Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Төл тарихымыз тереңде - АРҚА АЖАРЫ

Төл тарихымыз тереңде

Биыл қазақ елі өзінің төл тарихының тұңғиық тереңінен сыр ақтаратын – Қазақ хандығының құрылуына байланысты айшықты оқиғаны атап өтеді. Қазір жер-жерде алаштың ұлылығын паш ететін хандар өнегесі жайлы мерейтойлық шаралар бастау алды.

 

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен осындай алқалы жиын «Достар» мәдениет сарайында болып өтті. «Қазақ даласының ұлы тарихы» деген тақырыппен ұйымдастырылған дөңгелек үстел тарихшы, әдебиетші ғалымдардың, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар басшыларының және жастардың басын қосты. Алдымен жиналғандар осы шараға арнайы дайындалған «Еркін елдің рухы» бейнефильмін көріп, тамашалады. Сайын даланың аспанында қалықтап ұшқан қыран құс асқақтап бара жатты. Бұл талай аласапыран заманды бастан өткерген алаштың азаттық алып, өрге ұмтылған өрелі биігін паш еткендей болды.
Ұлы хандардың тасқа жазған бағзы тарихтарындағы сарын «Мәңгілік ел» деп асқақ ұғымды айшықтаған Елбасының  даналығымен астасып,  азат елдің аспанында көк байрақ болып желбірейді. Міне, әсерлі фильмнен кейін кіріспе сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева берекелі де, мерекелі оқиғаларға толы биылғы жылдың тағылымы жайлы тереңнен ой қозғады. Ұланғайыр өлкені найзаның ұшымен қорғаған ұлы бабаларымыздың ерлікке толы ғұмыры аттың үстінде өтіп, ұлтарақтай жер үшін жандарын да аямады. Қазақтың өрі де, өресі де болған Керей мен Жәнібек хандардың  жеке ел боламын деп тағат таппай, аласұрған асыл армандары орындалды.
 – Өз тарихын білген өзін де сыйлайды, өзгені де құрметтейді, – деді Гүлжанар Шөкеева. – Сондықтан,  бұл шара біздің облыстағы қазақ хандығының құрылу мерейтойына арналған тұсаукесер шара десе де болады. Біз ұлыларымызды ұлықтау арқылы төл тарихымызды жаңғырта аламыз.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуев тарих жайлы салиқалы пікір білдірді. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің тұлғалық келбеті жайлы айта келіп, әлем тарихында бір мезетте екі билеушінің билік жүргізгені некен-саяқ құбылыс деп бағалады.
Ал, жазушы Төлеген Қажыбай қазақтың көктен түсе салмаған халық екенін, қазақ хандығының тарихы да тым тереңде жатқанын өз сөзіне арқау етті. Пышақтың қырындай тарих кітабы болған кешегі кеңес заманында түркі десе көз аларта қараған батыс зерттеушілерінің ұшқары пікірлері шынында қазақты тағы елге санағанын қалай ұмыта алар екенбіз. Мұндай ойлы пікірді белгілі қаламгер Виктор Терещук те тілге тиек етті. Керей мен Жәнібек сұлтандардың қаймана жұртын бөліп алып, ел еткені бүгінгі ұрпақ үшін де тағылымы мол іс екеніне баршаның назарын аударды.
Ал, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Ақбота Бексейітова қазақ этнонимі қалай пайда болды? – деген сауалды өзінше зерделеді. Оның айтуынша, қазақ ұғымы он бесінші ғасырда пайда болмаған екен. Араб, парсы және қытай жазбаларында қазақ сөзінің сонау 8-9 ғасырларда ауызға алынғанын жоққа шығармады.
Жанайдар Мусин атындағы педагогика колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат тарихи жылдың маңызын арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарында насихатты күшейту керек екеніне тоқталды. Бұл мерекені не үшін атап өтеміз? – дей келіп, жастардың санасына өз елі мен тарихын зерделейтін шынайы отансүйгіштік сезімді қалыптастыру басты мақсат етілуі қажет деген ой білдірді. Қазақ тарихының тереңіне бойлап, байыпты пікірлерімен көрініп жүрген әдебиетші Сәбит Жәмбек және өңір тарихын бағзы заманғы жәдігерлер арқылы зерттеп жүрген облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Алма Құнанбаева баршаның назарын тарихи жылдың маңызына аударды. Бірі қазақтың тарихы  жұтаң дейтін еуроцентристік көзқарастағыларға ауыз әдебиеті арқылы деректердің жеткенін айтса, ал, екіншісі  ежелгі дала ескерткіштері – кесенелердің де хандар шежіресінің қалыптасуына мол ықпалы болғанын дәйектер арқылы жеткізді.
Зейнеткер Зере Қиықова тарих деген қастерлі ұғымды ұрпақ санасына сіңіруге ешкім бейжай қарамағаны абзал екенін баса атап көрсетті. Рухани жұтаңдық елдің өсіп-өркендеуіне де кедергісін тигізеді. Сондықтан, тәрбиенің өзегі – тарих екенін әркім қаперінде ұстаса деген ой білдірілді.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева  қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бағдарлама автокеруен шарасы арқылы жалғасын табатынын айтты. Енді облыстың барлық өңірінде бұл шара халықтық тұрғыда аталып өтілетін болады.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар