Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмірбегімсіз өтіп жатқан, өмір-ай!.. - АРҚА АЖАРЫ

Өмірбегімсіз өтіп жатқан, өмір-ай!..

Қара түннің кірпігі ілінгенде санамды сансыз ойлар жамырап келіп, жаулап алатыны бар. Сарғайып таң атқанша сағынышпен булыққан, санамда өшпестей болып таңбаланған өткен күндердің елесі көз алдымда көлбеңдей кілкіп тұрып алатыны бар. Бұл дүниенің ең азапты кезі жалғыздықтан жабығу екен ғой. Он сегіз мың ғаламды бір дәннің қауызына сыйғызатын Алланың құдіреті – ақиқат! Оған мойынсұнбауға пенде біткеннің хақысы жоқ. Әйтсе де, қызылды-жасылды қызығына көңіліңді еш тойғызбайтын бұл дүниені адам қиып кетер ме?.. 

Өмір – өткінші, дүние – жалған екендігін біле тұрсам да, жан жарыңның қайтпас сапарға біржола бет бұрғанына көңілің сенбейді екен. Жалған дүниенің шынымен жалған екендігін енді ғана ұғып отырған жайым бар.
Менің жан жарым, ел азаматы, заманында қара ормандай қалың елі өзінің адал еңбегі үшін алақанынан салып құрметтеген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, әйгілі онколог-хирург, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Өмірбек Бәйкеновтың өмірден өткеніне тұп-тура бір жыл толып отыр. Өкініші жоқ, Өмекең туралы бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтық ажарын, кісілік келбетін, іскерлігін, жалпы еңбегін сипаттайтын мақалалар мен очерктер аз жазылған жоқ. Әртүрлі жинақтарда, өзімнің жазған кітаптарымда да көп тоқталдым. Солай бола тұра, өмірден өткеніне  жыл толуына орай тағы бір ауыз сөз сабақтасам, айыбы болмас.
Өмірбек 1934 жылдың 24 қыркүйегінде Зеренді ауданына қарасты Крупская ауылында дүниеге келген. Бұл жер табиғаты тамылжыған, ғажайып көркіне көз тоғаятын, әдемі өлке. Ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның іші адам несібесі – түрлі жемістерге толы. Бір ғажабы, бұлқынып аққан бұлақтары өте көп. Үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдерінің мөлт-мөлт етіп жатқаны қандай тамаша. Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген көркем табиғаттың кіршіксіз көркі Өмекеңнің жан дүниесіне толайым ауысып қонақтағандай. Өзі де осы туған жерінің топырағын, сол топырақта туып-өскен азаматтарын сағынып тұрушы еді.
Балалық шағы қиындықпен өтті. Әке-шешеден ерте айырылған балауса жас Қасым атамыздың арқасында ауыл қотанында қалып қоймай, білім алды. Ол кездегі ет жақын туыстың жанашырлығы керемет еді ғой. Аруағыңнан айналайын Қасым атамыздың ет жүрегі мұншалықты нәзік болар ма. Жетімді жебеген, қолтығынан демеген періште пейілін Өмекең өмір бойы аузынан тастамай өтті. Қасым атамыз қиын-қыстау кезде елдің екі тізгін, бір шылбырын қолында ұстаған, өзіне қараған аталас ағайынның, аталас ағайын ғана емес тұтас ауылдың қамқоры болған кісі еді. Таршылық уақытта басқарма болған. Бұл кісілердің ұғымында басқарма болу билік айту емес еді, елге бас болу еді. Бас болудың өзі қамқорлық көрсетіп, жанашырлық жасау дейтұғын ізгілікті ұғымдармен тонның ішкі бауындай сабақтасып жататын. Қасым атамызды өз заманының кемеңгер перзенті деп атайтұғын болсақ, сынықсүйем артықтығы жоқ.
Тар заманда көмек қолын созғанын неге ұмытсын?! «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» демей ме ата-бабамыз. Осы бір өнегелі істі үлгі етуші еді Өмекең. Өзі де Қасым атасына ұқсап қамқор болды. Осы бір ауыз сөзімді өткеннің өнегелі ісін аруақтардың разылығы үшін айтып жатқаным ғой.      
1952 жылы Көкшетау қаласындағы орта мектепті бітірген соң Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсті. Еңбек жолын Еңбекшілдер аудандық Казгородок учаскелік ауруханасында хирург болып бастады. Сол жылдары біз шаңырақ көтердік. Арманымыз мол еді, мақсатымыз да биік болатын. Оның ең негізгісі – елге адал қызмет ету. Өмекең өмір бойы осы арманның, осы мақсаттың жетегінде болды. 1959 жылдың қазан айында облыстық онкология ауруханасына хирург ретінде ауыстырылды. Бұл уақыт онкология ауруханасының материалдық-техникалық базасының әлсіздеу кезі. Күні-түні қайтсем соны жақсартамын, жаңғыртамын деп жанталасты. Жақсарту арқылы қатерлі ісікке қарсы күресті күшейткісі келді. Ол үшін әрине, жалғыз материалдық-техникалық база жеткіліксіз. Тағы бір керегі білім болатын. Өз білімін толықтыруға ұдайы назар аударды, тыным тапқан жоқ. Өмір бойы жоқ іздеген жолаушыдай ізденумен өтті. 1961 жылы Мәскеу қаласындағы Герцен атындағы орталық ғылыми-зерттеу онкологиялық институтының базасында академик А.Савицкийдің онкология кафедрасында алғашқы маманданудан өтті. Жалғыз өзі ғана біліп қойған жоқ, әріптестеріне де осы саладағы ілкімді жаңалықтарды, озық тәжірибелерді үйрететін еді.
1961 жылдың 25 шілдесінде облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да өсе түсті. Жұмыс істегенде үйдегі шаруаны ұмытатын еді. Алаңдамасын деп бала тәрбиесіне, күнделікті қарекетке өзім ие болуға тырыстым. Азаматым көкейінде жүрген ойын орындасыншы деп, ғұмыры таусылып бітпейтін күйкі тірлікке алаң болмасыншы деп. Бұл естелікті өзімнің қандай жақсы адам екенімді айту үшін емес, ат үстінде жүрген адамның халқына қалтқысыз қызмет етуі ең алдымен ошағының отын жаққан әйел адамға байланысты екенін кейінгі қыз-келіншектердің есіне салғым келгендіктен.
Жалғыз күнделікті жұмыс қана емес, тау басынан құдық қазғанмен бірдей бейнеті мол, азабы ауыр ғылыми жұмыспен де айналыс-
ты. Екеуін қатар алып жүру үшін білім мен білікке қоса, үлкен шыдамдылық та керек. Әйтпесе, күнделікті тіршілігінің тақсыреті бір басынан асып жататын аурухананың бас дәрігерінің шындап ғылыммен айналысуына шамасы келе қоя ма? Ал, Өмекең соның бәріне шыдады. Өйткені, оның алдына қойған дауасыз дертті жеңемін деген мұраты бар еді. Осындай еңбекпен жазылған ғылыми-тәжірибелік сипаттағы мақалалары арнайы жинақтарда, денсаулық сақтау саласының басылымдарында ұдайы жарияланып тұрды.
Бәлкім осындай тегеурінді ізденіс талапты жұмыстың арқасында шығар. Бар уақытын, қажыр-қайратын, білімі мен білігін қатерлі ісікке қарсы күреске арнап келе жатқан Өмекең 1962 жылы Мәскеу қаласында өткізілген VІІІ Халықаралық ісік ауруларына қарсы конгреске, Таллин қаласындағы екінші Бүкілодақтық онкологтар съезіне, Ташкент қаласында өткен дәл осындай үшінші съезге қатысты. Бүкілодақтық онкологтар қоғамының мүшесі болып сайланды.
Көп уақытын жаңадан онкология диспансерін салуға жұмсады. Шындығын айтқанда, бұл ауызбен айтуға ғана оңай шаруа. Әйтпесе, дәл осы ниет басталған кезде Кеңес Үкіметін қаржылық дағдарыс жайлады. Құрылыс материалдары қасқалдақтың қанындай таптырмайтын зәру затқа айналғаны баршаға белгілі. Диспансерге бөлінген қаржылары жетпей, ақша сұрап бармаған басшысы қалған жоқ. Тіпті, сол кездегі ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлердің де алдына барып бет моншағын үзіп, күні түскені есіме оралғанда, жан дүнием алай-дүлей болып кетеді де, сол қиын шаруаның бәрі ел үшін екендігі есіме түскенде сабама түсемін. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп осы күні халыққа қызмет етіп тұрған диспансерді салғызды ғой. Диспансердің қауқиған қабырғасы өз-өзінен адам емдемейтіні белгілі, қажет дүние әлі де толып жатыр. Ол – жаңа заманғы медициналық құрал-жабдық. Жай ғана медициналық құрал-жабдық емес, қатерлі ісікке қарсы күресуге қажеттісі. Таптыра қоя ма? Сөйтіп, Ресейдегі таныстарын жағалағаны, солардан тауып қуанғаны әлі есімде. Тапқаны бір қуаныш болса, қаржысын төлеу, оны іздеу өкінішпен өзектесіп, табанынан таусылғаны тағы бар.
Өз көңілің құлай сүйген жан жарың туралы өткен шақпен сөйлеудің ауыры-ай. Дәл осылай болар деп кім ойлаған. Көкіректегі көрікті ойдың, есті естеліктің сұлбасы әншейінде қыздар тіккен кестедей жайнап тұрғанымен, қажет кезінде ыдырап кетеді екен-ау. Иә, туған топырағын, оның жаны жайсаң ел-жұртын жанындай жақсы көретін Өмекеңнің ғұмыры сол халықтың денінің саулығын ойлаумен, қатерден қорғаумен өтті.
Бүгінде түтінін түзу ұшырған қара шаңырағы орнында. Ұл-қызы өсіп ер жетіп, Өмекеңнің немерелері мен шөберелері аталарына ұқсап ат жалын тартып мініп туған еліне еңбек етіп жүр. Сол жері көңілге демеу, жанға медет.
Рауза БӘЙКЕНОВА.    

Суретте: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Өмірбек Бәйкенов.

 

 

Жақсының аты өлмейді

 

Арамызда жүрген жақсы адам өмірден өтіп кетсе де, көңілден ешқашан өшпек емес. Оның артында ұстамы жақсы ұрпақ, қабырғаны қайыстырған қимастық пен сағыныш қалатыны сөзсіз. Ал, егер ондай жан өзіңнің ең сүйікті атаң-тәтең  болса және дәл қазір бұл дүниеде жоқ болса,  қайғың тіпті еселене түседі.

Өзінің жастық шағынан бастап өмірінің ақырына дейін абыройлы еңбек етіп, ақ халатты абзал жан, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы атанып, бар ғұмырын халықтың денсаулығы мен салауатты өмір салтына арнаған қадірлі де қастерлі, ардақты, асыл азамат – Өмірбек Бәйкеновтың біздің аяулы әкеміз Кенжебек Қасымұлының ағасы  болуының өзі де мақтаныш.
Кез келген адамның тірліктегі бейнесін биіктететін асыл қасиеті – кісілігі. Алыс-
тан қарасаң асқақ, жақыннан қарасаң кішіпейіл, әулетіне қыдыр қонған мұндай адамды қазақ бір ауыз сөзбен «дегдар» деп түйіндейді. Осы теңеуге сай, сұлу өмір сүрген, халықтың ықыласына бөленген тұлғалардың бірі – біздің жанымыздай жақсы көретін тәтеміз. Иә, бүкіл саналы ғұмырын медицина саласына арнаған тәтемізді еске алғанда, көз алдымызға тек оның жақсылықты жар салып жүретін ақпейіл мінезі мен аталық қамқорлығы келеді. Еңбегімен елінің есінде қалған, тумысынан зерек, тәрбиеші, тәлімгер, адам жанының арашашысы қаншама шәкіртті қанаттандырып, үлкен өмірге жолдама берді. Адамның асыл қасиеті, ақыл-парасаты көзі тірісінде емес, өзі өмірден озғанда айқынырақ бағаланама деп ойлайсың. Қазір бізге сіздің айтар ақылыңыз, әрбір істі шешердегі сабырлылығыңыз, турасын кесіп айтар нақтылығыңыз жетіспейді. Адамдарға ұдайы шапағат нұрын шашып, әркімнің жетістігін іштей бағалап әрі байсалды мінезбен ақырын ғана ықыласын, жанашыр ізгі тілегін  білдіруші еді. «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» – деген Гиппократтың анықтамасына жүз пайыз сәйкес келген біздің жарық жұлдызымыз  еді.
«Жақсының аты өлмейді» деген шындық шығар, сірә. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Өткен адам болады көзден таса, өлді, өшті оны ешкім ойламаса, ол кетсе де белгісі жоғалмайды, керектісін ескеріп ұмытпаса», – демекші, қазіргі уақытта барша Жәнтелі руының үрім-бұтағына, әсіресе қыз-келіншектерге, үлкен өнеге болып отырған ақ жаулықты Рауза аптайымыз  сүйікті атамыз жайлы «Жүрегімде жарқын бейнең» атты өзінің жүрекжарды естелік туындысын баспадан шығарып, әрқайсымызға сыйға тартты. Аптайымыздың осындай ізгі ісі үшін барша әулетіміздің атынан мың да бір алғысымызды айта отырып, осы әулеттің шежіресін, тарихын ұрпақтан ұрпаққа паш етіп жүрген асыл жанға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз. Тәтеміздің өмірлік жолы, жеткен жетістіктері болашақ ұрпақтары үшін үлкен мақтаныш пен үлгі-өнеге болатынына сенеміз. Оқыған дұғамыз қабыл болып, тәтеміздің жаны жұмақта болғай!

Сағынышпен еске алушы барша Қасымовтар әулетінің атынан
Сандуғаш Кенжебекқызы.

P.S. Өмірбек Бәйкеновтың жылдық асы Көкшетау қаласындағы «Меруерт» мейрамханасында қазан айының  21-і күні сағат 12.00-де өткізіледі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар