаңалықтан қашпайтын, бос сөздікке баспайтын, ізденімпаз, еңбекқор мұғаліммен танысудың сәті түсіп, осы бір қарапайым жанның еселі еңбегі туралы жазудың орайы келгендей. 

Аудан орталығына қарасты Қабанбай ауылындағы №41 орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Динара Әубәкірова жастайынан ата-анасының үкілі үміті, мектептің маңдайалды оқушысы, университеттің бетке ұстар студенті болып, қай ортада болмасын өзінің адамгершілік қасиетімен, білімге деген құштарлығымен, өзгеге ұқсамайтын жаңашылдығымен, ізденімпаз ыждаһатты еңбегімен сыйлы бола білді. Ол Петропавл қаласындағы классикалық мектеп-гимназиясында білім алып, қазақ сыныбын қызыл аттестатпен тәмамдаған. Сол жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне химия пәнінің мұғалімі мамандығы бо-
йынша грантқа оқуға түсіп, төрт жылдан кейін аталмыш білім ордасын қызыл дипломмен бітірген. Кейін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистратурасына түсіп, оны да қызыл дипломмен тәмамдайды. Оқыған-тоқығаны мол жас маманды жұмысқа шақырған жерлер аз емес еді. Алайда, ол мансапты да, атақ-абыройды да көздеген емес. Әуелгі мақсат ұлт болашағын ойлап, ауыл балаларына білім беруді өзінің азаматтық борышы деп білген. Себебі, өзінің айтуынша, ауыл –қазақтың жаны, алтын бесігі, һәм тамыры. Қазіргі таңда ол ауылдағы мектепте химия пәнін ағылшын тілінде оқытады.
– 2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен республикалық «Дипломмен – ауылға!» жобасы қолға алынып, Елбасы Үкіметке диплом алған дәрігерлер мен мұғалімдерге әлеуметтік ынталандыруды тапсырды. Мен осы бағдарламаның шапағатын көрген маманмын,– деп бастады ол сөзін бізге берген сұхбатында. – Осы жоба аясында 70 айлық есеп-айырысу көрсеткіші көлемінде жоғарылатылған жәрдемақы төленіп, баспана алуға жеңілдетілген
несие де алдық. «Дипломмен – ауылға!» жобасынан мемлекеттің де, ұлттың да ұтары көп. Өйткені, жаңа жобаның ауыл үшін де, жастар үшін де өзекті ұсыныс болғаны анық. Сондай-ақ, қалада туып-өскен жастарға да ауылда еңбек ету таптырмас тәрбие көзі дер едім. Себебі, қала жастары ауылдың тыныс-тіршілігімен таныса отырып, қазақы мінез-құлықты бойына сіңіреді, ана тілін толық меңгеріп шығады. Ауылға аттанған жастар үшін тұрғын үй алуға мүмкіндіктер жасалып, жеңілдікпен несиелер берілетіндігін ескерсек, бұл жобадан бас тартуға ешқандай да себеп жоқ, – деп әңгімесін бастаған Динара өз ойын әрі қарай сабақтайды.
– Пәндерді біріктіру арқылы полилингвалды тұлғаны қалыптастыру заман талабы болғандықтан, мен 2014 жылдан бастап «Химия ағылшын тілінде» факультативін жүргізіп келемін. Бұл факультатив сабағы оқушылардың тілді және химиялық терминдерді ағылшын тілінде еркін меңгеруіне ықпал етті.
2016 жылы Назарбаев Университеті өткізген жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мұғалімдерінің үштілділік бойынша біліктілігін арттыру курсын табысты аяқтап, ағылшын тілін меңгеру және химия пәнін ағылшын тілінде жүргізу әдістемесі бойынша сертификаттарға ие болдым. Сол курс аясында конкурс нәтижесі бойынша Ақмола облысының 8 мұғалімі қатарында Сеул қаласында тілдік курсын жалғастырып, сертификат алдым. Біз Корей елінің мектептеріне барып, сол жердегі оқыту үдерісімен таныстық, тәжірибе алмастық.
Білім мен ғылымды аса бағалайтын Корей елі қазіргі таңда бұл салада көш басында келеді. Мұнда жоғары қарқынмен дамып келе жатқан техниканың жаңа жетістіктерін ашумен қатар, оны білім саласына енгізу жолға қойылған. Жастардың сол техникаға әуестігін білім алумен алмастыра отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізу мақсат етілген. Осы тұрғыда бастауыш және орта мектеп оқушыларының білім баспалдағы бо-
йынша өз қабілеттеріне сәйкес жылжуына мүмкіндік беретін сатылы оқыту, яғни, Smаrt оқыту білім жүйесіне енгізілген. Бұл жүйе әр адамды өмір бойы оқуға, жаңа білім мен технологияларды меңгеруге, инновациялық мүмкіншіліктерін дамытуға, өзіне жауапкершілік пен міндеттеме ала білуге бейімдейтін ынталандыру ортасын құру болып табылады. Тағы бір аңғарғаным баланың қоғамға бейімделе білуіне ерекше мән беріледі екен. Біз үштілділіктен қашпауымыз керек. Ана тілін жетік меңгермеген балаға ағылшынша сабақ берудің не қажеті бар деген де пікірлер айтылады.
Меніңше, заман көшінен қалмағанымыз абзал. Себебі, біз жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Осыны ұмытпайық. Өзім жүргізетін факультатив сабақтарында ауыл балалары бұл жаңашылдықты жақсы қабылдады. Сабақты ағылшынша жүргізбес бұрын, алдымен сөздік бойынша химиялық элементтердің атауын үйретеміз, видеороликтер көрсетеміз, ойын түрінде түрлі викториналар, қызықты танымдық сабақтар ұйымдастырамыз. Осы орайда мені білім жолына жетелеп, бойыма ізгіліктің нұрын дарытқан ата-анам мен әр бастаған ісіме жанашырлықпен қарап, қолдау көрсетіп отырған жан жарым мен ата-енеме, ұжымыма зор алғыс білдіргім келеді. Білікті басшы, білімді ұйымдастырушы Ботагөз Сүлейменова қашанда жас мамандарға қолдау көрсетуде. Осының барлығы өскелең ұрпақтың білімді, әрі білікті болуы үшін Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан зор қамқорлық деп білемін,– деп өз ойын ортаға салды ұстаз. Біз мектеп директоры Ботагөз Сүйлеменовамен де сөйлесіп, өз пікірімен бөлісуін өтіндік.    
– Динара Елемесқызы өз пәнін жетік меңгерген, оқушылардың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына ықпал ете алатын, мамандығын сүйетін, жаңашыл, ізденімпаз мұғалім дер едім. Ол оқушыларына ойларын жинақы, жүйелі түрде жеткізуді, қорытынды шешімдерге жетелейтін деректер негізінде дұрыс тұжырымдар жасауды үйретеді. Химия сабақтарында сараптау, салыстыру, теңестіру, нақтылау, қорытындылау, жүйелеу, қолдану жұмыстарын жүргізеді. Оқушыларын қосымша әдебиет, интернет ресурстары мен дереккөздерді қолдана отырып жұмыс істеуге үйретеді. Ол өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алған мұғалім. Оның оқушылары алыс жақын шет елдерде де үздік білім нәтижесімен көзге түсіп жүр. Мәселен, Жұмабек Ерасыл мен Төлебай Динара есімді оқушылары химия пәнінен халықаралық қашықтық конкурсында І, ІІ орындарға ие болды. Беларусь Республикасының «Новый урок» жобасы Динара Елемесқызына жеңімпаз оқушылар дайындағаны жөнінде растау куәлігін берді. Оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын ұстаз ғана бүгінгі қоғамның мүддесінен шыға алады. Жақсы мұғалім ғана жақсы оқушыларды тәрбиелемек. Тағы бір атап өтерлігі, 2013 жылы Қазақстан КИО интернет олимпиада сайты Динара Елемесқызын аудан бойынша «Ең жақсы нәтиже көрсеткен мұғалім» кубогы және белгісімен марапаттады. Қазіргі таңда оқушы – ақпаратпен қаруланған, жан-жақты дамыған тұлға,– дейді мектеп директоры.
Шынында да, оқушылардың бойында білімдік қабілеттерін дамыту үшін мұғалімдер жан-жақты қаруланған болуы қажет. Болашақ ұрпағымыз тек ана тілін меңгеріп қана қоймай, бірнеше шетел тілін меңгеруі керек.

Шетел тілін жан-жақты меңгертуде оқыту-тәрбие үрдісін қызықты, ыңғайлы және ұтымды қылу үшін бірнеше тілдегі әдіс-тәсілдерді қолдану қажеттігін Динара Елемесқызы да жақсы түсінеді.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар