Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
қазақтың ырымдары - АРҚА АЖАРЫ

қазақтың ырымдары

Балаға ит көйлек кигізу

Дүние есігін ашқан сәбиге ең алғаш тігісін сыртына қаратып, киім тігіп кигізеді. Бұл киімнің атын «ит көйлек» немесе «ит жейде» деп атаған. Киімнің бұлай аталуы жайында мынадай қызық аңыз бар.
Тәңірі тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен. Кіндік балшығынан жаралған соң, алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты.
Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс Адамға жақын келіп:
– Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, Адамның бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өледі.
Алла тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал Ібіліс Адам бетіне түкіргендіктен, адам әр түрлі кеселге шалдығатын болыпты.
Ит Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскен кезде де алғаш рет соларға сенімді серік болыпты. Оларды пәле-жаладан, қауіп-қатерден құтқарып, қорған болған екен.
Жаңа туған баланы да пәле-жаладан қорғасын деп ит көйлек кигізіп ырымдау содан қалыпты. Ит көйлекті бала қырқынан шыққанша кигізеді. Оны шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты жұмсақ маталардан жасайды. Тысын сыртына қаратып, шетін бүкпей пішеді. Жағасын ойып, өңіріне баланың басын сыятындай етіп тік тілік жасайды.
Баланы қырқынан шығарғасын ит көйлекті далаға тастамайды. Дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар баласының ит жейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «көйлек қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды» деп ырымдаған. Баласы жоқ әйелдерге ит көйлекті ырым етіп береді.

Қалжа беру

Шиш пайғамбар дүниеге келгенде Адам ата мен Хауа ана қатты қуанады. Көктегі періштелер шаттанып, Адам атаға құтты болсын айтады. Жер мен көк, он сегіз мың ғалам қуанып, Аллаға мақтау айтыпты. Себебі, ақырдың абзал пайғамбары Мұхамбеттің нұры Шиш пайғамбардың беліне көшкен еді. Жебірейіл періште Адамға келіп:
– Уа, Адам, саған Ұлық Алладан уахи ала келдім. Қазір жұбайың әлсіз. Оған күш-қуат керек. Отардың ішіндегі семіз ұрғашы қойды сойып, жұбайыңа ас әзірле. Сорпасын ішіп, терлесін. Қойдың қуаты келіншегіңнің күшін қалпына келтіреді. Бойындағы жел-құзы шығады әрі сәбиіңе құнарлы ас болады, – дейді.
Адам ата Жебірейілдің айтқанын бұлжытпай орындайды. Хауа ана қойдың етін жеп, күш-қуат жинайды. Екі омырауынан құнарлы сүт ағады. Кейін келе Хауа анаға сойылған қойды «қалжа» деп атапты. Енді бір аңыздарда «Хауа ана Шиш пайғамбардың мойыны қатайсын деп қойдың омыртқасын ырымдап жеген» деп те айтылды.

«Салт-дәстүр сөйлейді» кітабынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар