Спортшы.Ұстаз. Ардагер

1927 жылы 18 сәуірде Володаровка өңірінде тұратын Иван Александрович Малахов пен Хиония Трифоновна Жирнованың отбасында маңдайы торсықтай ұл дүниеге келді. Ата-анасы ырымдап баланың есімін Геннадий деп қойған. Көне грек тілінде «қасиетті әулеттің бас-
талуы» деген ұғымды білдіретін бұл есімді ата-анасы ұлдарының үлкен әулеттің басы болатынына сенгендіктен қойған сияқты.

Әкесі Иван Александрович азамат және Ұлы Отан соғыстарына қатысқан соғыс ардагері. Ол 1941 жылы 22 маусымда соғыс басталысымен бірден майданға аттанды. 1944 жылы Витебск қаласын азат ету кезінде сол қолынан жарақат алып, туған еліне оралды. Әкесі көп жылдар бойы Сырымбет селосындағы балалар үйінде шаруашылық басқарушысы болса, анасы Хиония Трифоновна есепші болып қызмет етті.
– 1946 жылы әкеміз соғыстан оралған соң туған жеріміз Сырымбетке көшіп келдік. Әрине, қаншама шет жүрсең де туған топырағыңдай болмайды екен, – дейді ардагер. – Он бес жасымнан жұмысқа араластым, темір жол училищесін бітіріп, паровоздың от жағушысы болып жұмыс атқардым. 1947 жылы Армия қатарына шақыртылып, Самарқанд, Ташкент қаласында жаяу әскер училищесінде оқып, қызмет еттім. Әскер қатарында төрт жыл үш ай борышымды өтедім. Әскерде жиі-жиі күрестен жарыстар болып тұратын, сонда жүріп көптеген белдесулерге қатысып, шыңдалдым. Бірде Ташкент қаласында өткен жарыста жүлделі екінші орынға ие болдым. Қарсыласым А.Жуков деген балуан күрестің майын ішкен әккі екен, мол тәжірибесі арқылы шамалы басымдықпен жеңіске жетті. Балуандықта басты қағида ақылмен ойлау керек және үзбей жаттығу арқылы ғана жақсы нәтижеге жетесің.
Ол көбіне ауыр салмақты балуандармен боз кілемге шығып, күш сынасыпты. Салмағы сол кезде 90 келіден артық болыпты. «Спорттың арқасында тамаша адамдармен, спорт майталмандарымен таныстым. Еркін күресте небір айла тәсілді әсіресе, жамбасқа алуды оң, сол демей шебер қолдануды меңгердім, сол кезде ірі жарыстар, кездесулер көбіне классикалық тәсілде өтетін. Оны да тез арада меңгеріп алдым», – дейді ардагер.
1955-1956 жылдары Алматыда, Одессада, Ставропольде, Ленинград қалаларында өткен белдесулерге қатысады. 1956 жылы Мәскеу қаласында өткізілген «Урожай» бүкіл Одақтық жарысында барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, бірінші орынды еншілейді. «Спортты жастайымнан жақсы көрдім. Өз құрбыларыма қарағанда денем де ірі әрі қарулы болдым. Содан болар, күрес десе елеңдеп тұрамын, топқа түсіп күш сынасу қатты ұнайтын. Біздің тұқымымызда әкемнің бауырлары күш атасы болды, содан дарыған ба деп те ойлаймын», – дейді ол.
Ол 1953-1959 жылдары Воскресеновка селосында биология, дене тәрбиесінен сабақ береді. Содан кейін Зеренді мектебінде ұстаздық жолын жалғастырады. 1968 жылы Чаглинка селосында ашылған совхоз-техникумға спорттан сабақ беруге шақырылады. Сол жылдарда техникумда спорт секциясын ашып, күрестен оқушыларды балуандыққа шыңдайды. Оның бұл бастамасын сол кездегі директордың орынбасары Федор Пустоваров қатты қолдап, жыл сайын түрлі кездесулерге қатысқан оқу орнының спортшылары жақсы жетістіктерге жетеді. Шәкірттерінің арасында спорт шеберлері, балуандар Г.Новиков, А.Клевенко, Р.Уциев, Қ.Сапаров, А.Қалиев, Х.Мұхамбетов, Қ.Нұғыманов, ағайынды Сырскийлер, Ю.Перменев және басқалары болды. Олар әрқашан жарыс жеңімпаздарын сапынан көріне білді.
Геннадий Иванович бүгінде тоқсан жаста. Жасына қарамай, ол аяулы жары Валентина Петровнаға үй шаруашылығына көмектесіп, колледжде өткізілетін айтулы шараларға да қатысып тұрады. Ардагер жастармен жиі кездесіп, оларға өзінің спорттағы көрген-түйгендерін айтудан жалыққан емес.

Сайлау ЫБЫРАЕВ,
Шағалалы колледжінің бұрынғы оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар