Ардагер мерейі

Бүгінде Есіл ауданында Ұлы Отан соғысының бес ардагері тұрады. Олардың барлығы да тоқсанды алқымдап қалған ел ағалары. Солардың бірі Николай Серебряков жуырда өзінің мерейлі тоқсан жылдығын атап өтті.

Иә, зымырап өткен жылдар-ай! Ол майдан даласына аттанған кезінде небары он алты жаста еді. Сол бір зұлмат соғыс жылдарын ардагер әлі күнге дейін көзіне жас ала отырып еске алады. Бір отбасынан екі бірдей ер азаматқа қолына қару ұстатқан, қаншама жанды өлім құштырған сұм соғыс оңайлықпен ұмытыла қойсын ба?! Олай дейтініміз, Николай Серебряковтың әкесі Михаил да соғысқа қатысқан. Әкесі соғысқа кетіп бара жатқанда анасы мен қызына ұлы Николай бас-көз болып, үйді асырай ма деп үміттенгенінде, оны да ізінше майдан даласына аттандырып жіберді. Осылайша жасөспірім нағыз қан майданның ортасынан бір-ақ шықты, талай бейкүнә отандастарының жау қолынан қаза тауып жатқанына куә болды. Дегенмен, кейіпкеріміз Отан үшін күреске түсіп, ерлік көрсеткеніне еш өкінбейді. Николай Михайлович 105-інші батыс атқыштар полкі құрамында қаншама шайқастарға, сонымен бірге, 1945 жылы Украи-
на майданына қатысты. «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Бізбен әңгімелесе отырып ардагер сұрапыл соғыстың азапты күндерін еске алғанда көзіне жас алып, мұңға батса, жеңісті қалай қарсы алғаны туралы сөз еткен кезде жүзі жайнап, кеудесін зор қуаныш сезімі кернеді. Германияны жеңгендерін сарбаздар таңертең естіген екен. Кезекші отырған орнынан сыртқа атып шығып, «Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс!» деп бөркін аспанға лақтырып, қуанышты дауыспен қайталай берген сәтті ардагер дәл сол күнгідей етіп көз алдымызға елестетті.
Майдан даласы, қайтсем де Отанымды жаудан аман алып қаламын деген көкірегіндегі жауапкершілік сезім ерте есейткен жерлесіміз соғыс аяқталғаннан кейін де тыным тапқан жоқ, еліміздің игілігі үшін, отбасы үшін көп еңбектенді. Соғыс 1945 жылы аяқталғанымен, ардагер үйіне тек 1949 жылы Румыниямен шекаралас аумақтағы шекара әскеріндегі қызметін бітірген соң ғана оралды. Бұл кезде оның отбасы Ташкентте тұратын.
1951 жылы Николай Михайлович қызмет бабымен Қырғызстанға жол тартып, бірнеше жыл сол елде болады. Өзінің өмірлік серігін кездестіріп, отбасын құрады. Көп ұзамай қызмет орны Қазақстанға, соның ішінде Есіл ауданына ауыстырылып, күні бүгінге дейін сонда өмір сүріп жатыр.
Есіл ауданына қарасты Красногорск ауылының тұрғындары ардагер жерлестерін еңбекқор, мінезі жайсаң азамат ретінде таниды. Ақсақалдың кеудесінде жарқыраған медальдар оның Отан үшін сіңірген еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Өкінішке орай, тоқсанды алқымдаған шағында қария соқа басы сопайып өзі жалғыз тұрады. Тағдырдың жазуымен ата-анасы да, қарындасы, жары мен қызы да өмірден ерте озды. Ал, ұлы Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласында. Мәскеудегі жиені кейіпкерімізді өзімен бірге сол елде тұруға қаншама рет көндіруге тырысқанымен, қарияның жүрегі туған Отанындай ыстық болып кеткен қазақ жерін қимайды.

Елена БОЖКО,
Есіл ауданы әкімінің баспасөз
хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар