Кеше облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев облыс орталығында тұратын бір топ аналарды көгілдір көктемдегі ең алғашқы мереке – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Бәтима Әшірбекқызы мереке қарсаңында шуақты шаңырағына келген құттықтаушыларды аналық ақ пейілімен қарсы алды.
–Құрметті Бәтима Әшірбекқызы, мерекеңіз құтты болсын,–деді Асқарбек Съезбекұлы,–сізді облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан құттықтауға келіп тұрмыз. Сіз ең алдымен анасыз, ұлағаты мол ұстазсыз, ұл-қызыңызды өсіріп, немерелеріңіз бен шөберелеріңізді көріп отырсыз. Өмір жасыңыз ұзақ болсын. Ел тәуелсіздігіне қосқан үлестеріңіз де мол. Ендігі үлестеріңіз әжелік тәлім-тәрбие, өмірдің өнегесі.
Алаулаған құшақ-құшақ гүл, ақ жарма тілек аппақ нұрын сепкендей. Еңбегін елеп, жасын сыйлаған облыс басшысына ризалығын білдірген ардагер ұстаз өз өмірі жайында аз-кем айтып өтті.
Бәтима Аяғанова жарты ғасырға жуық ғұмырын білім саласына арнаған адам. Көкшетау қаласындағы педагогика училищесін бітіргеннен кейін бұрынғы Қызылту, Уәлиханов аудандарының білім ошақтарында еңбек еткен. Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Қайырбек Хасенов екеуі 63 жыл тату-тәтті тіршілік еткен. Осыдан төрт жыл бұрын, тоқсанға толған шағында жары дүниеден өтіпті.
–Пейіште нұрың шалқығай жолдасым Қайырбек 1941 жылы қан майданға аттанып, сегіз жыл әскер қатарында болған адам. Әскери шені капитан еді. Екі мәрте Ұлы Отан соғысы ордендерімен, кейін соғыстан кейінгі бейбіт замандағы ерен еңбегі үшін «Құрмет Белгісі» ордені және көптеген медальдармен марапатталған. Осындай мерекені қалт жібермейтін. Бүгін де есіме түсіп отыр,–дейді Бәтима Әшірбекқызы,–кеше Елбасының Үндеуін тыңдадық. Нағыз халықтың қамын жеген, жалпақ жұрттың жайын ойлаған бастамалар. Сол үшін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа аналық ақ алғысымды айтып отырамын. Тағы бір көтеретін, айтатын жай мұғалімдер мәселесі. Бүгінгі қоғам ұстаздардың беделін көтеру керек. Бүгінгі мереке мұғалімдерге де әбден қатысты. Өйткені, білім беру саласының жүгін арқалап келе жатқандардың басым көпшілігі қыз-келіншектер. Біз тәрізді ардагерлерге құрмет көрсетіліп жатса, ол білім саласындағы қыз-келіншектерді көрсетілген құрмет деп ұғамын.
Мария Кондратьева 1928 жылдың тумасы. Ұлы Отан соғысы жылдары фабрика-зауыт училищесін бітіргеннен кейін 14 жасында Көкшетау қаласындағы аспап жасау зауытына жолдама алған. Кейінгі тіршілігі осы кәсіпорынмен тығыз байланысты. Өмірдің талай өткелектерінен өтіп, тіршіліктің ыстық-суығына көндіккен. Қиындықты жеңген. Тұла бойындағы нәзіктік пен қайсарлықтың арқасында. Мария Алексеевна да мереке қарсаңындағы ыстық ықыласқа дән разы болып қалды. Бұл шаңырақта да Асқарбек Съезбекұлы Мария Алексеевнаға, барлық аналарға арналған таңның мөлдір шұғыласындай жарқын тілегін жолдады.
Ардақтасақ аналарды ардақтайық. Бейбіт өмірдегі берекені сүттей ұйытып тұрған да солар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.