Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу - АРҚА АЖАРЫ

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу

«Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі Заң) негізгі міндеттерінің бірі үлескерлердің тәуекелін азайту болып табылады. Үлестік құрылыс лицензиялау саласынан шығарылды, енді үлескерлердің есебінен қаражатты құрылысқа тарту үшін, нақты бір объектіге жергілікті атқару органдары беретін рұқсат алу қажет. Заңда үлескерлердің қаражатын қорғау тетіктері қарастырылған.

Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу келесі тәсілдердің бірімен ұйымдастырылады:
1) кепілдік беру қорының кепілдігін алу;
2) екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу;
3) тұрғын үй қаңқасын (тұрғын үй ғимаратын) тұрғызғаннан кейін үлескердің ақшасын тарту.
1-тәсіл.
Үлестік салымдарды кепілдік беру жүйесін құру мақсатында «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамының жанынан тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры құрылды. Ол құрылыс салушыларда мәселелер туындаған жағдайда тұрғын үй нысандарының құрылысына кепілдеме береді. Кепілдік алу үшін құрылыс жүргізуші мен жобаны жүзеге асыруға сай құрылған уәкілетті компания тұрғын үй құрылысының кепілдік беру қорына өтінім жасауы керек.
Өтінім қаралғаннан кейін қор кепілдікті ұсыну немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды. Бірінші жағдайда қормен инжинирингтік қызмет көрсету және уәкілетті ұйыммен жер учаскесінің кепілі туралы қосымша шарт жасалады. Сонымен қатар, құрылыс жүргізуші компаниямен уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларын кепілге алу, құрылыс салушымен уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларын сеніммен басқару туралы шарты бірге жасалады.
Кепілдік беру рәсімі басталған жағдайда (кепілдік беру жағдайы – пайдалануға беру мерзімін бұзу, ақшаны мақсатсыз пайдалану және құрылыс салушының дәрменсіздігі болып танылады) құрылысты аяқтау міндеттері сот бойынша қорға өтеді.
2-тәсіл.
Үлескерлерді тарту мақсатындағы қор кепілінің баламасы екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) арқылы қаржыландыру болып табылады. Сонымен қатар, онда құрылыс салушы мен уәкілетті компания үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алуы үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш жасайтын біліктілік талаптары қарастырылған. Бірақ, бұл қаражаттарды банк шешімі бойынша инжинирингтік компания растаған және тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін пайдалануға болады.
Құрылыс салушы екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін бір құрылыс жобасынан кем емес қызметті жүзеге асыратын уәкілетті компания құрады. Құрылыс салушы мен уәкілетті компания Заңның 9-бабымен белгіленген талаптарға сәйкес болған жағдайда құрылыс салушы және уәкілетті компания құрылысты аяқтау үшін жеткілікті сомаға тұрғын үй (ғимарат) құрылысын қаржыландыруға әзірлігі туралы екінші деңгейдегі банктің шешімін алу үшін банкке өтініш жасайды.
Жер учаскесі, сонымен қатар, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң нәтижелі қорытындысы бар тұрғын үйдің құрылыс жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы жергілікті атқару органында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт есепке алу кезінен бастап үлескерде кепілде болып саналады.
3-тәсіл.
Үшінші нұсқа құрылыс компаниясы тұрғын үйдің (ғимараттың) қаңқасын өз қаражатына тұрғызғаннан кейін, заңда белгіленген талаптарға сай келген жағдайда жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің ақшасын тарту мүмкіндігін қарастырады.
Құрылыс салушы және уәкілетті компания заңмен белгіленген талаптарға сай келген жағдайда, құрылыс салушы мен уәкілетті компания облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарынан үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алуға жүгінеді.
Уәкілетті компания үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алған соң тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескердің ақшасын тарту тәсілімен тұрғын үйдің құрылысын ұйымдастырады. Уәкілетті компания тұрғын үй құрылысын аяқтау жөніндегі міндеттемелерді орындамаған немесе талапқа сай орындамаған жағдайда үлескерлер Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті компанияның банкроттық рәсіміне бастамашылық жасауға құқылы.
Ал, инжинирингтік компания құрылыс барысына және үлескерлер ақшасының мақсатына қарай пайдалануына мониторингті, жобалау құны шеңберінде орындалған жұмыс көлемін тексеру мен кепілдік жағдайларды анықтайды. Инжинирингтік компаниялар кепілдік беру қорына, ЕДБ немесе жергілікті атқарушы органға (тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру тәсіліне қарай) тұрғын үй құрылысының барысын мониторингтеу нәтижелері туралы есепті ай сайын ұсынады.
Заң құрылыс салушы мен компанияға қатаң талаптарды белгілейді, бірінші кезекте жер құқығы мен құрылысқа арналған жобалық-рұқсат ету құжаттарымен байланысты маңызды құжаттардың тізбесін қамтиды. Үлескерлердің ақша қаражаттарын заңмен қарастырылмаған басқа тәсілдермен тарту заңсыз, жасалған мәмілелер жарамсыз болып табылады.
Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Гүлмира ӘКІМОВА,
облыстық әділет департаменті
басшысының орынбасары,
Ақмола облысы бойынша
үлестік құрылыс жөнінде комиссия мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар