Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кембридж жобасы – оқытудың жаңа нұсқасы - АРҚА АЖАРЫ

Кембридж жобасы – оқытудың жаңа нұсқасы

Қазақ балаларының дауысы сыңғырлап, үні естілген білім ордасында поляк қызы Анастасия Сламинскаяның ана тілімізде амандық сұрасқаны жылылықтың шуағын шашып тұрғандай көрінді. Кезінде қазағынан орысы көп бұл ауданның орталығында мемлекеттік тілде білім ордасы мүлде болмаған екен. Осындағы қазақ мектебінің ашылуы тәуелсіздіктің жемісі екенін жоққа шығара алмасақ керек.

Өз қаракөздерімізді былай қойып, жаңағы поляк қызының қазақша тіл сындырғаны да мемлекеттік тілге деген құрметтің бір көрінісі деп қабылдадық.
Білім ордасының табалдырығын аттамай жатып, алдымызды ораған Анастасия Сламинскаяның  қазақ қыздарымен жұп жалғап, «Сәлеметсіздер ме?» дегені бізді шынымен үлкен ойға жетеледі.
Өзгені былай қойып, өз қазағымыздың да өзге тілде шүлдірлеп жүргенін несіне жасырамыз. Өзгенің қабағына қараймын деп жүріп, өзіңді өзектен тепкен мұндай оқиғалар аз дейсіз бе?! Ендеше, поляк қызының  мемлекеттік тілге деген құштар көңілі  кім-кімге болсын үлгі-өнеге бола алар еді.
Міне, Астрахан ауданындағы №1 қазақ орта мектебіне бас сұққанымыздағы алғашқы әсеріміз осыдан бастау алды. Оны қойып, өз қаракөздеріміздің де ана тілінде сөйлескендері қалың қазақтың ортасында жүргендей көріністі көз алдымызға келтірді.
Мектеп тарихына да үңіліп көрдік. Қырқыншы жылдардың аяғында орыс мектебі болып ашылған бұл білім ордасының мемлекеттік тілде тәлім бере бастағанына үш-ақ жыл болған екен. Бірақ, осы аз ғана уақыт ішінде бұл мектеп көп жетістіктерге жеткен сияқты. «Біздерде мынадай бар» деп, толымды табыстары жайлы әңгіме өрбіткен мектеп директоры Сәуле Балабаева білім байқауларынан жүлделі оралған шәкірттерінің аттарын да ауызға алды. Мысалы, жаңағы Анастасия Сламинская «Қазақстан – бақытымның ордасы» атты облыстық байқауда бас жүлдені иеленген екен.
– Анастасия өте зерек, алғыр оқушы, – деді ол. – Сабақты да жақсы оқиды, мектептің қоғамдық өміріне де белсене атсалысады. Ал, Жанбота Серікова, Үнзила Дәулетова және Бақытжан Қожабай сынды оқушыларымыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған байқаудың облыстық кезеңінде  сынаққа түсіп, соңғысы екінші кезеңге жолдама алды. Сөйтіп, Бақытжан Қожабай Теміртау қаласында өткен екінші кезеңде министрліктің арнайы сертификаты мен бағалы сыйлығын иеленді.
Мектепте мұндай талантты оқушылар көп екендігін байқадық. Үшінші сынып оқушысы Серік Асанов өзінің жастығына қарамастан, «Зерде» облыстық ғылыми жоба байқауында қола жүлдегер атаныпты.
Жалпы, бұл мектепте 357 оқушы тәлім алса, оларға 36 ұстаз білім береді екен. Мектеп басшысы жас мамандарға ерекше қолдау көрсетілетінін де жасырмай, үш жас ұстазға үй алуға жеңілдетілген несие берілгенін айтты.
Әрине, бұл білім ошағының  басқа мектептерден еш айырмашылығы жоқ.  Балалар да сол, ұстаздар да өз ісін жетік меңгерген жандар. Бірақ, біздің назарымызды аударған жай,  мұнда білім осы заманғы талаптарға сай жүргізілетіні дер едік. Кембридж бағдарламасы білім берудің негізгі өзегіне айналғандай. Мектеп директорынан да осыны тәптіштеп сұрап білдік.
– Қазір Кембридж бағдарламасымен оқыту деңгейі мектебімізде 47 пайызды құрайды. Оқытушыларымыздың дені осы жоба бойынша біліктіліктерін жетілдіріп қайтты. Өзім де осы жүйемен оқытудың жай-жапсарына қанығып, білім алып келдім, – дейді ол.
Шыны керек, қазір елімізде білім берудің небір жаңа жобаларын жүзеге асыру қолға алынуда. Мұның барлығы ертеңгі болашағымыз – балаларымыздың заман талабына сай білімді болуы үшін жасалып жатқан қам-қарекеттер. Ал, Кембридж бағдарламасы баланың ойлау қабілетін арттыруға мол ықпал етеді. Ол жайлы Сәуле Балабаева өз ойын былай ұштады:
– Бұрынғы білім жүйесі бойынша 45 минуттық сабақта негізінен мұғалімдер көбірек сөйлейтін. Мына жаңа бағдарламада балалар танымын жоғарылатып, ойлау қабілетін арттырудың амалдары жасалады. Топ-топқа бөлінген оқушылар сөйлеу тілін дамытады. Ұстаздың айтуынсыз-ақ өздері тақырыпты түсінуге  тырысады.
Бір жағынан балалар өздерін қалай бағалау керектігіне де машықтанады. Ертең азамат болып қалыптасуында мұндай жүйенің берері де көп. Көбіне балалар сабақта өзімен-өзі болып, тақырыптан да сырт қалатынын несіне жасырамыз. Осы тұрғыдан алғанда  жаңа жоба ұстаз, оқушы және ата-ана байланысын жақсарта түседі…
Ендігі жерде ата-аналар да үйде отырып, ғаламтормен бала білімін электронды журнал арқылы қадағалау мүмкіндігіне ие болады. Себебі, журналдар одан әрі  жазбаша емес, компьютер арқылы толтырылады. Осының бәрі елімізде әлемдік талаптарға лайық білім беруге деген ұмтылысты көрсетеді.
Мектеп басшысы бұл жобаны айтып отырып, қазіргі ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесіне де тоқталып өтті. Көп білім ошақтарында бұл тестілеу бәсекеге ұласқанын да жасырмайды. Шынында, қала мектептерінде тоғызыншы сыныптан кейін нашар оқитын балаларды колледжге жіберу үрдісі  бар. Ондағы ой, ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде мұндай балалар мектептің білім көрсеткішінің төмендеуіне әсерін тигізбесе деген пендешілік. Осылай тоғызыншы сыныпта нашар оқитындарды  бір «тазалап» алатын қала мектептері ең соңғы сыныпта тағы тестілеуге қатыспайтындарды сүзгіден өткізеді.
Тестілеуде ауылдық жердің мектептеріндегі көрсеткіш неліктен төмен болады деген сауалдың астарында осы жайлар жатқанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Мұнымен іс бітсе ғой. Сонда біз бұл қалпымызбен қайда барар екенбіз?! Министрліктегілер де жаңалықтарды енгізуге әуес болғанша, сапалы білім берудің басқа тетіктерін қарастырғаны абзал болар еді. Тесті жаттаған емес, кітапты оқыған оқушының мерейі үстем болуы керек қой. Жақсы оқыған бала сүрініп, нашар оқығанның  «бағы» жанғанының да талай куәсі болып жүрміз.
Бұл мектепте керісінше жақсы оқитын балалар тоғызыншы сыныптан кейін колледж-дерге кетіп жатыр. Себебі, мұндай тестілеудің машақатынан жүрексінген ата-аналар балалары жоғары оқуға түсе алмай,  далада қалады деп ойлайды. Одан да колледжіне түсіп, бір мамандықты игеріп шыққанын қалайды. Бала сол колледжден кейін де кешенді тестілеуге қатысу мүмкіндігін иеленеді. Бағы жанса, жоғары оқуға да жолдама алады. Ал, сүрінсе, колледжден алған мамандығын місе тұтады.
Бұрындары керісінше нашар оқыған балалар колледждерге өздері кетуге ынталы еді. Қазіргі жағдайдың ауаны осылай өрбіп отырғанының әлгіндей себебі бар. Бірақ, талапты бала тасты да жарып шығатыны ақиқат.
Біздіңше, бұл білім ордасында бала санының осылай азаюының астарында басқа да жағдайлардың бар екенін байқадық. Аудан орталығындағы жалғыз қазақ мектебі болса да, қазақ ағайындар өз балаларын мұнда емес, орысша оқытатын білім ошақтарына сүйрелейді екен. Мұндайда  азат ел болдық қой. Енді несіне басқаға қарайлаймыз. Одан да еш қорықпай, сөзіміздің басында айтқан Анастасия Сламинская сияқты қазақ тілінің болашағы зор екендігінен үмітімізді үзбегеніміз дұрыс дегің-ақ келеді.
– Қазақ тілін үйренуге деген құштарлық мені биік мақсаттарға жетелейді. Тілді үйренуге сондай көп қажыр-қайраттың да керегі жоқ. Ең бастысы, адамда ынта-ықылас болса жетеді. Қазақ тілін үйренгенімді мақтан тұтамын, – деп ағынан жарылған Анастасия журналистік мамандыққа таңдау жасағанын айтты.
Біз де Анастасия қызымыздың қазақтың тілін құрмет тұтқанына іштей риза болдық. Кембридж бағдарламасы бойынша білім беріп жатқан қазақ мектебінің өнегелі ісі  басқаларға да ой салар деген оймен білім ордасынан ұзай бердік.

Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар