«Ақмола Медиа» орталығында биылғы жылдың 25 ақпанында КТК телеарнасының кешкі жаңалықтарынан көрсетілген «Бурабайды ластап жатыр» атты бейне сюжетке байланысты брифинг болып өтті.
Аталған сюжетте Щучинск қаласының көпқабатты үйлерінің бірінде кәріз құдығынан аққан су көлге ағып жатқандығы баяндалған еді. Осы күрмеулі мәселе көпшілікті толғандырып отыр.
Брифингте сөз алған Щучинск қаласының әкімі Галина Бичун 2015 жылдың басынан бастап аталған үйдің тұрғындарымен кездесу өткізіліп, пәтер иелері кооперативінің жұмысы қолға алынғандығын баян етті.
Ал, аудандық тұрғын үй инспекциясының жетекшісі Қайыргелді Мусин көпқабатты тұрғын үйде 48 пәтер бар екенін жеткізді. Бұл үй ресми түрде ешбір мекеменің қарамағында болмаған соң, кәріз жүйесін тұрғындардың өздері тазалаулары тиіс. Бұл үлкен қаражатты қажет етеді. Осы орайда, «Тазалық-Сервис» шаруашылықты жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызмет көрсету бағасын бір мың теңгеге төмендетіп отырған көрінеді. Ағымдағы жылдың ақпан айында кәріз жүйесі тазаланған. Енді бұл іс дұрыс жолға қойылып, жоспарлы түрде тұрғындардың қаражаты есебінен тазаланып отырады. Алдағы уақытта кәріз жүйесін бір орталыққа қосу Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары шеңберінде өз шешімін таппақшы. Осыған аудандағы барлық қызметтер жұмылдырылады.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің инженер-экологы Маржан Әбдірахманова өз сөзінде аталмыш жәйт өткен жылдың желтоқсан айында кезекті тексеру шаралары барысында анықталғандығын сөз етті. Басшылық өз тарапынан тиісті мекемелерге шағым түсіріп, табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарға қатаң шара қолдануды сұраған екен. Сонымен бірге, ол тұрғындар курортты аймақтың сұлу табиғатын сақтауды жадынан бір елі шығармау қажеттігіне тоқталды.
Отырыс соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар ала алды.