Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» идеясын іске асыру аясында Целиноград ауданы Софиевка ауылының №21 орта мектебінде «Ұланымыз ұлы елдің» атты тақырыпта тағылымды іс-шара болып өтті.
Шараның басты мақсаты бүгінгі уақытта мектеп қабырғасындағы тәрбиелік бағытта ашылған клубтардың жұмысын бағалау, оқушыларымыздың оған қатысу деңгейін тексеру болатын. Айта кетейік, мектеп қабырғасында «Қыз жібек», «Самұрық» әскери-патриоттық клубы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Адал ұрпақ» клубы, қайырымдылық істерімен айналысатын «Жалын» тобы секілді әртүрлі клубтар жұмыс істейді.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов айтқандай Мәңгілік ел орнату үшін бүгінгі ұрпақ санасына отансүйгіштікті, рухани адамгершілікті, қайырымдылықты сіңіру қажет. Сонымен қатар, қоғамда болып жатқан зиянды әрекеттерге қарсы болу, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу баршамыздың ортақ міндетіміз.
Тағылымды іс-шараға Қоянды ауылынан, Антоновка, Приречное, Шұбар мектептерінің ұстаздары мен оқушылары, сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері А.Қабыкенова, Г.Нұрмұханова және М.Әбенов қатысты. «Самұрық» клубының жетекшісі Б.Хадыстың ұйымдастыруымен 9-11 сыныптар арасында «Ұлы елдің ұрпағы қайсар» деген тақырыпта оқушылардың шапшаңдығын, ептілігін көрсеткен сайыс өткізілді.
Сондай-ақ, қазақ қыздарының инабаттылығы мен ибалылығын дәріптейтін «Қыз жібек» клубы бойынша «Қыз өссе, елдің көркі» деген тақырыпта қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Төңкердің жетекшілігімен дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиында мектептерде «Сыбайлас жемқорлық» пәнін енгізу керек деген ой тасталды.
Одан кейін «Мейірімділік – әлемді құтқарады» атты қазіргі жастарды қамқорлыққа, үлкенді сыйлауға тәрбиелейтін сыныптан тыс сабақты математика пәнінің мұғалімі Ж.Сәдуақасова өткізді. Іс-шара соңында бүгінгі күнгі көкейтесті мәселеге айналған «Үш тілділікке көшу керек пе?» және «Латын әліпбиінің мәселесі» деген тақырыптар қызу талқыға салынды. Кездесуді өткізуге белсене атсалысқан ұстаздар мен оқушыларға мақтау қағаздары табыс етілді.
Турав ШАРИВ.