Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кореяда жұмыс істеп жүр талай қазақ баласы - АРҚА АЖАРЫ

Кореяда жұмыс істеп жүр талай қазақ баласы

Таң атпай сағат жетілер шамасында телефон шылдыр ете түсті.
– Тәте, Думан аман-есен таможнядан өтіпті…
– Өй, құлыным-ай, жарады, жарады.
Жаңағы жақсы хабардың қуанышымен енді өзі телефон нөмірін терді.
– Қаншайым, амансыңдар ма?.. Қорықпаңдар, тыныштық. Естідіңдер ме, Думан әйтеуір, Кореяға өтіп, Нұрбектерге аман-есен қосылыпты. Соны айтайын деп…
– Ә, құтты болсын! Біз де алаңдап, өтіп кетсе екен деп түні бойы тілеуін тілеп шығып едік. Жақсы болған екен.
– Несін айтасың, енді дұрыс бір жұмыс табылып, мұндағы кредиттерінен құтылса…
– Жұмыс табылады ғой, аптай. Келіп жатқандар қарыздарын өтеп, көлік, үйлерін де алып жатқан жоқ па?
– Иә, бәрінен бұрын Алла тағала пәле-жаладан қағыс қылып, қайда жүрсе де аман болса болғаны.

Осылай тараған хабар сол күні тағы бірнеше ет жақынның үйін шарлап, бәрі дуылдасып барып басылған. Басқа ұлтты қайдам, соңғы кезде жұмыс іздеп Оңтүстік Кореяға бет алған қазағымыздың үй іші мен жақын туыстарында мұндай әңгіме жиі болып тұрады. Өмірде жақсы-жаман қатар жүретіні сияқты, мұнда да бір қуаныш, бір өкініш қатар қылаң береді. Ол жайында сәл кейінірек. Ал, әзірге Кореяға ұл-қыздарын, бауыр-жекжатын шығарып салатындардың тілейтіні әрине, солардың аман жетіп, сонда орнығып қалуы. Барып, үйіріне қосылса, мына жақта да жаңағыдай қуаныш.
«Үйіріне қосылса» дегеннің де бұл арада жаны бар. Қазір Оңтүстік Кореяда осы төңіректегі әр ауылдан дерлік сонда жұмыс істеп, құрылыста, тағы басқа да өндіріс орындарында жүріп жатқан отандастарымыз жетерлік. Бұл жақтан жаңадан барған адам соларды сағалап, соларға барып қосылады.
Жалпы, «шет елге, соның ішінде Кореяға бізден де жұмысқа кетеді екен» деген әңгіме Қазақстанды кезіп, расқа айналғалы қашан. Кеңес Одағы кезінде әсіресе, социалистік лагерьге қараған елдерге инженер-техник қызметкерлердің, жұмысшылардың жұмысқа жіберіліп тұрғанын ертеден білеміз. Оның өзінде ілуде біреуі сол мемлекеттің маман кадрлар тапшы халық шаруашылығы саласына қол ұшын беру үшін баратын. Мәселен, біздің геологтарымыздың Моңғолияда кен барлау жұмыстарын жүргізгені, дәрігерлеріміздің сонау Африкадағы Сомали, Конго Демократиялық Республикалары сияқты мемлекеттердің халқын емдегені кеңестік дәуірден жақсы мәлім.
Бертін өз тәуелсіздігімізді алып, қазақстандықтардың да шет елге емін-еркін шығып тұруына қол жетті. Осылай жасқа да, кәріге де бұрын көбіне-көп беймәлім болып келген жер жүзін тануға жол ашылды. Оның бәрін несіне тәптіштеп айта береміз. Оқырманға бізсіз де белгілі. Әрі қарай өз тақырыбымызға ойысайық. Кореяға жұмысқа бару дегеннен шығады. Жалғыз шет жағалаған өзбек, қырғыздарды айта бермейік, тоқсаныншы жылдары бір-екілеп біздің елден де жөнін тапқан еңбек мигранттары қазір әлемнің біраз еліне барып, тұрақтап та қалды. Жұмыс істеп, Испаниядан бір-ақ шыққан көрші қазақтың қызын білеміз. Содан кері қайтпай, осы күні сол елдің азаматтығын да алып алған сыңайлы. Ана бір жылы бір келіп, өз ақшасына бауырының тойын өткізіп кетті. Институттан Америкаға ағылшын тілін үйренуге барып, қалып қойған қарындасымыз тағы бар. Бүгінде анау-мынау емес, Нью-Йорктегі банк қызметкері. Сол жақта тұрмыс құрған, қазақтың үш жиенімен келіп-кетіп тұрады. Біз білетін мысалдардың шет жағасы осы. Ал, білмейтініміз қаншама. Әрине, соған қарап, бұған бәрекелді демесіміз анық. Туған жердің аты туған жер, туған елдің аты туған ел. Бірақ…
Осы күні бауыр еті баласы Кореяға өтті-ау деп қуанатын әке-шеше, сүйген жар, бірге туған бауырдың да оның алыста көзден жырақ жүруін қаламағанымен, сол «бірақтан» шығатын ішіне түйген сан ой безбені мен үміті бар. Сол жақта жорытқанда жолы болып, түзу бір жұмысқа лексе, барғанына қарай тапқан-таянғаны ойынан шықса деген дәме ғой бәрі. Халықтың аузында сөз жата ма? Әйтеуір, анау айына 800 мың, мынау айына 1 миллион жіберіпті деген дүрмек талайды қызықтырып, дүркін-дүркін естіліп жатады. Долларды теңгеге айналдырғандағы бағам ғой. Біздің жақта қарапайым халықтың түсіне де кірмес сома екені анық. Дегенмен, оны текке ұстата салмайтын шығар. Осының енді жай-жапсарын кім айтып бере алады? Әрине, сол Кореяға барып келген адам.
–Жемқорлар мен байларда болмаса, оңай ақша бар ма? – дейді ақыры біз тауып алып, әңгімеге тартқан сондай Самат есімді жігіт. –Елде жұмыс іздеп шаршаған соң, 2015 жылы солай қарай кетіп, осы биыл жуырда ғана оралдым. Біз барғанда жеңілдеу еді, қазір олар да шеттен келетін заңсыз жұмыс күшін тежей бастады. Үш жыл бойы тапжылмай құрылыста істедім. 16-20 қабатты үйлер саламыз. Жұмыс ауыр, тамағы да қиын. Бірақ, өзі бақыл болып барғаннан кейін адам бәріне де көндігеді екен. Көзге түсіп қалмайық, ұстап алып, кері қоя бермесін деп көбіне жұмыс пен тұратын жерімізді ғана білдік. Есесіне табатын табыс жақсы. Басында «қалай болар екен?» деп қобалжып едім, осы екі жарым жыл уақыт аралығында шүкір, мұндағы жағдайымды жасап алдым.
Саматтың осы бір әңгімесі бізге жеткіліксіздеу, қысқа қайырылған, өзіміз білетін жайлар сияқты болып көрінген. Сосын да ананы-мынаны тақақтап сұрай түсеміз. Айтуынша, Оңтүстік Корея мықты дамыған ел. Құрылыста, завод, фабрикаларында өздерінен жұмыс күші жетісе бермейді. Әрі иелеріне оны сырттан пайдаланған тиімдірек. Арзандау түседі. Сәл жел, жаңбыр болса болды, бүкіл құрылыста жұмыс тоқтатылады. Мұны еңбек қауіпсіздігін ойлағандықтан барып, солай жасайды. Бізде ғой, қайта, жел тұрса, шатыр ұшып кетпесін, бастыр деп төбеге шығарады. Прораб, учаске бастықтарының осындай нұсқауынан жел көтеріп әкетіп, мерт болып жататындар да бар. Мысал іздеп алысқа бармайық. Ана жылы көршіміздің құдасы осылай қайғылы қазаға ұшырап, кете барды.
Әрине, ажал жетіп тұрса, жердің қай нүктесінде де Алланың әміріне түк істей алмайсың. Сол Кореяда да биыл қыста өздері салып жатқан биік үйден бір қандасымыз абайсызда құлап кетіп, қаза болғанын телеарналар өз жаңалықтарында жаппай хабарлап, көрсетіп жатты. Ал, балалары мен жұбайлары сонда жұмыс істеп жүрген мұндағы ағайын болса, бұл суық хабардан кәдімгідей үрпиісіп, тіксініп қалды.
Ол жақтан дәм қанша бұйырады? Бір жыл ма, екі, үш жыл ма? Содан кейін бәрі де бұл жақта өз жақындарын аман көргісі келеді. Қазір біздің жастарды, тіпті, орта жастағыларды Корея синдромы өзіне тартып тұрғаны сонша, бірден-бірге естіп, ол елге қаладан да, ауылдан да жұмысқа адамдар көп кетуде. Күйеуі барса, кейін соңынан келіншегі барады. Ағасы барса, інісін шақырып алады. Табатын ақшасына қызығып, бір отбасының бірнеше мүшесіне дейін сол жаққа шығып кеткен жайы бар.
Солай істеді деп оларға кінә да таға алмайсың. Кореяны жағалағандардың түгелге жуығы өзіміздің қазағымыз болса, мұның да себебі белгілі. Көбінің мойнында кредит. Айлық аз. Баспаналы болып, адам сияқты өмір сүргілері келеді. Ал, оған қол жеткізудің жолы шеттен баратындарға жұмыс, ауыз толтырып айтарлық айлығы бар Оңтүстік Корея болып елестейді де тұрады. Көп жағдайда бұл шындыққа жанасып та жатыр. Кореядан оралып, үй, көлік алыпты, сауда орнын ашыпты деген әңгімелерді бұл күнде жиі естисің.
–Мен барған кездегімен салыстырғанда, шынында да онда біздің ұлттың адамдары қазір әжептәуір көбейген,–дейді Самат та біздің осы айтқанымызды растай түсіп. Мұны ол өзінің болған жерінде өзге Орта Азия елдерінен келетіндермен қатар, қазақтардың да жылдан-жылға көбірек көзге түсе бастағанына сүйеніп айтады.
Өз басымыз осы үрдіс әсіресе, былтыр мен биыл тым жеделдеді ме деп ойлаймыз. Жасырып не керек, қазір мұндайда алда жүргіш қала былай тұрсын, ауылдық жерлерден де Шығыс Азиядағы Корей жарты аралында орналасқан осы бір елге барып жатқан жастар қарасы аз емес. Өткен жолғы қысқы бір омыртқада Көкшетаудың іргесінде тұратын ақсақал өз ауылынан осындай алты жігітті санап шығып, бертін тағы да кеткендер бар деп отырды.
Егер кәріс өкіметі мана сөзіміздің басында «сәл кейінірек» дегеніміздей, осы бір заңсыз еңбек миграциясына алаңдаушылық білдіріп, тосқауыл қоя бастамағанда, Азия жолбарыстарының бірі аталған осы мемлекетке табан тіреген қазақстандықтардың саны қазіргіден де көп болары анық еді. Бірақ, былтырдан бастап кәрістер Қазақстаннан ұшып барған мұндай адамдарды тікелей аэропорт басында кедендік тексерістен өткізбей, екі-үш күн жертөледе ұстап, кері қайтарып жіберетін болды. Кореяға ақша табамыз деп кеткен талай жасқа ең өкініші де сол. Жолы болмай, қарызданып-қауғаланып, туристік фирмалар арқылы басын тәуекелге тігіп барған қыруар ақшасы зая кетіп, тақырға отырса, қалай аямассың.
Жуырда әлеуметтік желілерде осы Кореяда өтіп жатқан ХХІІІ қысқы Олимпиаданы көруге барған екі қазақстандықты кәріс жағының аэропорт жертөлесінде ұстап, әрі қарай жібермей жатқандығы жөнінде хабар тарады. Ол да жайдан-жай емес. Бұл адамдар да жанкүйерлікті желеу етіп, өздеріне заңсыз жұмысқа келді деген секемдері. Өйткені, қазір Олимпиада кезінде өтіп кету жеңіл екен деп солай қарай асығыс-үсігіс отандастарымыздың жаңа легі лап қойды. Оны бұл күндері туристік фирмаларда Кореяға құжат рәсімдеушілердің қарасы жиі екеніне байланысты, Астанадан бұл елге самолетке билеттің жоқтығынан, оған тек Алматы арқылы ғана ұшуға болатынынан да аңғаруға болады.
–Билетті 18 ақпанға солай алып тұрмын. Алдымен, Астана арқылы Алматыға, одан Сеулге ұшамыз. Әрі-бері билет құны 390 мың теңге. Турист ретінде бара жатқан соң 110 мың теңгені бес күнге қонақ үй үшін төледім. Жалпы, басқа да жол жабдығы мен шығынын есептегенде, 600-700 мың теңгеге барып қалады. Қалғанын енді бағым біледі. Өте алсам жарар еді,–дейді біз турфирмада жолықтырған Санжар бауырымыз. Ал, мұндағы қызметкерлер болса, миығынан күледі. Оларға жастарымыздың Кореяға қарай көптеп бет алуы оңды болып тұрғаны көрініп тұр.
Иә, тап бүгін ол жаққа кейбіреуінің жолы болып жатыр, кейбіреуінікі болмай жатыр. Арасында сәтін салып қуанғандары да, қайтарып жіберіп көңіл-күйлері түскендері де бар. Тап бір шахмат ойыны сияқты, біреуден ананы-мынаны сұрап, Корея туралы аздап хабары барына іші жылиды да, өткізіп жібереді, ал, біреуге міз бақпайды дейді басынан кешкендер. Сосын алдында тұрған кеденнің адамына, оның іш пікіріне де көп нәрсе байланысты болса керек. Тоқсаныншы жылдары сол Кореяға жұмысқа барғандар тіпті, жылда емін-еркін демалысқа да келіп-кетуші еді. Ал, қазір жағдай мынадай.
Осы жақтан барған кейбір жігіттер келе-келе кәрісшіге дейін үйреніп алып, емін-еркін сөйлесіп жүре береді дегенді де айтады Самат. Әрине, оларға жеңіл. Себебі, кім өзімен ана тілінде сөйлескенді жек көреді дейсіз. Мына бір кісі қызығарлық жағдай да кейіпкеріміздің әңгімесінен. Әдетте бір үйде қатар екі подъезд тұратын көрінеді. Оның бірі жай тұрғындарға, бірі мүгедектерге арналған. Кейінгісі лифтісіне қоса, үстіңгі қабатына дейін пандус. Жүріп-тұруы шектеулі жандарға тұтас бір үйден осындай жағдайлар жасап қойған.
Бұл екі ортада кейбір дерек көздері қазір Оңтүстік Кореяға турист ретінде барып, сонда қалып қойып, жұмыс істеп жүрген 40 мыңға жуық қазақстандықтың барын көлденең тартады. Әрі бұл тек ресми жағы ғана дейді білетіндер. Әйтпесе, одан да көп. Жалғыз жұмысы жоқтар ғана емес, жұмысы барлардың да ол жаққа құлықты екенін ескерсек, ол да мүмкін. Оның үстіне өткен жылы Қазақстанға Оңтүстік Кореядағы отандастарымыздың аударған ақшаларының мөлшері 2016 жылдағыдан 2,1 есе асып түсіп, бұдан бұрынғы 9 миллиард теңгенің орнына 18,8 миллиард теңгеге дейін жеткен. Сөйтіп, осы көрсеткіш бойынша бұл ел көршілес Ресейден кейін екінші орынға бір-ақ шыққан. Мұның өзі нені көрсетеді? Яғни, онда жұмысқа барған қазақстандықтардың аз емес екенін, олардың отбасына, туған-туыстарына жіберген ақшаларының біздің елдің экономикасына қызмет етіп, белгілі бір пайда әкеліп жатқанын.
Бұл арада енді мәселенің екінші жағы тағы бар. Әрине, өз туған еліңнен айдын-күннің аманында басқа жаққа екі қолға бір жұмыс іздеп кету сыпайылап айтсақ, онша жақсы нышан емес. Мұндайдың алдын алу, жастарымызды тұрмысы озық, табысы мол шетке көп жалтақтатпау үшін не істеуіміз керек? Үкіметке қала мен ауылдың екеуінде де жұмыс, баспана, жақсы жалақы болатындай етіп, жастарға барлық жағдайды жасау қажет. Сонда ғана бұлай Оңтүстік Корея, басқа ел деп елеңдеу ептеп саябыр табады. Әйтпесе, басын тәуекелге тігіп, қара жұмысқа шекара асу қайбір жетіскеннен дейсіз.
Айтпақшы, бүгін сол жолы өзім сұрап алған телефон нөмірі бойынша ватсаппен турфирмада жолыққан Санжарға хабарласып едім, жауап көп күттірмеді. Мынаны қараңыз, жолы болыпты. Қазір жұмыс қарастырып жүрмін дейді. Өзін бір-ақ рет көрсем де, қалай қуанбайын. Енді тек бір-бір үйдің сеніп отырған сүйеуі, тірегі, осы жігіттер шетте аман жүріп, аман келсінші елге бәрі!..

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар