Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған бойда қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялағаны баршамызға белгілі. Бірақ, өкінішке орай, мемлекеттік тілдің қолданылуы аясы әлі де тар. Құқық қорғау салаларындағы мемлекеттік тілдің қолданылу кеңістігіндегі кедергілер облыстық соттың төрағасы Досжан Әміровтің төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланды. Шараға Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының орынбасары Оразкүл Асанғазы қатысты.
Сөзімізді әріден бастасақ, Ата-Заңымыз – Конституцияның 7-бабының 1-ші бөлігінде мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп анық көрсетілген. Ал, осы бабтың 2-бөлігінде – мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатындығы да айтылған. Олай болса, орыс тілінің қолданылуын мұны егер қажеттілік туындаған жағдайда ғана ресми түрде қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады деп түсінгеніміз дұрыс. Ендеше, сот қана емес барлық мемлекеттік, құқық қорғау органдары осылай қабылдағанда ғана Конституциямыздың талаптары мүлтіксіз орындалады. ҚР «Тіл туралы» заңында және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте сот ісі және әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты істер бойынша іс жүргізу мемлекеттік тілде деп анық көрсетілгенімен, сот, ішкі істер басқа да құзырлы органдар шағымданушы келгенде орыс тілін білесіз бе деп, ресми түрде қажет болғанда ғана қолдануға болатын бөтен тілде іс жүргізуге құштар. Олардың басым көпшілігі хаттамаларды, шағымдарды, тергеу жұмыстарын жүргізу кезінде мемлекеттік тілде іс жүргізуден гөрі орыс тілінде жүргізгенді жөн санайды. Себебі, онда дайын шаблондар бар, ал, қазақтың сөздерін өздері түсінбейді.
Облыста 2017 жылдың 11 айында 15424 әкімшілік іс түсіп, оның тек қана 943-і ғана қазақ тілінде екен, ал, 98-і қазақ тіліне соттың уәжді қаулысымен ауыстырылыпты, пайыздық көрсеткішпен айтатын болсақ, жаңағы жалпы істің тек 6,7 пайызы ғана мемлекеттік тілде. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 11 айы бойынша 35824 азаматтық іс түссе, оның небары 1671 ғана қазақ тілінде.
– Облысымызда мемлекеттік тілде сот істерін қарау көрсеткішінің мұндай төмен болуы арыздардың орыс тілінде жазылуынан, соған орай істердің сотқа орыс тілінде түсуі басты себеп болып отыр. Кейде арызды орыс тілінде жазған азаматтың сот процесінде орысшадан қазақшаға аударатын аудармашы талап ететіндігі кездесіп жатады. Оның мәнісі заңға шорқақ шағымданушы заңгерлерге арыз жазып беруін өтінеді, ал, мемлекеттік тілді білмейтін заңгерлер оны орыс тілінде жазып береді, –деді облыстық сот төрағасы Досжан Әміров.
Облысымызда осы көрсеткіштерге жүргізілген талдау нәтижесінде кейбір мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары істерді қазақ тілінде жүргізуге барлық мүмкіндік беріліп, жағдай жасалып жатса да, өздеріне қолайлы тілді таңдап, әрине орыс тілінде жүргізіп жатқандықтары анықталған. Сонымен бірге, ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабының талаптарында да іс қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізу қазақ тілімен қатар ресми түрде қажет болған жағдайда орыс тілінде, не басқа тілдерде жүргізіледі деп көрсетілген. Осы жылы 11 ай ішінде 2213 қылмыстық іс түссе, оның 64-і ғана мемлекеттік тілде. Осында жауапқа тартылғандардың 873-і, яғни, 41 пайызы қазақ ұлтының азаматтары, осылай бола тұра іс жүргізушілер тек қана 2,9 пайыз істі қазақ тілінде жүргізген. Жалпы, облыс бойынша қаралған 92 865 істің және материалдардың 2652-сі ғана қазақ тілінде қаралыпты. Мұндай көрсеткіштермен біздің қазақстандықтар 2025 жылға толық мемлекеттік тілде сөйлеп кетеді дегенге менің күмәнім көп. Егер тергеу мекемелері басшылары мен тергеушілер мемлекеттік тілге жанашырлық танытса, әр істі бастарда «қазақша білесіз бе?» деп, барлық іс түрін бабадан балаға мұра болып қалған қасиетті қазақ тілінде жүргізер еді ғой.
Осы қазақ тілінің сот істерін жүргізудегі рөліне, оның өзге тілде жүргізілуіне жол ашып отырған ішкі істер, прокуратура саласының қызметкерлері де баяндама жасады. Олардың баяндамалары мен есептеріне қарасаңыз, өтініш берушінің тіл таңдауына байланысты ғана орыс тілі қолданылады екен. Олар өз қызметкерлерінің қазақ тілін жетік білмегендіктен, қазақтан да, өзге ұлттан да тек орыс тілінде шағым қабылдап, немесе арыздарын өздері дайын үлгілер бо-
йынша орысша толтырып беріп жүргендіктері жайында бір де бір сөз қозғамады. Сонымен қатар, құзырлы органдардың шығыс және кіріс құжаттарының да мемлекеттік және орыс тілінде қатар жүргізілетіндіктері айтылды. Бірақ, шынын айту керек, бұл мекемелерге жолданатын кіріс және шығыс құжаттарының ілеспе хаттары ғана мемлекеттік тілде жолданып, ішіндегі негізгі құжаттар олардың тілімен айтқанда «ресми тілде» жолданады екен.
Ресми тіл дегеніміз белгілі бір мемлекеттің мемлекеттік тілі. Ендеше Қазақстандағы ресми тіл – қазақ тілі. Ал, облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасының бөлім бастығы полиция майоры Дулат Кенжесейітовтің айтып отырған ресми тілі – орыс тілі екен. Білдей бір құзырлы органда қызмет етіп жүрген өзіміздің азаматтардың осындай қисынсыз ойлары түсініксіз. Мұндай өрескелдікке шыдай алмаған Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Оразкүл Асанғазы әлгі қызметкердің тарапына сын айтты. «Дүниежүзінде 194 ресми тіл болса, соның бірі –Қазақстанның ресми тілі, яғни, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал, сіз қате қолданып отырған ресми тіл дегеніңіз орыс тілі емес. Заңда іс жүргізу барысында қажет болған жағдайда ғана ресми түрде орыс тілі не болмаса басқа тілдер қолданылады деп шегелеп көрсетілген» деп түсіндірді.
Міне, біздің мемлекеттік мекемелерде қызмет етіп жүрген азаматтарымыз осылайша ресми тіл деп орыс тілін өздеріне ыңғайлы болған соң бұрмалап алған. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын сот ісінде одан әрі кеңейту мақсатында ұйымдастырылған шара барысында қазақша ойлайтын мамандарды даярлау, орыс тілді мамандарға ертегілерден бастап, қазақтың ауыз әдебиетін оқыту, сол арқылы қазақша ойлауына жол ашу қажеттігі секілді ұсыныстар да айтылды.
Мемлекеттік тілдің сот кеңістігіндегі қолданылу аясын кеңейту жолында кездесіп жататын кедергілер тақырыбы шеңберінде өткен осы алқалы жиынға аудандық сот төрағалары, адвокаттар, заң қызметкерлері, облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары қатысып, өз салалары бойынша есеп берді.
Ырысалды Шамшиева.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.