Сүйінші

Қаз-қалпында

Көптен бері ат ізін салмаған туған ауылдың түтінін иіскеудің сәті түскен. Әулеттің үлкені Жақсыбай ағаның шаңырағында отыр едік.

Кешкі ас кезі. Дастархан үстіндегі әңгіменің ау-жайы ауыл-аймақтың амандығы, қабағы түксиіп келе жатқан қыраулы қысқа дайындық мәселесі. Бір жақсысы, ілкіден жалғасқан дәстүр үзілмепті. Ауыл адамдары бір қолын екі ете алмай жанталасып жатқанымен, қолы қысқаларға қамқорлығын көрсетіп тұрады екен. Көлігі барлар жалғызілікті көрші-қолаңның шөбін, отынын тасысып, қауқары барлар қол ұшын беріп, шөпті маялап, отынды жарып, бар шаруаны бірлесе атқарады. Елдің ынтымағына риза болып отыр едік, әлден уақытта сыртқы есік серпе ашылып, әлдебір бозбала кіріп келді.

– Сүйінші! – деді әлгі бозбала Жақсыбай ағаға қарап, – дүниеге сәби келді. Ат ұстар.

– Бәрекелді! – деді қуаныштан өңі нұрланған Жақсыбай аға, – сен қалқам таңертең кел, сүйіншің дайын.

Бозбала сыртқа шығып кеткен соң Жәкеңе қарап:

– Дайын дүниені екі жүргізбей неге бере салмадыңыз, – деп жақаураттық біз.

– Қазақ түнде қорасынан мал шығарып бермейді ғой, – деді ақсақал, – ымырт үйіріліп қалды. Ауыл іші ғой ештеңе етпес, таңертең келгенде алдына салып беремін.  Балықтай қара тоқтым бар.

Үлкендердің әңгімесіне құлақ салып отырған кішкентай Алдияр аң-таң.

– Ата, – деді әлден соң, – сүйіншіні не үшін береді?

Атасы қамшы салдырған жоқ, кішкентай  балаға ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан атам қазақтың ата дәстүрін таратып айта бастады.  Жүрекжарды, қуанышпен көмкерілген, шаттықпен шырайланған осындай хабар жеткізген адамға сыйлық беру көргенді адамның ісі. Бұл дәстүр ағайын арасындағы сыйластықты бекіте түседі. Қуанышқа куә болу, оған ортақтасу да адамның бойындағы жақсылықтың көрінісі.

Білмекке құмар Алдияр да ұққандай:

– Ертең сабақтан бес алып келсем, өз атамнан сүйінші сұрауыма бола ма?

– Сұра, жаным, – деді Жақсыбай атасы, – сүйінші сұрайтын қуаныш көп болсын!

 Байқал БАЙӘДІЛОВ.

сурет bilimdiler.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар