Отбасы – әр адамның шағын отаны. Отбасы деген келешек ұрпақты жалғастыратын болашақ, әрі бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік. Сондықтан да, жас баланың дамуында ата-ананың орны ерекше. Отбасының аса маңызды әлеуметтік қызметтері – азамат тәрбиелеу, болашақ мемлекет заңдарын мойындап, құқықтарын сауатты пайдалана білетін қоғам мүшесін жетілдіру. Адамның өміріндегі ең қуанышты қызық дәурені осы отбасында өтеді.
Ата-ана өздерінің негізгі борыштарын тәрбие жұмыстарын атқаруға кіріседі. Бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттерінің өзі ең алдымен дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер тағы басқа ізгі қасиеттерді сәби санасына сіңіру болып табылады. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей ата-ананың берген тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдыратынын ескерген жөн. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау, ата-ананың басты парызы. Кейбір ата-аналар өз перзенттерін шектен тыс еркелетіп, бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді. Ал, мұндай жай баланың бойында кері әсердің пайда болуына тікелей себеп болады. Бірақ, осындай ата-аналар өз кемшілігін сезініп, өздері мойындай бермейді. Бұл тәрізді жағдайлар аз да болса өмірде кездесіп тұратыны шындық. Баланы еркелетудің де жөні бар, негізі, мектепке дейінгі шақта көңіл бөліп, әдепті бала болуына ықпал жасауымыз қажет. Баланы сүю керек, бірақ, сүю мен еркелетудің үлкен айырмашылығы бар. Сондықтан, ата-аналар шектен тыс еркелетуден сақ болайық. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Әке-шешесін татулыққа, сыйластыққа, ынтымаққа шақыратын, жақындастыра түсетін – бала. Бала – әр отбасының бақыты.
Ғалима ОСИПОВА,
№15 «Әсел» балабақшасының тәрбиешісі.
Көкшетау қаласы.