Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елбасының бастамасы: әлеуметтік жаңғырудың жаңа қадамы - АРҚА АЖАРЫ

Елбасының бастамасы: әлеуметтік жаңғырудың жаңа қадамы

Кеше Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, халыққа арнап жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі Ақмола облысының тұрғындары арасында зор қанағат сезімін тудырып отыр. Елбасының әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ, елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамаларын әлеуметтік жаңғырудың жаңа қадамы деп қабылдап отырған ақмолалықтардың қошеметті көңілдері мен жүрек түкпірлеріндегі ой-пікірлерінің алғашқы легімен оқырмандарымызды
таныстырып отырмыз.

Өмірлік маңызы бар бес бастама

Өз елі мен халқына адал қызмет етудің тамаша үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялап, қай кезде де өз отандастарының мүддесі бәрінен де жоғары екендігін көрсетті. Біздің еліміз тәуелсіздіктің қандай бір қиын кезеңдерінің өзінде де халықтың әлеуметтік мүддесін жақсартуды назардан қағыс қалдырып көрген емес. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің өздері қаржы дағдарысына ұшырап, әлеуметтік салаға бөлінген бюджеттік қаржыны азайтып, кей жағдайда еңбекақыларын төмендетіп жатқанда біздің ел жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қорғалған адамдарға көрсетілетін жәрдем, зейнетақы мен шәкіртақыны ұдайы өсіріп отырды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің де жалақылары жыл сайын өсім үстінде болды.
Енді міне, Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасында әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру қажеттігін алға тартты. Бұл өмірлік маңызы бар мәселе. Өйткені, Қазақстанда соңғы жылдары халық саны жақсы өсіп келеді. Жыл сайын үйленіп, үй болып жатқан жастарымыздың да қатары толығуда.
Ауылдардан қалаға көшіп келіп жатқан
жастар легі де жетерлік. Міне, осы тұрғыдан келгенде Елбасы тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру үшін өте маңызды қадам жасады. Бұл баршамызды қуантты. Ендігі арада жұмыс істейтін әр адам несиеге пәтер алып, оны өздерінің отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай жағдай жасалып отыр. Мұны әлеуметтік саладағы үлкен жеңіс деп бағалаймын. Сонымен бірге, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болып белгіленді. Бұл әсіресе, жастарымызға, әлеуметтік жағынан нашар қорғалған және жалақылары төмен жандарға өте тиімді болмақшы.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасының ендігі бір маңыздысы, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесі келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 10 есеге азайтылатындығы деп білеміз. Өйткені, түрлі экономикалық құрылымға байланысты Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшерінің де бір деңгейде еместігі жасырын емес. Мысалы, мұнай мен газ өндіретін аймақтағылардың айлық жалақыларын аграрлық өңір болып саналатын біздің аймақтың жалақысымен салыстыруға еш келмейді. Аграрлық өңірлерде еңбекақы әлі де төмен. Енді міне, жалақысы төмен адамдардың айлығынан 1 пайыз ғана салық ұсталады. Бұл төмен жалақы алатындар үшін үлкен қолдау әрі көмек, мемлекеттің қамқорлығы болып саналады.
Біз депутаттар Үкіметке сауал салу арқылы студенттерді жатақханамен қамтамасыз етудің мәселесін айтып та, көтеріп те жүрдік. Өйткені, тоқсаныншы жылдардағы жекешелендірудің алғашқы кезеңдерінде оқу орындарының көптеген жатақханалары меншік иелерінің қолдарына өтіп кеткені болды. Содан барып, Қазақстандағы кез келген оқу орындарында жатақхана жетіспеушілігі орын алды да, бұл келіп, олардың жалдамалы пәтерлерді жағалап кетулеріне әкеліп соқты. Қымбатырақ түсіп отырған пәтер ақыны төлеуге кейбіреулерінің жағдайлары да болмай қиналып жүргендіктері де жасырын емес. Білім алып жүрген жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін де шешетін кез келгендігін айта отырып, Елбасы 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жатақхана салу жөнінде тапсырма берді. Елбасының бұл жастарға деген қамқорлығы деп білемін.
Кешегі кеңестік жүйенің бір шеңберінде болған мемлекеттер арасында дәл Қазақстан сияқты шағын және орта бизнесті дамытуға қамқорлық жасай білген ел болған емес. Бұл орайда, тағы да Елбасы Қазақстандағы бизнестік ахуалды жақсартуды ұдайы өз назарында ұстап келеді. Енді міне тағы да шағын несие беруді көбейту мәселесі айтылды да, нақтылы тапсырмалар берілді. Бұл өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға тың жол ашады, үлкен демеу болады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілмекші. Елбасы 2018 жылы тағы да қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл шағын несие алатындардың санын 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық болатындығын, сөйтіп, олардың саны 14 мың адамға жететін болады. Енді осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалу керек.
Елбасының Қазақстанның түрлі аймақтарын газбен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыру жөніндегі бастамасының да маңызы бар. Әсіресе, Қызылорда облысының Қараөзегінен Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасының ұсынылуы өте маңызды. Өйткені, Елордасы Астана қаласы, одан кейін алты ай қыс бойы от жағатын Қазақстанның солтүстік өңірлері үшін мұның өмірлік маңызы бар. Сондай-ақ, бұл біздің Көкше өңірінің Бурабай курортты аймағын дамытуға, оның экологиялық жағдайын жақсартуға және бұла табиғатын сақтап қалуға зор әсерін тигізер еді.
Елбасы біздің алдымызға зор міндеттер қойды. Ол міндеттердің барлығы да елдің мүддесі. Олай болса, сол елдік мүдделерімізді өз игілігіміз үшін жаратуға бар күшіміз бен мүмкіндігімізді жұмсауға тиістіміз. Әрине, бұл үшін бізге еліміздің бірлігі мен халқымыздың ынтымағы керек. Бақ та, ырыс та, береке де ынтымақты жерге барады деген халқымыздың ежелгі бір даналығын әрдайым есімізде ұстап, Елбасының бес бастамасын орындауға құлшына кірісейік.

Рашит Әкімов,
Парламент Сенатының депутаты

Астана.

Ел ертеңі терең ойластырылған

Кеше Парламенттің бірлескен отырысындағы Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бас- тамасы» атты халыққа Үндеуінде ел өміріне қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Президенттің айтуынша, әрбір жұмыс істейтін қазақстандық ипотекалық несие алу мүмкіндігіне ие болады. Кредиттік сыйақы мөлшерлемесі жылына 14 пайыз емес, 7 пайыздан аспауы керек. Несие мерзімін 25 жылға ұзарту, адамдар үшін өте қолайлы көмек.

Жеке табыс салығы бойынша жалақыны салыстырмалы төмен алған қазақстандықтарды қолдау үшін салықты 10 есе азайту ұсынылады. Салықты төмендетуден құралған қаражат жұмысшылардың нақты еңбек ақысын арттыруға бағытталады. Нәтижесінде елдегі жұмысшылардың кем дегенде үштен бір бөлігі жұмыс берушілерге ауыртпалық салмай, 2 миллионнан астам адамның жалақысы өседі.
Сонымен қатар, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін жыл сайын 34 мың гранттың үстіне қосымша 20 000 грант бөлу туралы шаралар ұсынылды. Мұқтаждыққа қарай, 11 мыңнан астам грант техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды даярлауға, яғни, жаңа экономика мен өндірістік бағдарламаға деген сұраныс бар өңірлер үшін берілмек. Бұл 4-ші индустриялық революция жағдайында жаңа экономикада сұранысқа ие болатын мыңдаған мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. 25 мың орыннан кем емес жаңа студенттік жатақханалардың құрылысын бастау да ұсынылды. Осы мәселені шешу үшін жоғары оқу орындары мен колледждерге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс жасайтын девелопперлік компанияларға құрылыс жұмыстарын әзірлеу ұсынылды.
Президент микрокредиттеуді өткен жылмен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге ұлғайту тапсырылды. Осының арқасында өз бизнесін бастайтын азаматтар саны 2 есеге артып, 14 мыңға жететін болады. Президенттің айтуынша, бизнес ашу үшін шағын капитал қажет. «Егер біз микрокредиттер берсек, өзін-өзі қамтушы халық жұмыс істеуге мүмкіндік алады», – деп түсіндірді Елбасы.
Еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамту үшін Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша газ магистралін салу мәселесі көтеріліп отыр. «Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, елдегі экологиялық жағдайға жағымды әсер етеді», – деп атап өтті Президент.

Алтынбек БАЯНДИН,
Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру»
өңірлік кеңсесінің әкімшісі.

Баспана алушыларға керегі де жеңілдетілген несие еді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының кешегі отырысын бастан аяқ тыңдап шықтым. Онда алға қойылған 5 әлеуметтік бастамада ағымдағы жылдан бастап 7 пайыздық ипотекалық несие беріле бастау қажеттігі айтылды. Шынымен баспананың зарын тартып жүрген адамдардың бірі ретінде бұл жаңалықты аса қуанышпен қабылдадым. Бұл бастама баспана мәселесін шеше алмай жүрген азаматтарға үміт ұялатып отыр.

Осыған дейін елімізде үкімет тарапынан үй-күйсіз жүрген жандарды «Қолжетімді баспана — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспанамен қамтамасыз ету қолға алынғанын білеміз. Оны жүзеге асырудың бір жолы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына жүктелген еді. Бұл тұтынушыларға ұсынылып отырған баспаналы болудың жаңа әрі оңтайлы жолы болып саналады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке жалға берілетін үйлердің санын көбейту үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, оны жүзеге асыру туралы тапсырма берген болатын. Иә, Жолдауда жарты миллионнан астам жас отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету үшін Үкіметке «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын әзірлеу тапсырылғанынан көпшілік хабардар. Оған қоса, соңғы жылдары «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сияқты мемлекеттік бағдарламалар қолға алына бастады. Бірақ, одан қордаланып қалған пәтер кезегі одан сайын арта түспесе еш кеміген жоқ.
Елбасының бұл жолғы бастамасы халыққа жеңілдетілген несие беру арқылы тұрғындардың пәтерге деген мұқтаждығын толық шешіп бермесе де, кезектің ілгері жылжитынына нақты арқау болып отыр. Енді Президент бастамалары жаңа заңдар, жаңа нормативтік-құқықтық актілер қабылдау арқылы сапалы түрде жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл баспанаға мұқтаж тұрғындарға ипотеканы екінші деңгейлі банктер арқылы да алуға мүмкіндік берер еді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ғана жеңілдетілген ипотекалық несие беріліп жатыр. Ал, бұл банктің барлық өңірде бөлімшелері жоқ. Өз басым баспана мәселесін бір банкке қаратып қойған дұрыс емес деп есептеймін. Құны кем дегенде 6-7 миллион теңге тұратын автокөліктерді жеңілдетілген пайыздық көрсеткіштермен екінші деңгейлі банктер несиелеп жатыр ғой. Халықты автокөліктен гөрі, ең бірінші баспана мәселесі толғандырады. Сондықтан, бір ғана Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қарап отырмай, екінші деңгейлі банктерді осыған тарту құптарлық. Халыққа қай банк ыңғайлы болса, содан жеңілдетілген ипотекалық несие алғаны өте маңызды. Сонда кезек те тез жылжиды әрі банктердің арасында бәсекелестік туып, қызмет сапасы да, тіпті, тұрғындардың банк-терге деген сенімі де арта түсер еді.

Тәттігүл ЫБЫРАЕВА,
Көкшетау қаласының тұрғыны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар