Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Интернетке» байланған балалық шақ - АРҚА АЖАРЫ

«Интернетке» байланған балалық шақ

«Сол түнгі құрттың дәмі әлі күнге аузымнан кетпейді…
Біздің Біржан сал ауданындағы Сәуле ауылының күнгей беткейінде бір кейуана тұрды (өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңші, аты да есімнен шығыпты). Жатаған үйден бізбен ойнайтын бала шықпайтынына таң қалатынбыз. Жалғыз қалай тұрады екен?
Оны ойлап жататын уақыт жоқ бізде. Шаңдатып ары өткенде, бері өткенде тоқтатып, қолымызға құрт уыстататын. Ауызға салса еріп кететіні де, сықпасы да бар. Кейде өзі шақырып, біз ұқпайтын әңгіме айтады. Қолымызға құрт тиген соң, тұра-тұра шабамыз. Осыған да қанағат ету жоқ. Қас қарайысымен жатаған үйді жағалаймыз. Құртты ұрлау оп-оңай. Шатыры жоқ үйдің төбесі аласа, тіпті, болмаса есікпен өрмелеп шыға саламыз. Балауса шыбықпен өрілген себеттен қолымызға түскенін қалтамызға саламыз. Іштен «ай-ай!» деген дауыс шығады. Тұра қашамыз. Бірақ, бір рет те артымыздан қуып көрген емес.
Арада қанша күн өткенін білмеймін, тағы да жортуылға шықтық. Қырсыққанда, шам ұзақ жанды. Бір кезде жалп ете қалды. Лап бердік. «Ай-ай!» шықпады. Қалтаны былай қойып, жайланып етегіне салып жатқандар бар. Үйге алып бармаймыз ғой. Екі үй айналып, жерге жалп-жалп отыра қалып, олжамызды тіске басып жатырмыз. Сықпа екен. Қаттылау көрінді. Әр жерден «тіфу-тіфу» деген дауыстар жиіледі. Жарығы бар жалғыз столбаның астына жиналғанымызда бір-бірімізге саусақ сілтеп, ал күлейік. Құртымыз күні бойы күнге күйген балшық екен».
Бұны осы ауылдың тумасы Самат деген досымнан жазып алып ем.
***
«Ініміз екеуіміз каникул кездерінде жездеміздің ауылына (ненің 20 жылдығы екенін қайдам, әйтеуір «20 жылдық» аталатын) жиі баратынбыз. Бізбен тетелес жиендер бар. Жатырқау деген жоқ, ауыл балаларымен алақұйын ойнаймыз. Әсіресе, жазғы кездегі қызыққа тоймаймыз. Денемізді су сорғанына қарамастан Келестен шықпаймыз. Қос қапталдай қуып, жейдемізбен балық ұстаймыз. Белесебеттің насосымен қайта-қайта жел беріп, құм үстінде доп қуамыз.
Бұдан жалыққанда екіге бөлініп, «майдандасамыз». Бәріміздің қолымызда адам танып болмайтын маркадағы ағаш «қару-жарақ». Таласамыз. Ақырында жеребе тартып, бір жағымыз «сәбет» боламыз. Анау бұтаның арасынан, мынау жарқабақтың панасынан «дыр-дыр» деген дауыстар тынбай шығып жатады. Міндетті түрде «сәбеттер» жеңуі керек. Қарсы жақтың баласы «оқ тисе де» құламаса жанжал шығады, төбелеске ұласып жататын жағдайы болады. Таласудың пайдасы жоқ. Бәріміздің үкіміміз біреу. Ақырында әлгі қайтпас неме жеңілгенін мойындайды. Өзен жағасы «урамен» жаңғырады.
Сол кездері ұйқы деген болмайды-ау деймін. Түннің өз қызығы бар. «Алтыбақан» тебуге жас-пыз. Есесіне жасырынбақ ойнаймыз. Қашанғы ойнайсың. Ортамыздан батылдау біреу шығып, қауын-қарбыз ұрлауға азғырады. Ешкімнің қорқақ атанғысы келмейді.
Бұл менің бірінші жорығым еді. Қараңғыда жүрегім аузыма тығылып, кімнің огороды екенін білмеймін, шағындау бір доңғалақты ала қаштым. Адасып қалмауды ойлап, үйге тартқанмын. Қазан-ошақтың алакөлеңкесінде жиендерім отыр мәз болып. Қолындағы қарбызды жерге жарып, жеп отыр. Мен де соқтым, аппақ! Айналамда келемеж күлкі. Осыны есітті-ау деймін, сол кездің өзінде сексенді жағалатып қалған әжеміз (жарықтық 103 жасаған) көрінді таяғын тықылдатып. Жанымдағылар жанталасып олжаларын жасырып жатыр. Мен қолымдағымен сопиып тұрып қалыппын. Ауылда бұл кісінің алдына келетін жан жоқ. Ыржың-ыржыңдардың да басы салбырап кеткен. Әлден уақытта таяғын тарс еткізді де, «Шапшаны (піспегенін) неге жұлдың!» деді де, бұрылып кете барды. Ешкім ұрмаса да жылап жіберіппін… «Балалық шақтағының бәрі сабақ» дегеніміз осы шығар».
Мұны мен айтып отырмын.

Балалық шақ – адам баласының базарлы шағы. Бақыт дегеніміздің баламасы да осы шығар, бәлкім. Қазіргі балалық шақ интернетке байланып бара жатыр-ау. Қадірлі оқырман, сіз не айтасыз?

Бақберген Амалбеков.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар