Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласында болып, жергілікті бизнес өкілдерімен екіжақты сауда-экономикалық қатынасты дамыту және өңірге инвестиция тарту мәселелерін қарастырды.
Сапар барысында облыс әкімі Dubai Investments Park басшылығының қабылдауында болды. 2,3 мың гектарды алып жатқан оның аумағында өнеркәсіптік және коммерциялық нысандардан басқа тұрғынжай кварталдары орналасқан. Бұл жердің 95 пайызға жуығы жалға алушылардың иелігінде, олар EXPO-2020 халықаралық көрмесі өткізілетін аумаққа көрші орналасқандықтан, мол пайда келтіреді деп жоспарланып отыр. Аталмыш индустриалды парктің 550 гектарын өнеркәсіп және сауда, инфрақұрылымдық саладағы кәсіпорындарды орналастыруға арналған дайын және қолайлы жабық алаңдар алып жатыр. Дубайда салық төлеудегі жеңілдіктер бизнестің дамуына он ықпал етуде. Сол себепті, кәсіпкерлер EXPO-2020 көрмесі кезінде пайдасы тиетін кеңсе, қойма және өнеркәсіптік нысандардың қажеттігін осы бастан ойластырып қойған. Кездесуде өңірге инвестиция тарту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, облыс басшысы Дубайдың сауда-өнеркәсіптік палатасының штаб пәтерінде осы ұйымның басшысымен кездесті. Онда Ақмола облысында шығарылатын ұнды Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығару мәселесі сөз болды. Қазақстандық 800 тонна экспорттық ұнның алғашқы коммерциялық партиясын «INTER TRADE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ағымдағы жылдың наурыз айында жеткізді.
Арабтардың пікірінше, ақмолалық ұн жоғары сапасымен ғана емес, экологиялық тазалығымен де ерекшеленеді. Ол МЕМСТ 26574-85 және ИСО 9001-2009 стандартына сай болып отырғанын айта кеткен жөн. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты сауда-экономикалық қатынасты одан әрі дамыту туралы келісімге келді. Алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірліктеріне облысымыздағы өзге де тауар өндірушілер ұн экспорттайтын болады.
Аслан Оспанов.