Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында жуырда ғана 75 жасқа толған көрнекті ақын-жазушы, драматург, «Құрмет» орденінің иегері Төлеген Қажыбайдың «Қансоқта» және «Қанды қасап» романдарының тұсаукесері болып өтті.
Әдеби кешке зиялы қауым өкілдері, әдебиетші ғалымдар, ақын-жазушылар мен журналистер, оқырмандар мен студент жастар қатысты.
Әдеби кешті ашқан «Алтын Арқа» бірлестігінің жетекшісі, «Көкшетау» газетінің редакторы, ақын Серік Жетпісқалиев жазушы талантының көп қырлылығы, шығармашылығының aуқымдылығы мен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесін айта келе, қос кітап жайында пікір білдіру үшін сөзді жиналғандарға берді. Осы орайда, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат қаламгердің соңғы жылдардағы үлкен бір шығармашылық табысы болып табылатын «Қансоқта» мен «Қанды қасап» туралы өз айтарын әдебиеттегі «роман жанры» деген ұғымды талдап, екшеп беруден бастады.
Бұдан кейін қос кітап жайында сөз алған әдебиетші ғалымдар Дәулет Әмірұлы, Ғалым Мұсатай автордың бұған дейін біздің жақтың әдеби дүниелерінде қамтылуы кемшін осы бір күрделі де қажетті тақырыпқа қиналмай бара алғанын, бұған жазушының қалам қарымының мықтылығы, өткенді жақсы біліп, шымыр ширата алатын сұңғылалығы жақсы мүмкіндік бергенін қадай айтып өтті. Және алдыңғы әдебиетшінің бұл кітаптар тұрғысындағы өзінің оң пікірін бұған дейін мерзімдік баспасөз бетінде де білдіргені еске салынды.
Шынында, жазушының бұл романдары баспа бетін 2016 жылдан бастап көрген. Одан беріде кітаптың тұсаукесеріне қаламгердің өзі ыңғай білдірмеген екен. Солай бола тұра, «ештен кеш жақсы» демекші, облыстық кітапхана мен «Алтын Арқа» бірлестігі қосылып, осы шараны өткізуінің өзі өз жазушылық кредосында тағы бір кесек дүниеге барған автордың жанкешті еңбегіне деген толайым құрмет деп білуіміз керек. Мұны қаламгерге әдебиеттегі барлық туындылары топтастырылған электрондық дискіні тапсырған кітапхана директоры Талғат Ыбыраевтың жылы рәуішті құттықтауы да растай түсті.
Тұсаукесер рәсімінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қайырбай Төреғожа да сөз алып, қос романды оқып шыққандағы өз әсерлерімен бөлісті. Бұдан кейін кезек осы кітаптарды оқып, пікір түйген студент жастарға тиді. Олардың сұрақтарына жауап бергеннен кейін жазушы біржола бүгінгі тұсаукесердің жай-жапсарын да қорытындылай кетті. Соның ішінде өзінің айтуынша, романның бірінші кітабы небары 15 шақты күнде тез жазылғанын атап өтсек дейміз. Кітаптың желісі, ұзын-ырғасының бәрі ойда әбден пісіп, жетіліп, «жазу үстеліне қашан отырсам» деген күннің өзінде, бұл жазушының жазуға келгенде қамшы салдырмастай жүйріктігін, қаламының желінің шын мәнісінде молдығын көрсетеді. Сонымен бірге, жиналған көпшілік білгісі келгеніндей, қос романдағы Кенже, Қасым мен Тасым, Сәт сияқты басты кейіпкерлердің де прототиптері осы ауылдан, осы төңіректен болып шықты.
Сөз соңында бұл мазмұнды кештің өз деңгейінде ойдағыдай өтуіне кітапхана қызметкерлері Махаббат Ивахина мен Нұргүл Жанболаттың да елеулі үлес қосқанын айтпасқа болмайды. Олар дайындаған «Көкшеден ұшқан көк қаршыға» атты жазушы шығармалары көрмесінің әсіресе, осы тұсаукесер рәсіміне келіп, қатысып отырған жастар үшін танымдық әсері мол болғандығы айдан анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.