Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жетігенмен шертеді жүрек қылын... - АРҚА АЖАРЫ

Жетігенмен шертеді жүрек қылын…

Алма ағаштың гүліндей, бәйшешектің бүріндей құлпырған бұрымды қыздар жетігенмен халық әні Дударайды нақышына келтіріп орындап берді. Жетігеннен үзіліп жеткен мөлдір музыка сылдырлап аққан бұлақтай жаныңды кәусар сұлулыққа бөлесе, енді бірде сазынан сайын дала балқып, тау-тас күңіреніп кеткендей күй сезеді екенсің.

Талабы мол талантты ұл-қыздың өрісін ашып, өнерге баулитын облыс орталығындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің студенттерінен құралған «Жетіген» фольклорлық ансамблінің өнер өлкесіндегі алғашқы қадамы қуантады. Қыздармен жақынырақ танысып сөзге тартқанымызда да олардың бойынан ұлттық тәрбие мен адами асыл қасиеттер жарқырап тұрғандығын аңғарасыз. Ансамбль мүшесі Ғалия Жұмабай өнерпаздар отбасынан шыққан. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Уәлиханов ауданының Ақтүйесай дейтін ауылынан. Жастайынан қазақтың әндеріне қанып, уызынан жарып өскен бала. Сөз саптауынан, ой орамдарынан тәлімді тәрбие алған ибалы қыз екендігі аңғарылады. «Ауылдың алты аузы айтыла қалса, елең ете қалатынмын. Домбыраның қос ішегінен мөлдір музыка болып төгілген сыңғырлы әуезді әнге ынтызар көңіл мені өнер ордасына жетелеп әкелді. Арман арқалап қалалы жерге өнер қуып келгенімде, мәдениет колледжінде ұлағатты ұстаздардан тәлім алып, ізденуден жалықпай, талпынып жүрген жайым бар. Бұл күнде мамандық таңдауға жаңылмағанымды сеземін һәм соған қуанамын», – дейді Ғалия ағынан жарылып.
Ал, Маржангүл Бекарыстанова болса шежірелі Ерейментаудағы Шәкей ауылының қызғалдағы. Мойылдай мөлдіреген қос жанары, беліне дейін төгілген толқынды қара шаштары бар сүйкімді қыз жетігенді жетік үйреніп, ертеңгі күні атадан мұра болған ұлттық аспаптың ғажап үнін кейінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізсем деген ұлы мұратты ұстанған. Қызға тән ерке назды қылығымен баурап алатын Ақерке Қалымтаева зергер зерлегендей зерлі Зерендінің Қызылсая ауылында дүние есігін ашқан. Талабы мол талантты Ақерке жастайынан өнерге қызығушылық танытып, болашақта қазақ өнерін насихаттасам ба дейді.
– Бізді музыка әлеміне жетелеп, өнерге бау-
лып, тәрбиелеп жүрген жетекшіміз Әйгерім Дөкетбаеваға айтар алғысымыз шексіз. Алар асуымыз алда деп ойлаймын. Басты мақсат – өзіміздің жүрегімізбен қалап түскен мамандықты жете меңгеріп, ертеңгі күні көнеден қалған қоңыр үнді саф, таза күйінде кейінгіге жеткізу, деп соңғы сөзін екпін түсіре айтқан бойжеткен қыздың арманы асқақ екенін байқадық.
Ұлы мақсатты мұрат етуді әркімге жазбаған. Ол үшін үлкен жүрек керек! Олай болса, жүректерінде өнерге деген ынтызар сезім, ұлы махаббат ұялаған өрімтал қыздарға өнердің биігін бағындыруды біз де шын жүректен тілейміз.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар