Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
БІРЖАН ӘНІ – ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ - АРҚА АЖАРЫ

БІРЖАН ӘНІ – ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ

–Қазақ сүйіншілеп жатыр! «Құтты болсын! Еңбекшілдер ауданына Біржан салдың аты берілді!», – деп осы бір қуанышты хабарды бір-біріне біраздан бері жеткізіп жатқан қалың елдің әсіресе, Елбасына деген ризашылығы мен алғыстары толастар емес!
–Президентімізге рахмет! Елбасыға дән ризамыз! Елбасы ғұмырлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Біржан бабамыздың атын асқақтатып, аруағын аспандатып, бір қуантып тастады-ау!, – деген ақмолалықтар мен көкшетаулықтардың осы күнгі қуаныштары Арқаның ақ қарындай таза көңілдерінен ақтарылып-ақ жатыр.

Иә, ел қуанса қуанғандай еді! Өйткені, бұл мәселе ұзақ жылдардан бері айтылып келе жатқанымен, созылып кетіп, бір шешімі айтылмай жүрген еді. Әлі есімізде, 2003 жылғы 20 маусымда Еңбекшілдер аудандық мәслихаты мен аудандық әкімдігі өздерінің аудандарына Біржан салдың атын беру жөнінде ұйғарымды шешім шығарған-ды. Бұл шешім Ақмола облыстық мәслихатының сессиясында мақұлданып, облыстық мәслихат пен облыстық әкімдік 2003 жылғы 22 қазандағы №3 С-1-19 шешім шығарып, бұл құжат Үкімет жанындағы ономастика комиссиясына жіберілген де еді.
Міне, сол 2003 жылдан бергі көтеріліп келе жатқан мәселені Елбасы Еңбекшілдер ауданын қайта атау туралы 13 желтоқсан күнгі №605 өз Жарлығымен шешті. Және де бұл бір ұлы оқиға ел Тәуелсіздігінің дәл 26 жылдығы қарсаңында жүзеге асты да, Тәуелсіздік деген ұғымның қасиетін тағы да бір терең ұғындыра түскендей болды. Адалын айтайық, рухани жаңғыру бағдарламасына сай сал-серілердің ежелгі киелі мекенінің бары мен жоғын түгендеп отырған облыс әкімі Мәлік Мырзалин де өзінен бұрынғы, яғни, он үш жыл бұрынғы осы шешімнің орындалуына сан мәрте қозғау салып отырды. Бұл соның да қайыры!
Әдебиет пен өнердің екінші бір ажырамас бөлігі–ән. Ән халықпен бірге жасап келеді. Дүниеге келген сәбидің шілдеханасы әнмен ашылса, ұзатар қыз әнмен қоштасады, жаңа түскен келінге жар-жар айтылады. Халық әндері үлкен қазына, асыл байлық. – « Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді»–деп жазды қазақ халқының әдебиеті мен өнерін көп зерттеген Шоқан Уәлихановтың досы Г.Потанин. Қазақ әніне Максим Горький мен Ромен Роллан да сүйсінген. Александр Затаевич қазақтың 500 және 1000 әнін жинап бастырды. Талант иесі Сергей Рахманинов қазақтың екі әнін төл туындысында пайдаланды. Орыстың музыка зерттеушісі А.Алекторов өзінің «Қазақ әні» атты бір мақаласында былай деп жазды. «Домбыраның күмбірлеген, қайғылы дыбысы маған ерекше бір әсер етті. Мына сияқты қарапайым музыкаға қаншама поэзия сыйып жатыр!..»
Біздің мұндағы айтарымыз – қазақ әнінің шетсіз-шексіздігі. Сол шетсіз-шексіз әннің дуалы ортасы Арқа елі, соның ішінде Көкшетау жері. Әдебиеттің ұлы классигі – Абай болса, ән саласында Біржанды классик деп санауымыз тектен-текке емес. Қазақ поэзиясы мен өнерінің тарихында Біржанның алатын орын ерекше. Даңқты халық композиторы, асқақ әнші, дархан ақын Біржан салдың есімі мен тамаша туындылары бүгінгі тәуелсіз еліміздің жаңа тұрпаттағы мәдениетіміздің сарқылмас асыл қазынасынан берік орын алары хақ.
Мәдениетті қауымды Біржанның әншілігі, композиторлығы, ақындығы әлі күнге дейін еріксіз сүйсіндіріп келеді. Қазақтың әншілік өнерін, музыкасын жаңа белеске көтеріп, Арқа елінде әншілік, композиторлық өзіндік мектебін жасағандығын өнертанушы ғалымдар айтып та, жазып та жүр.
«Жаңа өмір дамыған сайын Біржан сияқты ардагер ақын, өнерпаздың шығармалары, ұмытылмас асыл бейнесі бізден алыстамайды, әрқашан қасымызда күмбірлеп күй тартып, шырқап ән салып, сырласып, мұңдасып, әзілдесіп, күліп-ойнап, мәңгі бірге жасамақ»–деп жазды жерлесіміз, белгілі әдебиетші ғалым Есмағанбет Ысмайылов.
Біржанның творчествосын, өмір жолын зерттеу саласында біршама игі істердің басы қайырылды. Біржан сал сынды ұлы бабаның ұлы үні мен ұлы әуенін тани білер көкірек керек бізге әлі де! Біржанның өзін, оның ата тегін танып, біліп-ақ жатқан болармыз. Бірақ, ұлы баба өз бағасын бізден де гөрі өзі артық білген, өзінің кім екенін, нарқы мен парқы қандай екендігін өзі-ақ айтып кеткен-ді.
«Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын»,–дегені бар.
«Сайратқан орта жүздің бұлбұлымын»,–дейді ендігі бір сөзінде.
«Көкшетау дуанына даңқым барған, Мен Біржан алтын тудай айқындалған»,–деген өз қадірін өзі айтып өткен Біржан бабаның сөзінен кейін алтын тудай айқындалған алтын тұлға жайлы бөлек бір пікір айтып, баға беруден аулақпыз.
ХІХ ғасырдың орта тұсынан басталған Біржан салдың ән ғұмыры ақырын-ақырын аяңдап басып, міне ХХІ-ші ғасырға да жетті. Біз ең әуелі осынау бір жаһандану тоғысында бүгінгідей радиосы, теледидары жоқ замана кезеңдерінде ұлы Біржан әндерін құлағына құйып алып, көкірегінде сақтап, бүгінгі күні бізге жеткізіп берген қыр қазағына қарыздармыз. Сал Біржанның әр сөзінің, әр әнінің қадір-қасиетін ұғына біліп, соның біреуін де шашау шығармай, ұлы далаға жая білген халық болса, сол халқы Біржан салдың бағасын, қадірін білген-ау шамасы! Содан да болар, ол әндер жоғалмай, өзінің асқақ әуенімен бүгінгі күнге жетті.
Тәуелсіз еліміз барда қазақ жасай берері бар. Және де жер бетінде қазақ деген халық барда, оның әні де, күйі де жасай берері хақ. Біржан сал да өз халқымен мәңгі бірге жасай берері де анық. Өйткені, Біржан салдың әні қазақтың жаны, қазақтың рухы!

Жабал Ерғалиев,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар