Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Оңай олжа опық жегізді - АРҚА АЖАРЫ

Оңай олжа опық жегізді

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында азамат Мартыновқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Шортанды кентінде тұратын Мартынов ақша табудың оңай жолын таңдап, есірткі заттарын сатумен айналысуға бел байлайды. Ол осы істі қолға алған кезінде мұның ауыр қылмыс екендігін және сол үшін заң алдында жауап беретінін білген. Дегенмен, оңай олжаға құныққан ол заңды айналып өтіп, есірткі сату арқылы көп пайда табамын деп ойласа керек.
2017 жылдың тамыз айының соңында Мартынов 15 мың теңгеге салмағы 2,5 грамм болатын героинды сатпақшы болып келіседі. Есірткіні сатып алмақ болған адам басқа емес, ішкі істер бөлімінің қызметкері екендігін сатушы мүлдем сезбеген еді. Құқық қорғаушылар Мартыновтың әрекетін алдын ала біліп, оны бұлтартпас айғақпен қолға түсірудің амалын қарастырады.
Осылайша құқық қызметкері нашақордың рөліне еніп, есірткі сатып алуға келеді. Ақшаға құныққан Мартынов клиентке сұрағанын тауып беремін деп уәде етеді. Мартынов уәде еткен клиентіне тек 12 қыркүйекте ғана сұрағанын тауып береді. Ол уәде етілген 2,5 грамның орнына 1,3 грамм героин әкеліп, осы үшін 10 мың теңге ақша алады. Дегенмен, ол оңай жолмен тапқан ақшаны пайдаланып үлгермеді. Үйіне келген сәтінде полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Тінту барысында Мартыновтың үйінен 0,6 грамм героин табылды. Осылайша бұлтартпайтын айғақпен қолға түскен есірткі сатушының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Ақмола облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азамат Мартыновқа қатысты істі қарай келе, оны айыпты деп тауып, ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі 3 тармағы бойынша он жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға және жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтеуге шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Ақмарал АБИРОВА,
облыстық қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар