Бүгін шуақты көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Қазақ халқының кешегі және бүгінгі өмір соқпағында ақыл-парасатымен, ержүректі батылдығымен ел бастаған дана да қаһарман әйелдер аз болмаған. Сақтар ханшасы Томирис, қасиеті мол киелі Домалақ ана, Шоқанның әжесі Айғанымды, адал махаббат символдары Баян-Сұлу мен Қыз Жібекті, ел басына күн туған кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары тамаша ерлік жасаған Мәншүк пен Әлияны атасақ та жеткілікті.
Біздің аналарымыз бен әйелдеріміз, жалпы қыз-келіншектеріміз өздерінің бойына біткен қайыспас қайсарлық, ақыл мен терең ой, ар мен ұят, Отан мен отбасы алдындағы, ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен еңбекқорлық қасиеттерімен тәуелсіз Қазақстанның да қалыптасуы мен бүгінгі абыройлы дамуына да зор үлестерін қосты, әлі де қосып келеді. Бұл орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әйел тек қана адам баласына өмір сыйлаушы ғана емес, сонымен бірге, өмірдің өзі екендігін де тереңнен толғап айтқан осы бір ауыз сөзінің үлкен мәні мен ұлағаты бар.
Тәуелсіз елімізде Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында әйелдер қауымының алаңсыз өмір сүріп, табысты еңбек етулері үшін барлық жағдай жасалып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді. Респуб-ликамызда гендерлік тепе-теңдіктің Стратегиясы қабылданып, ана мен баланың мүддесі заңдық тұрғыдан толық қорғалғандығын да айтқан ләзім.
Ақмола облысында қазір жеті мыңнан астам көп балалы аналар бар. Олардың ішінде Елбасы Жарлығымен 2590 ана «Алтын алқа», 3785 әйел «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған. Осы бір тамаша аналарымызға деген айтар алғысымыз бен құрметіміз шексіз екендігін айтқым келеді. Біздің аналарымыз ұрпақ өсірумен қатар, халқымыздың басынан өткен небір қиын да күрделі кезеңдерде, атап айтар болсақ, кешегі колхоз құрылысының, Ұлы Отан соғысының отты жылдары мен тың және тыңайған жерлерді игерудің де алдыңғы сапында болды. Енді олар ардагерлер сапында жүр. Осы орайда есімдері әрдайым құрметпен аталар Шәмшия Айтжанова, Ольга Васильевна Витева, Күләш Темірбаева, Рита Сергеевна Костенко сынды тағы да басқа аналардың өмір жолдарының ғибраты мол.
Бүгінгі біздің қоғамымызды да әйелдерсіз көз алдымызға елестету тіпті де мүмкін емес. Кез-келген мемлекеттік қызметтің қай саласында болмасын, дәрігерлік пен ұстаздық, шағын және орта бизнес, әлеуметтік саланың барлық жүйелерінде әйелдер мен қыз-келіншектердің орындары басым түсері бар. Олар сонымен бірге күн сайын өз отбастары тіршіліктерін де аналық жүректерімен атқарып, ұрпақ өсіріп, айнала тіршіліктің жайнап, жасануына бар ғұмырларын арнайды.
Бұл күндері әйелдер халық шаруашылығының барлық салаларында жоғары жауапкершілікпен еңбек етсе, олардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділіктері де жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы қазір Ақмола облысының барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайланған 276 депутаттың 70-і немесе 25 пайызы әйелдер. Мемлекеттік қызметтің «А» корпусына 2 әйел кіреді, олардың бірі – облыс әкімінің орынбасары, бірі аудан әкімі. 20-дан астам әйел мен қыз-келіншек бір қатар облыстық басқармалардың басшылары және басшының орынбасарлары. 11 әйел аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, 52 әйел ауылдық округтер мен ауылдардың әкімдері қызметтерін атқарады. Құқық қорғау органдарында қызмет істейтін барлық қызметкерлердің 10 пайызы әйелдер болса, сот органдарында әйелдер саны 248 адамға жетіп отыр, олардың 45-і судьялар корпусының құрамына кіреді.
Шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп келе жатқан нәзік жандылар туралы ерекше сүйіспеншілікпен айтар едім. Біздің облысымызда 44 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері болса, соның 50 пайызға жуығын әйелдер басқарады. Олар жетекшілік еткен осы құрылымдардың басым дені ойдағыдай дамып, еліміздің өркендеуіне лайықты үлестерін қосып келеді. Көптеген әйел кәсіпкерлер қоғам алдындағы азаматтық парыздарын тереңінен түсініп, өз жұмысшыларына айтарлықтай әлеуметтік жеңілдіктер жасап отырады. Қайырымдылық шараларына қаржы бөліп, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына да үнемі қолдау көрсетеді. Осындай ізгі ниетті жандардың қатарында Целиноград ауданындағы «KAZYNA-SR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Сайра Матайбаева, Бұланды ауданындағы «Арна» астық қабылдау кәсіпорнының директоры Клара Меңдібаева, Ерейментау аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Тұрсын Әлиева, облыстық мәслихаттың депутаттары Елена Мащинская мен Ирина Жукова, Бурабай аудандық мәслихатының депутаты Гаухар Хамзина және тағы да басқаларын ерекше атап өтуге болады. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген көптеген әйел еңбеккерлердің қатарында Зеренді ауданындағы «Бекқожа» шаруа қожалығының жетекшісі Сабира Бекқожина,
Ақкөл ауданындағы «ТП-1» шаруашылығының басшысы Лиза Хамхоева және «Сандықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Наталья Тамбовцева сынды құрметке лайықты жандар бар.
Қазір біздің облыстағы білім беру саласында қызмет атқаратын 21 мыңнан астам педагог қызметкердің 82 пайызы әйелдер мен қыз-келіншектер болып табылады. Олардың арасында елуден астам ұстаз «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ғылымды дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған өз кәсіптерінің шынайы шеберлері. «Үздік педагог-2017» республикалық байқауының жеңімпаздары – Көкшетау қаласындағы №11 бала бақшасының музыкалық жетекшісі Әсел Қалиева, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Нұргүл Мұқышева, Көкшетау қаласындағы №18 орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы Айгүл Кенжебаева сияқты майталман ұстаздарды орынды мақтаныш етеміз.
Бізде бұлардан басқа да мақтан етерлік ұстаздар бар. Мысалы, Щучинск қаласындағы туризм және сервис индустриясы колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Гүлмира Мұқышева, Жақсы ауданындағы Запорожье орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Елена Алешина, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №3 мектеп-интернатының химия пәнінің мұғалімі Дана Ысқақова, Атбасар ауданындағы «Еркежан» №4 бала бақшасының тәрбиешісі Лилия Андрюшечкина, Целиноград ауданындағы «Алтын дән» бала бақшасының тәрбиешісі Жанна Ғалымжанова сынды жүздеген ұстаздар мен тәрбиешілердің еңбектері небір жылы сезімді алғысқа лайықты деп санаймыз.
Ал енді, өздерінің жеке өнегелерімен талай жасампаз істердің ұйытқысы болып жүрген өнер мен мәдениет саласында жүрген тамаша қыз-келіншектер жайлы ерекше бір шабытпен айтуға болар еді. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 1894 әйел шығармашылық қызметпен айналысса, солардың арасында 3 әйел «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің, 10 әйел Қазақстан Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткері, 37 әйел «Мәдениет қайраткері» және «Мәдениет үздігі» төсбелгілерінің иегерлері болып табылады. Бұл орайда өз көрермендерінің зор құрметіне бөленіп жүрген сахна шеберлері: Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкембаева, мәдениет қайраткерлері Жанар Құсайынова, Валерия Балиева, Айна Жүнісова, Маржан Бөкешова, Зафура Арзымбетова, Надежда Слепцова, Людмила Скуратова және тағы да басқаларының жұлдыздары өнер көгінде жарқырай түскелі қашан. Соңғы жылдары небір талғампаз ортада өз шеберліктерін паш етумен келе жатқан халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары Махаббат Мұхамеджанова, Эльмира Нысанбаева, Марина Зяблинцеваның әр жетістіктері де үнемі ел назарында жүр. Жетекші балетмейстерлер мен өнер ұжымдарының басшылары Гүлмира Ордабаева, Мәдина Тілеулина, Светлана Лузина, Айсұлу Байзақова, Виктория Манукян сынды тамаша өнер шеберлері облыстағы хореографияның дами түсуіне үлестерін қосып келеді. Ал, Виктория Семенованың жетекшілігіндегі «Полянка» үлгілі би ансамблі 2017 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Красные маки Победы» халықаралық өнер байқауының бас жүлдесі – Гран-приді жеңіп алып, еліміздің мерейін асыра түсті.
Бүгінгідей көктемнің шуақты мерекесінде денсаулық сақтау және спорт саласында да есімдері қашан болсын құрметпен аталатын абзал жандарды да шынайы көңілмен атаймыз. Бүгінгі таңда медицинада 8,5 мың қызметкер еңбек етсе, олардың 88,6 пайызы әйелдер. Бұл орайда Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Алма Раева, Степногорск қалалық емханасының педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Ұлпан Әбілева, облыстық перинатальдық орталықтың бөлімше меңгерушісі Зәуре Сүлейменова, облыстық онкологиялық диспансердің дәрігері Анар Жармұханбетова, спортшылар арасында жуырда ғана Оңтүстік Кореяда өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысып келген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері: биатлоншы Алина Райкова, шаңғышы Валерия Тюленеваның есімдері кеңінен мәлім. Ал, бокстан әлем чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Дина Жоламан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» кітабына еніп отыр. Динаның ізін жалғастырып жүрген Мөлдір Базарбаева бокстан өткен жылғы Азия чемпионатының күміс, Жансая Балтабекова Индияда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегерлері атанды. Әйелдер күресінен Ақмола облысынан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айна Теміртасова жастар арасындағы өткен жылғы Азия чемпионы атанса, Әлемгүл Сабырхан мен Нарқыз Ұзақбаеваның да каратэ-киокушинкайдан былтыр әлем чемпионы атанып, жалғыз Ақмола мен Көкше өңірлерінің ғана емес, қазақ елінің абыройын асырды.
Қазір құқық қорғау және бұқаралық ақпарат құралдары мен түрлі қоғамдық институт салаларында да жемісті қызмет етіп жүрген әйелдер мен қыз-келіншектердің де қатары аз емес. Осы орайда, Ақмола облыстық соты ардагерлер кеңесінің хатшысы Айша Сыздықова, Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі арнайы мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Айсұлу Жұматова, облыстық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Гүлнәр Пинчук, жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы, полиция подполковнигі Айгүл Нығматулина, Атбасар аудандық жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Ирина Шагорская өздерінің белсенді қызметтерімен құрметке бөленіп жүрген жандар. Ал енді, облыс аумағында қазір 97 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелсе, соның 40-ына әйелдер жетекшілік етеді. Облыстағы 700 үкіметтік емес ұйымдардың 25 пайызына жуығының басшысы да әйелдер мен қыз-келіншектер. Бұқаралық ақпарат құралдары кеңістігінде ұзақ жылдар бойы қажымай-талмай еңбек етіп келе жатқан «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Валентина Косянюк, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Айгүл Аманжолова, Светлана Ким, Мәдина Қасымова, тағы басқаларының да есімдерін құрметпен ауызға аламыз.
Осы күндері ортамызда жүрген көкіректері ояу, өмірден көрген-түйгендері мол әжелерімізге, өздерінің адал еңбектерімен күн кешіп, ұлттық салт-дәстүріміз бен отбасының қадір-қасиетін жақсы білетін арлы аналарымызға, барлық қыз-келіншектерге қоғамдық істерге белсене араласып жүргендіктері үшін әрдайым ризашылығымызды айтып отырамыз. Желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға адамгершілік-рухани тәрбие берудегі «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанынан құрылған әйелдердің көшбасшылық мектебінің, әйел саясаткерлер клубының жұмыстарын алдағы уақытта да белсенді жүргізе беретін боламыз. Ел игілігі жолындағы небір жасампаз істердің алдыңғы қатарында жүрген ақмолалық әйелдер қауымы алда да елімізді
талай жақсы бастамаларымен, ізгі өнегелерімен, өз табыстарымен қуанта береріне сенім мол. Баршаңызға 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!
Айна МЫСЫРӘЛІМОВА,
Ақмола облысы әкімінің орынбасары,
облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы