Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елімізге құрмет тілден басталады - АРҚА АЖАРЫ

Елімізге құрмет тілден басталады

Қазақ елінің әрбір азаматы мемлекеттік тілді жетік білмесе де, амандасып, хал-жағдай сұрасарлық деңгейге жетуге міндетті. Бұл – ел азаматтарының мемлекетшілдік ұстанымының басты белгілерінің бірі болып табылады.

Менің ойымша, адамда ниет болса, тіл меңгеру аса қиынға соқпайды. Өзімнің әкем – орыс, ал анам – украин қызы болса да, мектептегі мұғалімдерімнің, достарымның арқасында қазақшаны  тез үйреніп алдым. Әсіресе, Назгүл Құрманғалиева апайымның маған сіңірген еңбегі орасан. Бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ол осы тілдің бар шұрайы мен қадір-қасиетін ұғындыра алғандай. Соның арқасында менің қазақ тілін білсем деген құлшынысым артты, келе-келе оны өз ана тілімдей жақсы көріп кеттім. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген осы болар, бәлкім. Менің бойыма осындай сүйіспеншілікті дарыта білген ол жан қандай мадаққа болмасын лайық.
Осы ұстазымның жетекшілігімен түрлі деңгейдегі бірқатар байқауларға қатысып, біраз жетістікке де жеттім. Олардың қатарында «Мен – Қазақстан азаматымын!», «Абай оқулары» сияқты додалар бар. Осы сайыстарға дайындалып жүріп, Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздеріне тереңірек үңілдім. Ондағы философиялық ой-тұжырымдар кім-кімді болмасын, бейжай қалдырмайтын сияқты. Мені де терең ойға батырды. Тіпті, кейбір қара сөздердің, өлеңдердің  кейіпкерлерінен өзімді көргендей болдым. Бұл әрине, менің бойымдағы қай бір кемшіліктерді, жалпы, мінезімді түзеуге сеп болды десем, артық айтқандық емес.  
Бүгінде мен осы ауылдағы орта мектепте 11-сыныпта оқып жүрмін. Қазір «Алтын белгіден» үміттілердің бірімін. Болашақтағы арманым – энергетик болу. Оқуды бітіріп, елімізде мамандары тапшы болып саналатын энергетика саласында еңбек етсем бе деген ниеттемін. Сол себепті, физика пәнін сүйіп оқимын. Жалпы, «Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады» деген сөздің жаны бар. Біз еліміздің өркендеп, дамуына тек білікті маман болып үлес қоса аламыз. Бүгінгі заманның басты талабы осы. Ал, тілді білу маған болашақта кез-келген ортаға тез сіңісіп, жаңа достар табуға, қызметте абыройлы да жан-жақты маман болуға септеседі деп ойлаймын. Барша дос-тарымды да бұл іске селқос қарамауға шақырамын. Себебі, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.
Роман ВОРОЖБЯНОВ.

Жібек жолы ауылы,
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар