Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Степногорск: қиын мәселенің бірі – пәтер - АРҚА АЖАРЫ

Степногорск: қиын мәселенің бірі – пәтер

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Степногорск қаласында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысты, сондай-ақ, қала әкімінің тұрғындармен өткен есеп беру кездесуінде сөйлеген сөзінде тұрғын үй құрылысын жандандыруды тапсырды.

Облыста өндірісі өрге басқан шаһарлардың бірі – Степногорск. Еліміздегі моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасына енген Степногорск қаласының бүгіндері екінші тынысы ашылып отырған жайы бар. Қазіргі кезде, осында шоғырланған өндіріс ошақтарының жұмысы да қарқын ала бастады. Өңір басшысы алдымен қаланың іргесіндегі «Оқжетпес» стадионының жұмысымен танысты. Қазіргі кезде аталған нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2014 жылы мұнда жасөспірімдер арасында футболдан 2 республикалық, 2 облыстық турнир және өзге де спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды.
Биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстан Республикасының премьер лигасында өнер көрсететін Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы алғашқы ойындарын осында өткізуді жоспарлап отырған көрінеді. Сол себепті, жөндеу жұмыстарын ақпан айының соңына дейін тездетіп тапсыру көзделген. Ал, Бөгенбай батыр атындағы  дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернатында болғанында жас буынды тәрбиелеу ісімен, алдағы бағыт-бағдарларымен танысты. Біліктілер мен мықтылар мекенінде өңірдің әр түкпірінен қабылданған 230-ға жуық балғын шеберліктерін шыңдап, білімдерін жалғастыруда. Балғындар тәрбиесіне білікті ұстаздар тартылған. Жалпы орта біліммен бірге спорттың тоғыз түрінен дайындық жүргізіледі. Бес кабинетте балалар денсаулығы бақылауға алынған. Он бес жылдың ішінде бұл білім және спорт шаңырағында күрестен еліміздің  бірнеше чемпиондары дайындалған. Олардың арасында Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері,  ауыр атлетші Ирина Некрасова және осы спорт түрінен тағы  бір жарық жұлдызымыз Анна Нұрмұхаметова бар.
Бұдан кейін өңір басшысы «Astana-Nan Chemikals», «Степногорск гидрометаллургиялық зауыты»  және «Құнарлы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болды. «Құнарлы» серіктестігі елімізге гүл атасы – раушан гүлін өсірумен танымал. Бүгінгі күні мұндағы жылыжайда голландтық технология бойынша раушан гүлінің бірнеше түрі өсіріліп, саудаға шығарылуда. Серіктестіктің бас директоры Фатима Ілиясова гүл өсіру технологиясымен бөлісті. Оның айтуынша, бұл голландтық технология мейлінше аз аумақтан мол өнім жинауға негізделген.
– Көшеттерді минералды талшық матаға отырғызамыз. Оның артықшылығы өскін тамырындағы өзгерістерді толық бақылауда ұстап, оның жедел жетілуіне қатысты амал-тәсілдерді тез анықтап, қолдануға мүмкіндік беруінде. Судың өзін әуелі тазартып, сосын жаңбырлатып емес, тамшылатып суарылады. Жылыжайда қыс айларындағы Арқаның 40 градус аязына қарамастан жыл бойы үзіліссіз өнім алынуда. Осы бағытта 60 адам еңбек етуде. Бүгінгі таңда тәулігіне 12 мың гүл алып отырмыз. Өнімді еліміздің барлық өңірлерімен қатар, көрші Ресейдің Омбы және Новосібір қалаларына шығарамыз. Ол жақта біздің раушан гүлдерге сұраныс жоғары. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыру жоспарда бар,–дейді Фатима  Ілиясова.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин қала әкімінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беру кездесуіне қатысып, өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алдағы міндеттерді белгіледі. Әсіресе, облыс әкімі қаланың дамуын моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберімен шектеліп қалмай, алдағы уақытта тұрғын үй құрылысын қолға алуды тапсырды. Қала әкімінің айтуынша, қазірдің өзінде 900-ге жуық адам үй кезегінде тұрған көрінеді. Әсіресе, облыс әкімі осында қаңырап, бос тұрған ғимараттарды жөндеп, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне беру мәселесін де көтерді. Өнеркәсіптік қалада қайта өңдеу саласы ақсап тұрған көрінеді. Осы орайда, облыс әкімі Сергей Кулагин ет, сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу арқылы шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырды. Кездесу соңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан тұрғындарды облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Аслан ОСПАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар