Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қиындықтар сәтті еңсерілетін болады - АРҚА АЖАРЫ

Қиындықтар сәтті еңсерілетін болады

 

Өткен сәрсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы болып өтті. Үкімет мүшелері, ведомстволар басшылары, әкімдер қатысқан отырыста осы жылға және орта мерзімді перспективаға арналған экономикалық саясаттың нақты шаралары белгіленді.

 

Отырыста Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев, Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев, Инвестиция және даму министрі Ә.Исекешев, Энергетика министрі В.Школьник, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Алматы қаласының әкімі А.Есімов, Атырау облысының әкімі Б.Ізмұханбетов, Павлодар облысының әкімі Қ.Бозымбаев, Алматы облысының әкімі А.Баталов өткен жылдың қорытындылары мен 2015 жылға арналған жоспарлар жөнінде баяндамалар жасады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазіргі уақытта елге жаңа жағдайға бейімделу керек болатынын, ол үшін экономикалық және заңнамалық сипаттағы жедел шаралар қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Үкіметтің, Ұлттық банктің және әкімдердің алдына бірқатар міндет қойды. Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын құратын «Нұрлы жол» бағдарламасы дағдарысқа қарсы тиімді құрал болып саналатынына назар аударды.
– Бағдарлама Астанадан «шұғыла қағидаты бойынша» тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. Ұлттық қордан 2015-2017 жылдары 500 миллиард теңге бөлінеді, соның 180 миллиард теңгесі биыл пайдаланылады, – деді осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы бұл қаражат өңірлерде уақытылы игерілуі тиістігін айтты.
– Барлық жобаларды осы айдан бастап қаржыландыруды тапсырамын, өйткені, бұл біздің компанияларымыздың өнімдеріне ішкі сұранысты қамтамасыз етеді, – деді Қазақстан Республикасының Президенті. Елбасы қазіргі экономикалық ахуалды ескеріп, «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы жаңа шаралармен толықтыру арқылы қолдау шараларының аясын кеңейткен жөн екендігін атап өтті.  Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бюджет шығыстарын оңтайландыруды дағдарысқа қарсы шаралардың негізгі элементтерінің бірі ретінде атады.
– Басталған жобаларды аяғына дейін жеткізіп, жаңа  бастамаларды, ұсыныстарды жағдай жақсарғанға дейін шегере тұрамыз. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты. Үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджетті 700 миллиард теңгеге  немесе шығыстардың жалпы көлемінің 10 пайызына дейін қысқартуды тапсырамын. Бұл ретте мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері еш өзгеріссіз қалуы тиіс. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының және аудандардың әкімдері де қатаң бюджет саясатын жүргізуі керек, – дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев әр өңірде жұмыспен қамтылуға ықпал ету бағдарламалары әзірленуі тиістігін айтты. Сондай-ақ, тиімділігі дәлелденген жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі жол картасын сақтаудың қажеттігі атап өтілді. Атап айтқанда, осы бағдарлама аясында 2011-2014 жылдар аралығында 260 мың адам жұмысқа орналастырылды, 120 мың адам оқуға тартылды.
Мемлекет басшысы еңбек дауларын дер кезінде шешу ісінің маңыздылығына назар аударды. Осыған байланысты әкімдерге ірі кәсіпорындармен меморандум жасау және босаған жұмысшыларды жұмысқа орналас-тыру мәселесін шешу тапсырылды. Бұдан әрі Елбасы  білім беруді және денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне тоқталды.
– Бұл – болашақ экономикалық өсімге негіз қалауға мүмкіндік беретін адам капиталына салынатын ұзақмерзімді инвестиция. Білім беру саласында «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруды, орта білім бойынша жан басына қаржыландыру тәртібіне көшуді және 12 жылдық білім беру моделіне біртіндеп өтуді жалғастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Индус-трияландыру картасы жобаларын жүзеге асырудың жалғасатынын айтты, оның аясында сомасы 600 миллиард теңгеден асатын, 7,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін 75-тей жобаны іске қосу жоспарланған. Үкімет Өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау жөніндегі іс-шаралардың 2015 жылға арналған жос-парын қабылдады. Елбасы сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында  отандық құрылыс материалдарын өндірушілерге жұмыс жүктеудің зор мүмкіндіктері бар екенін еске салды.
– Тиісті меморандумдар бекіте отырып, қазақстандық қамту жөніндегі форумдар өткізу тәжірибесін қайта жаңғырту керек. Барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін «Қазақстанда жасалған» акциясын бастаймыз. Облыс әкімдері мұны қадағалап отыруы керек. Барша азаматтарға осы күрделі жағдайда патриот болып, қазақстандық өнімді сатып алу жөнінде сөз арнаймыз, – деген Мемлекет басшысы бүгінде Ресей рублінің әлсіреуі мен ресейлік тауарлар  қысымының артуы жағдайында отандық өндірушілерге оның зияны тиіп жатқанына назар аударды.
– Мұның Еуразиялық экономикалық одақпен еш байланысы жоқ.  Біз бір бөлшегі болып саналатын әлемдік нарықтық экономикада мұндай ауытқулар болып тұрады. Бұл уақытша жағдай, оның шешімі табылады. Ресейде сұраныстың азаюы – Қазақстан экспортын әртараптандыру жұмысын күшейтуге ынталандырады. Сонымен қатар, арзандаған  энергия ресурстары, құрамдас және қосалқы бөлшектер – өзге секторлар үшін игілік болып саналады. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін осы мүмкіндікті пайдалану керек, – деді бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемдік экономикадағы жаңа жағдайларды ескере келгенде, негізгі бағыт ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлік өнеркәсібін дамыту болып саналатынын атап өтті. Бұл ретте Үкіметке 2013-2014 жылдары қолға алынған және бүгінде жалпы қарызы 313 миллиард теңге болатын  292 кәсіпорынды қамтып отырған АӨК нысандарын қаржылық сауықтыру жұмысын жалғастыру тапсырылды. Зор мүдделіліктің бар екені ескеріліп,  оның көлемі  500 миллиард теңгеге дейін жеткізілетін болады. Бизнесті дамыту үшін теңдессіз жағдайлар жасалды, соның ішінде жоспарлы тексерістер толығымен  тоқтатылып, әртүрлі рұқсаттамалар азайтылды.
Мемлекет басшысы мұнайға төмен бағаның қалыптасуы мен экономикалық өсімнің баяулауы жағдайындағы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету Ұлттық банктің басым міндеті екенін атады.
– Ұлттық банкке сенбейтіндей менде еш негіз жоқ. Мен өткен жолы да ескерткен болатынмын, қазіргі өткір кезеңде түрлі арандатулар, өсек-аяңдар, пәлеқорлықтың барлығы пайда әкелмейді. Біз оларды жауапкершілікке тартуымыз керек. Мен тағы да Қазақстан халқына жария етемін: біз ештеңені де жасырмаймыз. Қиындықтар болса, халықпен бірге көреміз және алда туындайтын мәселені ашық айтамыз, – деген Президент  Ұлттық банк төрағасы теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу бағытындағы қабылданып жатқан шаралар жайында баяндағанын атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы түрлі алыпқашпа әңгімелерге емес, ресми тұлғалардың мәліметіне сенім арту керектігін айтты. Сондай-ақ, Елбасы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу, экономиканың нақты секторын қаржылық ресурстармен қамту Ұлттық банктің бірінші кезектегі мақсаты екенін қадап айтты.
– Мен құрған комиссия қаражат жұмсалуының ашық болуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отырады. Әрбір теңгеге деген сұраныс қатаң болады. Барлық деңгейдегі әкімдерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» партиясы бұл жұмысқа белсене атсалысып, қатаң партиялық бақылау орнатуы қажет. Ешқандай ысырапшылдыққа жол берілмеуге тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы бизнеске айналмауы керек. Мемлекеттік қаржыны фирмаларға, өздерінің таныстарына, достарына және туысқандарына шашуларына жол бермеу керек. Өкінішке орай, облыстың үш әкіміне қатысты дәл осы себеппен тергеу амалдары жүргізілді. Сонымен қатар, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, – деді Елбасы. Бүгінде атқарушы биліктен халық нақты әрі тиімді істерді күтіп тұрғанына тоқталған Елбасы әкімдер халыққа жақын болуы керек, өңірлердегі мәселелерді шешуге білек сыбана кірісулері қажет екенін тапсырды.
Сондай-ақ, Үкіметке бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған шығындарды қысқарту мәселесін қарастырғаны жөн екендігін еске салды. Бұл ретте мерейтойларды және оған кететін бюджет қаражатын қысқарту керек.
– Бізде мерейтой жалпыға ортақ сүйікті іс болып отыр. Мерейтой қайда болса, бәрі сонда. Жиындарға қатысу, банкеттерде отыру, осылай жалғаса береді. Әлемнің қай жерінде біз сияқты мерейтой өткізеді? Ұлы даталарды атап өтіп, баспасөзде, телеарналарда, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда айту керек. Ал, дүркіретіп той ұйымдастыру, айдалада мыңдаған киіз үй тігу мерейтой иесіне не берерін айтыңдаршы маған? – деп бір түйді Елбасы. Мерейтойды туған-туысы, демеушілер өткізсін. Менің қарсылығым жоқ. Бірақ, тек мемлекеттің қаржысына емес. Мегажобалар, түрлi өткiзiлiп жатқан мерейтойларды қысқартып, балаларды дұрыстап оқытып, емдеу қажет, – деді Мемлекет басшысы. Осы мәселені қадағалауды Вице-премьер Бердібек Сапарбаевқа тапсырды.
Мемлекет басшысы жиын соңында біздің еліміздің барлық қиындықтарды сәтті еңсеретініне сенімді екенін және бұл қиындықтарды түбегейлі жеңіп шығуға мүмкіндік беретін барлық қажетті ресурстардың қолда бар екенін ерекше атап өтті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар