Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біз сыйлайтын киелі шаңырақ - АРҚА АЖАРЫ

Біз сыйлайтын киелі шаңырақ

Бұрын «татулық, береке, бірлік» деген сөздер маған жоғары деңгейдегі басшылар әйтеуір, өз баяндамаларында қолдана салар тіркестер сияқты көрінетін.  Қазір айналама қарап отырсам, бұл мүлде қате тұжырым екен. Әртүрлі мүддедегі тараптардың атыс, соғыс, бірін-бірі қырып-жоюға баруы бүгінде үйреншікті жағдайға айналып барады. Осының бәрін көргеннен кейін санаңа «Біз «жұмақта» өмір сүріп отыр екенбіз ғой!» деген ой келеді.

Олай дейтінім, Құдайға шүкір, іргеміз беріктігінен ынтымағымыз жарасып, айрандай ұйып отырмыз. Алайда, біз мұның барлығының аспаннан түсе қалған игілік еместігін түсініп алғанымыз жөн. Бұған  себепші – Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты ірі құрылымды құруға бастамашы болған аталған институттың Төрағасы, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ұлт Көшбасшысының міне, осындай сарабдал саясатының арқасында жан-жағымыздағы түрлі келеңсіз оқиғаларға қарамастан, қазақстандықтардың бірлігі жарасып отыр.
Осы татулығымыздың туын жықпай, нығайта түсуге біз өзімізді де жауаптымыз деп санаймыз. «Қазақстан» дейтін киелі шаңырақтың астына жиылған сан ұлттың бірі  болғандықтан, еліміздің өсіп-өркендеуіне шама-шарқымызша үлес қосуды өзіміздің азаматтық парызымыз деп білеміз. Ал, енді бұл бағытта атқарылып жатқан нақты істерге келер болсақ, 2005 жылы құрылған бірлестігіміздің  мүшелерінің саны күн санап толығып келеді.  Олардың барлығының да өз тіліміз бен мәдениетімізді сақтап қалуға мүмкіндік беріп отырған Мемлекет басшысына айтар алғыстары шексіз.
Жалпы, өңірде 300-дей армян азаматы тұрады десек, соның басым бөлігі облыс орталығын мекен етуде. Ал, қалғаны Степногорск қаласы мен Бұланды, Бурабай аудандарында. Олардың барлығы да балаларының өз тілдерін терең меңгеріп, салт-дәстүрлерін біліп өскенін қалайды. Осы орайда, аталған істе көбімізге «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінің көмекке келгенін айта кетейін. Өзім Севан өзені маңындағы Гавар қаласында туылғанмын. Анам ұстаз болды. Ереван мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген тіл маманымын. Қазір аталған мектепте армян тілін меңгеруге құлшыныс танытқан азаматтарға сабақ беріп келемін.
«Ереванда оқыған Рузанна Көкшетауға қайдан тап болды?», – деп ойлап отырған боларсыз. Жолдасым 2000 жылы жұмыс бабымен осында ауысты. Сосын артынша отбасымызбен Қазақстанға қоныс аудардық.  Бүгінде ұлықты ұл, қылықты қыз өсіріп, содан балдай тәтті немере сүйіп отырған жа-йымыз бар. Көңіл құрғыр, қашанда жас емес пе? Арасында би билеп, пианинода ойнап қоятын әдетім бар. Әйтеуір, жаныма жақын осы істермен айналысып, бар білгенімді шәкірттеріме үйретіп жүрмін. «Солнышко» атты би тобымыз да бар.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, армян жерінің қашанда басқыншылар көз алартқан мекен болғандығын байқаймыз. 1301 жылы алғашқылардың бірі болып христиан дінін қабылдаған ұлтымыздың жойқын геноцидке ұшырағанына 24-інші сәуірде тура жүз жыл толады. Бұл қаралы күнді біз де елеусіз қалдырмаймыз. Ал, жалпы, тарихи Отан-ымызбен қазіргі байланыстарымыз жаман емес. Екі арадағы барыс-келіс үзілген емес.  Қазір де бірлестігіміздің төрағасы Норик Маламян сол жақта жүр. Ол біздің Достық үйінен ашылған әдістемелік кабинетімізге қажетті ұлттық нақыштағы бұйымдарды алып келеді деп күтіп отырмыз.
Елбасының өзі келіп ашып берген бұл  берекелі шаңырақтан бізге де орын бөлініп отыр. Бір жағымыз – орыс, татар, поляктар, екінші жағымыз – әзірбайжандар мен кәрістер. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, көп жағдайда өзара тәжірибе алмасқанды жөн санаймыз. Мейрамдарымызды бірге тойлап, арқа-жарқа болып жатамыз. Мәселен, осы жуырда ғана «тэарндарагты» тойладық. Бұл иісі мұсылман қауымына ортақ мереке – Наурызға қатты ұқсайды. Яғни, қыстың ызғары артта қалды, енді көктемнің шуақты күндері келе жатыр деген ұғымды білдіреді. Ол «Құдай бізбен бірге!» деген мағына береді. Бұл күні жас жұбайлар жанып тұрған алау-дан секіріп, Жаратқаннан бақыт тілейді, олардың иықтарына лаваш жабылады. Пахлава, гата мен бастырма сияқты ұлттық тағамдарымызбен дастарханымызды жайнатып, оның артын думанға ұластырамыз. Жалпы, қазақ халқы мен армян ұлтының арасында ұқсастықтар көп. Мәселен, екі ұлтта да қонақжайлық пен баршаны бауырына басып тұратын мамыражай мінез бар. Ендеше, біз бұл бірліктің жібін үзбей, достығымызды ғұмырлы етуге әлі де атсалыса беретін боламыз.

Рузанна ДЕГОЯН,
«Бари» армян мәдени орталығы»
қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар