Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Домбырашы Юра! - АРҚА АЖАРЫ

Домбырашы Юра!

Сахна төрінде қаршығадай түйілген нәзік бітімді, қағылез, сары бала. Зал толы күй әлдиімен толқыған, көз алдарына Сарыарқаның сайын даласын, сайын даладағы көкорай жасыл шалғынды, сарқырап аққан бұлақты, үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдерді елестетіп, беріле тыңдап отырған қауымды елер емес. Өзі де сахна төрінде отырғанын ұмытқандай. Оң қолдың бес саусағы екі ішектің үстінде алма-кезек жосыла құйқылжиды. Мың сан дыбыс. Домбыраның шанағынан төгілген сиқырлы үн кең залдың ішін кернеп кеткен.

Аман бол, сырлы, жырлы мекен. Қайда жүрсең де, мынау әлемнің қай пұшпағын жайласам да көкірегімде сенің бейнең, сенің сұлу суретің мәңгілік бірге жүрер-ау. Шетсіз, шексіз дала, аяулы мекен, сенің төсіңде жайламаған жан бар ма екен. Мынау көз жанары жетпес жазира әлемде кімдер мекен етпеген. Сыймай бара жатқан, сыя алмай бара жатқан мен ғана шығармын. Хош бол, қайтып көргенше. Сенің жомарт төсіңде тағы бір тыныстап, саумалдай мөлдір ауаңды көкірегімнің құмары қанғанша жұта алар ма екенмін. Дархан даланың төсіндегі мың сан шөптің үздіге сыбырласқан сыбдырын естіп, анау қалың орманның жапырағының жамырағанына құлағымды тосар ма едім. Тостағандай күміс көлдің майда толқындарының бірін-бірі қуалай ойнап, бұлықси бұлқынғанын жанарымен аймалап, сылқылдай күлген сәтін күй тіліне көшірер кезең енді қайтып болар ма екен. Күй тілі осылай сөйлейді. Туған жердің қадірін білуге үндейді. Оттай ыстық демі үздігіп шығатын тәрізді, әлде құмығып тұрған домбыраның үні ме екен.
Күй атасы Құрманғазы. Құрманғазы атасының «Сарыарқа» күйін облыс орталығындағы №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Юрий Кочетыгов нәшіне келтіріп орындап берді. Юра бесінші сыныптан бастап музыка мектебінде оқиды. Дәулескер домбырашы Серік Сәрсенбаевтың шәкірті. Алдымен қалалық байқауларда топ жарды, кейін облыстық сайыстарда көрінді. Астана қаласында 2016 жылдың желтоқсан айында өткізілген «Мерейлі Астана» халықаралық байқауында төртінші орын алды. Бұл жолы Тәттімбеттің «Қосбасарының» бірінші түрін тартқан. Петропавл қаласында өткен аймақаралық сайыста жүлделі екінші орынды иеленді. Онда күй атасы Құрманғазының «Ақсақ киігін» орындаған.
–Юра өте тәрбиелі, дарынды бала,–дейді сынып жетекшісі Бақытжан Біләлова,–мен өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Тілді де, әдебиетті де сүйіп оқиды. Бәрінен бұрын мінезінің сынықтығын айтсаңызшы. Былтыр өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген республикалық тіл олимпиадасында облыс намысын қорғаған үш оқушының қатарында барып, екінші орын иеленді. Ол жолы айтылым, жазылым, тыңдалым тәрізді талаптар қойылған болатын. Өз ойын айшықты, анық жеткізген кезде дарынды оқушымның ішкі жан дүниесі, тіл байлығы мөлдіреп көрініп тұрды.
Сынып жетекшісінің айтуына қарағанда, Юра алғашқы тоқсанды үздік бітірген. Жалғыз тіл мен әдебиеттен ғана емес, барлық пәннен үздік. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын дарынды оқушы өзінің сабақтағы жетістігімен ғана емес, өнердегі қол жеткен табыстарымен де өзге құрбыларына үлгі-өнеге болып жүр.
–Қазақстанда тұрған соң жергілікті ұлт тілін білу міндет,–дейді Юраның анасы Олеся,–жолдасым Илья екеуіміз отбасында ақылдаса келе, ұлымызды таза қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін мектепке беруді жөн көрдік. Қазір екі тілде бірдей сөйлейді. Меніңше, қазақ тілі басымдау тәрізді. Өзім қазақ тілінде ақырын сөйлесе анық түсіне аламын. Бәрін болмағанымен, біраз сөздерді айта аламын. Тілді жақсы білмеген соң сабағына көмектесе алмайсың ғой. Қалай болар екен деп қобалжығанымыз рас, бірақ, Юра өзінің бойындағы табиғи қабілетімен тез игеріп кетті. Злата есімді қызымыз осы мектептің екінші сыныбында оқиды. Ол да ағасы тәрізді өнерге жақындау. Ән салады, музыка мектебінің бірінші сынып оқушысы. Қазір флейтамен әуестеніп жүр. Мен өзім кәсіби музыкант болмағаныммен, гитара тартамын. Юра алғашқыда гитараға қызыққан. Тәп-тәуір тартып жүрді. Кейін домбыраға
ауысты. Негізінде ешкімді зорлап, өнерге бауыр бастыра алмайсың. Өнер талап еткеніңмен, еріксіз үйреткеніңмен қонбайды. Ең бастысы, баланың өзінің ынтасы болуы керек. Юра қазір домбыраны жатарда басына қойып жатады. Осыдан-ақ қазақтың қасиетті аспабына деген сүйіспеншілігін ұғуға болады емес пе?
Шынында да, домбыраның қос ішегінен күмбірлете күй төгетін Юраның бүгінде репертуары кеңейе түскен. Әсіресе, жанына жақыны алапат ақ бас толқындары аспанға атқан теңіздей буырқанып, бусанып жататын өр мінезді «Адай», сырлы да сыршыл үнімен тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырып, баурап алатын «Балбырауын», көңілдің нәзік сезімдерін көктемнің ақ нөсер жауынындай шайып тазартатын «Көңілашар». Міне, осылай кете береді.
Көп күйдің авторларын, шығу тарихын, мазмұнын оқып үйренуде. Бұл да бір керек дүние. Шындығын айтқанда қазір көп адам күйді әсем дыбыстардың жиынтығы ретінде қабылдайды. Юраның айтуына қарағанда, домбырашының негізгі міндеті күй әуеніне қиянат жасамай, мән-мазмұнын толық жеткізу. Ал, қайсыбір домбырашылардың күй тартып отырып, ел назарын өзіне аудару үшін сағақты бойлай, шанақты соққылап, артық қимыл жасауы қажет емес дүние.
–Юра менің класыма келгенде, өз ықыласымен келді,–дейді музыка мектебінің оқытушысы Серік Сәрсенбаев,–менің класымда Байғабыл Әлішер дейтін №3 орта мектептің оқушысы оқитын. Юра екеуі бір партада отырады екен. Әуелі құрбысының домбыра туралы әңгімесіне құлақ түрген. Содан барып қызығушылық пайда болған. Әлгі жас баланың көкірегіндегі қазақтың қасиетті домбырасына деген қызығушылық жетектеп бізге әкелген ғой. Қазір тәп-тәуір домбырашы болып қалыптасып келеді. Ынта-ықыласы жақсы, қабілеті де. Айтқаныңды бірден қағып алады. Жақсы домбырашы болу үшін құйма құлақ болу шарт. Юраның бойында музыкалық қабілет өте күшті.
Бүгінгі таңда өзіміздің мәңгілік мәдени мұрамыз күй өнерінен алыстап бара жатқанымыз да шындық. Арыдағы ата-бабадан қанымызға сіңген күй өнерін батыстың ойсыз, даңғаза, дабыра өнері ығыстыра бастады. Мәселен, қазіргі жастардың арнайы мәдени шаралардан басқа бастары қосылған жерде, айталық, той-думанда сүйсініп күй тыңдағанын көргеніңіз бар ма. Ілкі замандағы Қорқыт бабамыздың дәуірінен бері алты Алаштың жан серігі болып қуанышы мен ренішін, арманы мен мұңын жеткізіп келе жатқан күй өнерінің дәл осылай күйкі жағдайға ұшыраған кезі бола қойған жоқ шығар. Енді осы бір өз қазағымыздың жастарының қайсыбірі мұрнын шүйіре қарайтын домбыраға Юралардың құмартуы, көңілі құлай сүйіп, шексіз берілуі көңіліңді қанаттандырмай ма.
Әншейінде қағылез көрінетін Юра тағы да күй тартып отыр. Бұл жолы салтанатты күй. Кең залды кернеген әдемі рәуішті күй ел болашағын, оның кемел келешегін сипаттайды. Міне, тұтас елдің бейнесі бедерлі биік кейіпте асқақтап барады. Зәу биікке. Елімізді де, еліміздің бір перзенті домбырашы Юраны да сол биіктен көргіміз келіп кетті.
Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар