Бір мезеттік сәлем

Астанада тұратын ағайынымыз баласын үйлендірген. Ой саларлық тойдың өн бойы ұлттық нақышта өткен. Сол үйге тағы келіп тұрмыз. Ағайынымыз немерелі болған. Алдымен есікті келін ашты. Иіліп тұрып сәлем салды. «Көп жасаны» айтып, көңілім көкке жетіп қалды. Қатты қуандым.

Осы кезде бір шыжық болды. Бізбен серіктес болып келген жанымдағы жамағайын: «Ой, қарағым, мұның не? Қой ондайыңды», – деп безектеді де қалды. Тіпті, жүгіріп барып иығынан көтеріп жатыр. Одан жастау қонақ қолын қалтасына салып тұр. Шамасы, ақша қыстырғысы келгендей. Кіреберіс дәліздегі «ыңғайсыз» көрініс кім-кімнің де маңдайынан тер шығарғандай еді.
Сонда бұл не болғаны? Терең пәлсапаға барудың керегі жоқ. Бұл бәріміздің көз алдымыздағы, көптен келе жатқан ащы шындық. Оған көндігіп, етіміз үйреніп кеткен. Сәлемді былай қойып, келіннің қабағына қарағыштайтын дағды басымдық алғандай емес пе, қазір?
Сәлем салуды «ескіліктің сарқыншағы» деген сыңайда жылы жауып қойғанымыз рас. Олай болса, әжептәуір қызметтегі әлгі келін неге иіліп ізет қылады? Демек, уақыт өзгергенімен, ішкі әдет-ғұрып, ұлттық дүниетаным бәрібір ұмытылмайды. Адам баласының ең басты қуанышы – үйлену тойы беташарсыз өтіп көрді ме? Әрине, өтпейді.
Мәселе беташардың бәтуасын бағамдай білуде, қадір-қасиетін түсірмеуде ғой. Ең қымбат тілектеріміз, үміттеріміз осында айтылады. Сәлем салу осы тілектерді қабыл алдым, ел-жұртқа кіріктім, ағайынмен тағдырласпын дегенді білдірері хақ. Ұлық ұғымның тұтқасы – қайын жұртты ғана емес, қалың жұртты сыйлауда, іргені бекемдеуде. Дәл осы тұста ең басты тәрбиешіге айналуға тиісті асабалар («тамада» деген келіңкірейді) қолындағы қара домбыраның қасиетінен төмендеп жататынын, оны уағыз үні емес, табыс көзімен безілдететінін байқамайтын сияқты. Көпшіліктің ағыл-тегіл ақылы да аспанға ұшып жатады. Өйткені, ол терең тұздықталмайды. Осыдан келіп бір мезеттік сәлем пайда болады. Тойдан кейін ұмытылады.
Бұл орайда, ата-аналарға айтатын уәж де баршылық. Әсіресе, өздері де кезінде сәлем салған аналардың жауапкершілігі салмақты дер едік. Мұнда анау жақтың салты, мынау жақтың дәстүрі деген келіңкіремейді. Қазақы қалпымыз еліміздің ортақ құндылығы емес пе? Демек, әр нәрсенің жөні мен жосығы бар дегеннің өзінде, құт келіндердің сәлем салғанының несі ерсі? Алаштың ата-аналары, қадірлі құдалар, баршамыз ойланып көрейік.

Бақберген Амалбеков.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар