Нарынның нар ұлы

Бірде Астанадағы №74 орта мектеп оқушылары әдеби кешке шақырды. Жан дүниелері поэзия атты құдіреттен рухани нәр алған өрімдей балғындар жүздері бал-бұл жанып, қазақ поэзиясының алыптары Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлінің, өршіл рухты Фариза мен сырлы сезімге толы Мұқағалидың өлеңдерін шабыттана оқып жатты. Бір сәт қаршадай қыз оралдық ақын Ғайсағали Сейтақтың «Нарынның нар ұлдары» атты өлеңін оқығаны:
Нарын деп нан ұстаған,
Көбейер намысты адам.
Нарлықтың туын бізге,
Бабалар табыстаған.

Қайран, Нарын!.. Сен талантымен әлемге танымал Құрманғазы мен Динаның, еркіндік пен елдікті аңсаған Исатай мен Махамбеттің, бұдан үш ғасырдай бұрын алмағайып заманда қазағымды өз жерінде тұрақтатсам деп хандық құрған хан Жәңгірдің табанының ізі, қолының табы қалған мәңгілік мекенісің. Сенің топырағыңнан өз заманында талай тау жүгін көтерер Толағай батырлар мен есімдері елге аян ақылдылар шыққаны шындық.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық мақалы. Міне, «Қазақ агроөнеркәсіп экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының солтүстік филиалы» деген атауы жазылған ғимараттың алдында тұрмын. Осы мекемеде менің іздеп келген кейіпкерім 1992-2007 жылдары директор, 2008-2013 жылдары бөлім бастығы болған, соңғы кезде бас ғылыми қызметкер міндетін атқаруда. «Бүгін дүйсенбі ғой, Жасқайрат Сүндетұлы Евразия Ұлттық университетінің ғылыми кеңесіне кеткен, қашан келетінін білмеймін»,–деді хатшы қыз. Сейсенбі күні барғанымда «Бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқитын магистранттар мен докторанттарға теориялық және семинарлық сабақтар өткізетін күні екен, кештеу келер», – деді тағы да. Мен де бірбеткей жанмын, келесі күні тағы бардым. Кабинеті жабық екен. Сәлден кейін келесі кабинеттен шыққан азамат: «Үлкен залда «Ауыл» партиясының жетекшісі, академик Ғ.Қалиев саяси кеңестің отырысын өткізуде. Жасқайрат Сүндетұлы кеңес мүшесі болғандықтан, қазір сонда, жиналыс 2-3 сағатқа созылуы мүмкін», – деді. Үндемей шығып бара жатыр едім, не жұмыспен келгенімді сұрады. Сосын менің шарасыздығымды сезгендей: «Ертең бейсенбі келмей-ақ қойыңыз. Екі күн бойы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде үлкен халықаралық ғылыми конференция өтеді, оған Германия, Польша, Ресей, т.б. елдердің ғалымдары қатысады. Жасқайрат Сүндетұлының да ғылыми баяндамасы тыңдалады», – деді.
Жасқайрат Сүндетұлы 1941 жылы 20 маусым күні Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Бөкейорда (бұрынғы Жаңақала) ауданы, Құрманғазы елді мекенінің Қоңырқұдық ауылында дүниеге келіпті. Перзенті өмірге келгеніне үш ай толғанда, әкесі Сүндет бір топ ауыл азаматтарымен Ұлы Отан соғысына аттанған. Сол кеткеннен Сүндет Меңдіғалиұлы Сталинград шайқасына қатысып, жаудан Воронеж, Сумы, Киев қалаларын азат етуге атсалысып, Ленинград армиясының құрамында Беларусь, Еуропа жерлерінде ақ қар, көк мұзда оқ пен от кешіп, мыңдаған өзі сияқты жауынгерлермен Германия жерінде Жеңіс тойын тойлаған. Көп жыл бойы «Энгельс» ұжымшарында қой, жылқы және түйе фермаларын басқарды, сонау 60-ыншы жылдары ұжымшарлар кеңшар болып ұйымдасқанда, кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүріп, зейнеткерлікке шықты. Жасқайрат Құрманғазы елді мекенінде ашылған орта мектептің тұңғыш түлектерінің бірі. Ол 1963 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін үздік бітірді.
Жасқайрат жолдамамен елге келгеннен кейін, екі жыл «Құрманғазы» кеңшарында бас агроном болып қызмет атқарды. Ауылдың табиғи жағдайы қатаң, құрғақшылық, жері құмдауыт, егін шаруашылығына қолайсыз еді. Студент кезінде Ақмола облысының Шортанды ауданында ашылған Бүкілодақтық астық шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе орталығында жиі болып, Бараев, Кузмин сияқты академиктердің ұсыныстарын есте сақтаған жас агроном жаңа «топырақ аудармай өңдейтін» технологияны қолдану шаруашылықта жүгері және мал азығын өндіру үшін тиімді екенін дәлелдеді. Нәтижесінде 1964 жылы сүрлемге егілген жүгерінің, мал азықтық қара бидайдың шығымдылығы аудан бойынша жоғары болды. Сол жолы тұңғыш «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған-ды.
«Қорғалжын көлінің аққуындай» деп курстастары тамсанатын, студент кезінен жүрегінің лүпіліне айналған сүйіктісі Балайымды Қорғалжын ауданының үлкен мәдениет сарайында тұңғыш комсомолдық той өткізіп, Арқадан батысқа әкеліп, ата-анасына келін етіп түсіріп, ата салттың есігін айқара ашты. Бұл 1965 жыл еді. Кейін агрономнан бас экономистке ауысқан Жасқайраттың ғылым жолына түссем деген арманы қайта бой көтерді. Ақыры, ата-анасы батасын беріп, ел-жұрты қолдап, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының аспирантурасына аттандырған.
Арада жылжып жылдар өтті. Кенже бала болғасын, әке-шешесін қасына алу оның бір арманы еді. «Келесі жылы сенің жазғы демалысыңда біз де Арқаға қоныс аударамыз» деген әкесінің хатын алғанда қандай қуанды десеңші. Бірақ, қыстың алғашқы айында ол кісі кенеттен ауырып, көз жұмады. Әкесінің қазасына 40 күн толғанда, кіші апасы Үнзиланы қара жер қойнына беретінін ол кезде білген жоқ. Сөйтіп, Нарын өңіріндегі қос мазар жүрек түкпіріндегі шер болып мәңгілік қалып қойды. Бұл – 1980 жыл еді.
Ж.Сүндетұлының жарты ғасырдан артық еңбек жолы бар. Еңбек кітапшасында тек үш мекеменің ғана атауы жазылған. Біріншісі – Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы «Құрманғазы» кеңшарында бас агроном, кейін бас экономист, екіншісі – Целиноград ауыл шаруашылығы институтында аспирант, ассистент, доцент, профессор (1966-1992 ж.ж.), үшіншісі – Қазақ агроөнеркәсіп экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының солтүстік филиалы (1992 жылдан осы кезге дейін).
Ж.Сүндетұлы 1992 жылы Бүкілодақтық жоғары аттестациялау комиссиясының шешімімен профессор атағын алады. 1996 жылы «Ауылда көп қырлы экономиканы қалыптастыру және дамытудың ұйымдық-экономикалық негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Өзінің көп жылдық ғылыми ізденістерінде студенттік кезден қамқор болып, ақыл-кеңесін аямаған доцент Я.П.Ротин, профессорлар С.Азев, Д.Вермель, М.Гендельман сияқты ұстаздары мен ғылыми жетекшілері, доцент О.Қожасов, академик Ғ.Қалиевке күніне мың рет алғыс айтса да аздай көрінеді. Алқалы жиындарда, ғылыми конференциялар мен семинарларда бірлесіп, Қазақ елінің болашағына, оның ауыл шаруашылығы мен экономикасы өркендеп, әлемге әйгілі жетістіктерге жетуіне атсалысып жүрген Ғ.Қалиев, А.Молдашев, Х.Жарекешев, Ә.Сатыбалдин, Т.Есіркепов, Ғ.Сейітқасымов, т.б. ғалымдармен қатар жүріп, еңбек еткеніне өзін бақытты санайды.
Екінші үйі саналған университеттен кету де оңайға соқпағаны анық. «Өмірдің заңы сол. Жастар өсуде. Университетте көптеген жас ғалымдар бар. Солардың ішінде менің кіші қызым Анар бар. Ол – ғылым кадидаты, доцент, кафедра меңгерушісі. Күйеу балам Саяхат Нүкешов – техника ғылымдарының докторы, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, техникалық факультеттің деканы болып жұмыс істейді. Жас ғалымдардың өз ортасы, өз пайымы мен шешімдері бар. Олар – алғыр, білімді, өз істерінің мамандары. Олардың нәтижелі еңбегі елдің ертеңгі ырысы ғой», – дейді Жасқайрат Сүндетұлы сабырлы қалыпта.
«Тұлпарға қалудан да озу оңай» дейді қазақ. Жасқайрат Сүндетұлы жасы 70-тен асып кетсе де, әлі тынымсыз еңбек үстінде. Ол кісінің қаламынан 200-ден астам ғылыми еңбектер жарық көрді. Оның ішінде 11 монография, 17 оқу құралы, 35 ұсыныстар мен кітапшалар ел игілігіне айналған. Өзінің ғылыми мектебі қалыптасты, бір топ ізбасар – жас ғалымдар бір докторлық, 5 кандидаттық және 35 магистрлік диссертациялар қорғап, ғылыми-педагогикалық қызметтерде жүр.
Ол Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері, бес рет мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Адам қай өлкеде өмірге келсе де, істеген ісімен, адамдық қадір-қасиетімен, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленуі қажет. Атақ пен мансапқа қайратын шалдырмай, пенделікке бой алдырмай, жұрт көңілін қалдырмай, адамдық пен имандылыққа дақ салдырмай, жүрген ортасында жайлы мінез, жақсы істерімен ерекшеленіп жүретін Нарын өлкесінің төл перзентінің адамдық бейнесін, игі істерін өзгелермен бөліскіміз келді. Жаратқан Алла, жақсы жандарға түскен жарық нұрыңды баянды ете гөр!..

Бақыт ЖАСҚАЛИЕВА.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар