Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбекте ер атанғандар, құрметтен кем қалмасын - АРҚА АЖАРЫ

Еңбекте ер атанғандар, құрметтен кем қалмасын

Біздің елде ежелден ел үшін аянбай тер төккен еңбек майталмандары мен кеудесін оқ пен отқа тосқан ержүрек батырлар ерекше құрметке ие болып келді. Қазір қарапайым еңбек адамдары, яғни, қатардағы механизаторлар мен малшылар арасынан шыққан жаңа Еңбек Ерлері жоқ. Ал, бұрынғы Социалистік Еңбек Ерлері мен жылдан-жылға азая түскен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әр кезде бірдей тиісті құрмет көрсете бермейміз. Олар көбіне 9 мамыр – Жеңіс күні мен Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнінде ғана есімізге түсіп жатады.

Осы арада өз өмірімнен бірнеше мысал келтіре кеткім келеді. Менің жасым қазір 80-де. Өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. Соңғы 28 жыл бойы зейнет демалысына шыққанға дейін Зеренді ауданы «Ленин жолы» кеңшарында директор болдым. Оның алдында 10 жыл бұрынғы Көкшетау облысының Келлеровка жөндеу зауытын басқардым. Биыл жазда аудандық «Зерделі Зеренді» газетінен осы басылымның редакторы Қайрат Қазиақпаровтың біздің ауданның Қараөзек ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысы мен Жапон соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Манаш Құлышевтің өмір және еңбек жолы туралы оқыдым. Бұл ақсақалды бұрыннан білуші едім. Манаш Құлышев еңбек еткен шаруашылықтың №2 бөлімшесі бір кезде мен бас инженер болып қызмет атқарған Чкалов жөндеу зауыты орналасқан Ясная Поляна селосынан 12 шақырым жерде тұрды. Мен ол кісімен жиі кездесіп жүрдім, үйінде де болғаным бар. Манаш ақсақал 1908 жылы Көкшетау уезінің жоғарыдағы Қараөзек ауылында дүниеге келген. Небары екі жасында әкесі қайтыс болады. Нәби Құлмағамбетов 30-ыншы жылдары бүкіл дүние-мүлкі тәркіленіп, халық жауы ретінде жер аударылады. Баласы Манаш екі інісімен бас сауғалап қашып, Көкшетау жылқы зауытына тап болады. Бастапқыда жылқышының көмекшісі болып істейді. Зауыт директоры Смирнов біреу-міреу жеткізіп қойса, өз басына төнетін қауіп-қатерге қарамастан, Манаштың тегін Құлышев деп өзгертуіне көмектесіп, қуғын-сүргіннен аман алып қалады.
Киров атындағы кеңшарға келіп, пана тапқан жас жігіт осында механизаторлар курсын бітірген соң, білек сыбана іске кіріседі. Сөйтіп, техника тілін жетік меңгеріп, таңдаулы еңбеккерлер қатарына қосылады. Алайда, бейбіт өмірдің шырқын сұм соғып бұзып, өзінің ЧТЗ-60 тракторымен 1941 жылдың тамызында майданға аттанады. «Трактормен соғыста не істедіңіз?» деп сұрадым бірде Манаш ағадан көңіліме келіп қалған сауалды іркіп қала алмай. Сөйтсек, ұрыс даласында тракторға да жұмыс аз болмаған екен. Манаш ағай онымен соғыс жүріп өткен жерлерді қираған техникадан тазартыпты. Мұның өзі әсте де оңай соқпаған. Сол жарамсыз әскери техниканы сүйреп шығарамын деп жүріп, минаға, жарылған снаряд пен борап тұрған оққа түсіп қалу да қиын емес еді. Бірақ, сол неміс фашистерімен және жапон империалистерімен болған соғыстан аман оралған Манаш Құлышевтің енді бейбіт өмірдегі өнегелі еңбек дастаны қайта басталады. Өзі үйренген комбайншы, тракторшы мамандықтарын одан әрі жете меңгеріп, жоғары еңбек көрсеткіштеріне жеткен ол сонымен бірге, 9 бала тәрбиелеп өсіріп, үлкен абырой биігінен көрінеді. Сол бөлімшеде Роман Алексеевич Бабки, Әшкен Мәдібаев сияқты механизаторлар да онымен тізе қосып, қатар еңбек ететін. Кейін бір шаруашылықтан осы үш еңбек озатына да КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен бір мезгілде Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Орақ пен Балға» алтын жұлдызы мен Ленин ордені қоса тапсырылады. Міне, адал еңбекті бағалау!
Өкінішке орай, адал еңбек ер атандырған Манаш ағамыз 1976 жылы, алпысқа толмай қайғылы жағдайда ерте көз жұмды. Соңында қалған ұрпақтары бұл күнде облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосында тұрады. Манаш ағаның ерлік еңбекке толы дәуірі туралы сол кезде Киров атындағы кеңшардың №2 бөлімшесін басқарған Сұлтан Махамбетов та ағынан жарыла айтып беруге бар.
Енді аз-мұз үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Иван Кожедубтың авиамеханигі болған жерлесіміз Мәдина Ысқақова туралы тоқтала кетсем деп едім. 2016 жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде әскери журналист Сапарғали Жағыпаровтың Мәскеуде «Красная Звезда» газетінің редакциясында осы даңқты ұшқышпен кездескендігі жайлы мақаласы шықты. Сол сұхбатта Батырдың айтуынша, оның әскери ұшағын әрбір ұрысқа өзінің көмекшілері Мәдина Ысқақова, Виктор Иванов және Мария Раздорская дайындап отырған екен. Олардың әрқайсысының өзінің тікелей міндеттері болған. Мәселен, Мәдина оттегімен тыныстау аппаратуралары, басқа навигациялық аспаптар мен байланыс құралдарының жұмысына жауап берген. Жалпы, Иван Кожедуб сол соғыс жылдары неміс-фашист басқыншыларына қарсы шайқаста 330 рет әуеге көтерілсе, соның әрбіреуінен аман оралуында және жау ұшақтарына қақырата соққы беруінде Мәдиналардың үлесі зор болған. Даңқты ұшқыш өз көмекшісін ұмытпаған екен. Онымен кездескісі келетінін айтып, жалынды сәлем жолдаған соң, журналист С.Жағыпаров туған жеріне келген бір демалысында Мәдина апайын іздеп барады. Бұл күтпеген хабар соғыс ардагерін ерекше толқытып, көзіне жас алдырған көрінеді.
Ал, енді осы Мәдина Ысқақованың өз еркімен майдан даласына сұрануының өзі бір ерлік. 8 сыныпты енді бітіргеніне қарамастан, қайта-қайта әскер қатарына сұранып болмайды. Солай өз табандылығының арқасында ақыры, соғысқа аттануына қол жеткізеді. Кемерово қаласында техник мамандар даярлайтын қысқа мерзімдік курсқа түсіп, оны бітірісімен И.Н.Кожедуб жетекшілік ететін 210 авиациялық истребитель полкына жолдама алады. Сөйтіп, Курск, Украина, Молдавия, Венгрия жерлерін жаудан азат етуге қатысып, соғысты Чехословакияда аяқтайды. Екінші Украин майданының құрамында Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысып, елге оралады. Бейбіт өмірде де қарап отырмай, он жыл бұрынғы Көкшетау облысының Володар, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылында сауыншы болған Мәдина Ысқақованың атымен Көкшетау қаласының бір көшесін атау жөнінде кезінде облыстық ардагерлер кеңесіне өз атымнан ұсыныс білдірген едім. Ол мәселе әлі күнге шешілер емес. Бұл орайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаев халқымыздың тарихын ешқашан ұмытпауымыз керектігі жөнінде баса айтумен келеді.
Бүгінгі таңда біздің облыс орталығында, өткен аптада ғана абыз ақсақалымыз Тұрлыбек Әбілпейісов өмірден өткеннен кейін, екі-ақ Социалистік Еңбек Ері қалды. Олар бұрынғы Көкшетау ауданындағы «Бұлақ» кеңшарының комбайншы-механизаторы Сартай Жұмағалиев пен бұрынғы Қызылту ауданындағы «Комсомолдың 50 жылдығы» кеңшарының трактор-егіс бригадасының бригадирі Есілбай Қадыралин. Социалистік Еңбек Ері атағы ешкімге де жайдан-жай беріле салмайды. Бір кезде ерен еңбектерімен есімдері Одаққа дейін тарап, бүкіл елдің атын шығарған осындай ерлерімізге құрметпен қарау, бір уақыт олардың жағдайына дұрыс көңіл бөлу басшылардың азаматтық парызы болса керек. Мәселен, жоғарыдағы есімдері аталған үш Социалистік Еңбек Ері де бертін ауыл-селолардың жағдайы қиындаған қысылтаяң кезеңде амалсыздан қалаға көшіп келді. Сол кезде олар пәтер мәселесімен еріксіз облыстың бұрынғы басшыларына барып жүрді. Бірақ, бұл бұйымтайлары ойдағыдай шешіле қойған жоқ. Сартай Жұмағалиев осының салдарынан әлі күнге ауылдық жерде тұрып, қаладағы өз үй кезегін тосуға мәжбүр. Сексендегі адамға кейде емханаға келіп көрінудің өзі оңай емес.
Ал, Ресейдің Омбы облысында осындай Социалистік Еңбек Ерлеріне қандай көңіл бөлінетінін бұрын сол маңда тұрған, қазір де байланысын үзбеген Есілбай Қадыралин жақсы біледі. Сол Ресейде зейнет жасына жеткен ұшқыштарға, одан кейін қайда, қандай жұмыста істесе де, зейнетақысына қосымша 14 мың рубль (біздіңше 70 мың теңге) ақша төленеді. Айталық, Көкшетау әуежайынан зейнеткерлікке шыққан менің таныстарым В.Петров пен Н.Денисенко ол жақта осындай өтемақыны ай сайын алып тұрады. Ал, Түмен облысының Қазан ауданындағы Благодатный селосында тыл еңбеккері болып саналатын тағы бір танысыма жергілікті әкімшілік арнайы үй салып берген. Бұған қоса, жетпіс жасқа толған ресейлік зейнеткерлердің ТМД-ының кез келген еліне пойызбен тегін жүруге құқығы бар.
Кезінде біздің Зеренді ауданында Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы үш адамға: Шағалалы совхоз-техникумының сауыншысы Фрида Гавриловна Литауға, осы шаруашылықтың шопаны Мәнтай Әлкебаевқа және Үлгілі ауылының трактор-егіс бригадасының бригадирі Ералы Бақтаевқа берілген болатын. Сондай-ақ, сол кезде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Баян Жаңғалов ағамыз Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды.
Мен тек Еңбек Ерлерін ғана айтып отырмын, ал, кешегі Кеңес Одағы кезінде адал еңбектің бәрінен де жоғары тұруынан озат атанып, орден және медальдармен марапатталғандар қаншама. Ең өкініштісі, олардың зейнетақысы бүгінде ең төменгі деңгейден – айына 28 мың теңгеден аспай отыр. Себебі, зейнеткерлікке шығардың алдында жұмыстың болмауынан бәрі де жұмыссыз қалғандар.
Осы күні мені «сондағыдай атақты еңбек адамдары қазір неге жоқ?» деген сауал толғандырады. Бар болса еңбектері бағаланып жүрген ондай жандар әр жерде некен-саяқ бар шығар, бірақ, баяғыдай қайдан болсын?!. Ұжымшарлар мен кеңшарларды таратып тындық, ауыл-селолардың көбі құлазып тұр. Жұмыс жоқ.
Кез келген мемлекеттің түп қазығы – ауыл шаруашылығы. Бізді, ардагерлерді өзімізді-өзіміз азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмай, импортқа тәуелді болып отырғанымыз да қинайды. Мен кезінде Парламент депутаттарына мемлекеттік шаруашылықтар құрып, ежелден ата кәсібіміз болып келе жатқан қой және жылқы малына көңіл бөлуді ұсынып, хат жаздым. Әсіресе, біздің ұшы-қиырсыз даламызда жылқы малын ұстағанның тиімділігі бір басқа. Бұл түлік қыста да, жазда да ешқашан адамға салығын салған емес. Жыл он екі ай далада тебіндеп жүре береді, туберкулез, бруцеллез сияқты жұқпалы мал ауруларымен ауырмайды. Ұқсата білгенге қымызы да мың да бір дәру. Сол сияқты, қойдың да артықшылықтары туралы біраз айтуға болады.
Осы күні тұтастай еліміз бойынша 9 миллион гектар жер иесіз жатқан көрінеді. Бұл қосымша астық өндірудің, мал шаруашылығын дамытудың қыруар мүмкіндігі қолдан сусып тұр деген сөз. Ауылдың жерлеріне ие болып отырған арендаторлар осы жердің уақытша ғана иесі сияқты. Көктемде келіп, күзде кетеді. Елбасы ірі кооперативтер құру жөнінде айтудай айтып келеді. Қолдарынан іс келіп отырған нағыз серіктестіктер бар, бірақ, аз. Жергілікті органдар кооперативтер құрылып жатқанын айтудан жалықпаса да, іс жүзінде нәтиже әлі ойдағыдай емес. Сондықтан, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауындағы «Көптеген позициялар бойынша біз әлемге ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз» деген міндет-тапсырмасын біздің билік ауыл-селоларды дамыту, олардың әлеуетін көтеріп, еңбек пен еңбек адамының қадірін арттыру арқылы іске асырса, елдің жағдайы да қазіргіден ілгері болар еді деп ойлаймыз.
Балтабай ТАУБАЕВ,
тыл және еңбек ардагері.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар