Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі, Науан Хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин: «Бірінші имамдар форумы дін төңірегіндегі шешімін күткен өзекті мәселелерді қарады» - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі, Науан Хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин: «Бірінші имамдар форумы дін төңірегіндегі шешімін күткен өзекті мәселелерді қарады»

Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жуырда Астана қаласында Қазақстан имамдарының бірінші форумы өткізілді. Бұл алқалы бас қосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі қызметін дамытудың тұжырымдамасы қабылданды.  Осыған орай, елімізде мұндай форумның тұңғыш рет өткізілуін ескере отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  Ақмола облысындағы өкілі, Науан Хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас  имамы  Қанат Қыдырминнен діни құрылтайдың жұмысы жайлы ой-пікірін сұрастырып білген едік.

–Құрметті Қанат Қоянбекұлы, бұл имамдар форумы еліміздің діни өміріндегі айрықша оқиғалардың біріне айналды. Олай болса, мұндай бас қосудың басты мақсаты туралы өз ойыңызды ортаға салсаңыз?
–Мен өз әңгімемді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сөзімен бастағым келіп отыр. Ол журналистерге берген сұхбатында: «Жаңа ғасыр имамын тек мешітке қатысты құлшылық амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды. Бүгінгі имам біз күткен дәрежеден биік тұруы тиіс. Әрбір мешіт қызметкері қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттаса алатын рухани көшбасшыға айналуы қажет. Имамды ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы дер едім. Діндарға қарап, дінді танимыз» деген еді.
Шынында, біз имамды мешітте бес уақыт намаз өткізіп, жаназаға қатысатын адам ретінде көбірек елестетеміз. Бірақ, бұл мүлде олай емес қой. Бұрынғы исламды таратушылар да рухани көшбасшылық құндылықтарды бәрінен биік қойған жоқ па еді. Бүгінгі жаһанда арпалыстар мен аласапырандар белең алып тұрғанда  барша адамзатты ынтымаққа үндеген асыл дінімізді арқа тұтатындардың қарасын көбейтіп,  бұл дін тек ізгіліктің, мейірімділіктің асыл арқауы екенін жеткізу жауапкершілігі мол іс. Дін қызметкерлерінің өзін ғана емес, олар ең алдымен өзгені де түзеуге үлес қосатынын ұмытпасақ керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ның бір хадисінде: «Имам – басшы, әрі қарамағындағы адамдарға жауапты» делінеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі қазақ елінің өз қотырын өзі қаси алатын жағдайға жеткенін ескеріп,  мешіт қызметінде жүрген имамдар діни біліммен бірге, дүниенің де бар ілімін бойына жинағаны абзал.
Міне, имамдар форумында айтылған басты мәселелердің бірі осы – қасиетті дінімізді өркендетіп, имамдар білімін арттыруға барынша ықпал ету болып табылады.
–Бұл алқалы жиында дінді дамытудың тұжырымдамасы қабылданғанын білеміз. Осы жайлы да айтып өтсеңіз?
– Форумда қабылданған басты құжаттардың бірі – діни қызметті дамытудың 2020 жылға арналған тұжырымдамасы дер едім. Мүфтиятпен ұсынылған бұл құжат еліміздің діни басқармасының өз жұмысын жаңа арнада жүргізуге мақсат ұстанатынын көрсетеді. Себебі, бұл тұжырымдамада діни рәсімдерді жүргізуден бастап, білім беру, кадр әлеуетін жақсарту және дін қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру сияқты мәселелер қамтылып отыр.
Біз осы күнге дейін сыртқа көбірек қарайлап келдік. Бұл діни құндылықтарды дамыту мәселесіне байланысты да  өрбігенін білеміз. Елбасымыз да шетелде діни оқу оқитын жастардың ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан Әбу Ханифа мәсхабы негізінде білім жинағаны қажет екенін айтқан еді.
Нағыз мұсылман мен имамның имани келбеті қалай болу керектігі де бүгінде ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Өйткені, имамның Алланың алдындағы жауапкершілігі өте жоғары тұлға екенін де білеміз. Рухани білім де, дүниеауи таным да имамның дәрежесін көтереді.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған ел мұсылмандарының бұл форумы осы келелі мәселелерді талқылауымен маңызды екенін айтар едік. Қазіргідей әлемде исламға мол қауіп төніп тұрғанда, ислами құндылықтарды жаңа арнада дамыту арқылы діннің қадір-қасиетін түсіндіруге де мүмкіндік береді. Діннің өз ішінде жат ағымдардың жетегіне түсіп, адасып жүрген бауырларымызды да ата-баба ұстанған дәстүрлі шариғат жолына салуға ықпал ететін болады. Өйткені, бұл тұжырымдамада елімізге келіп жатқан теріс діни әдебиеттерге тосқауыл қойып, ондай еңбектерді өзімізде басып шығаруға да баса назар аударылмақ. Сондықтан біз, бұл форумнан кейін дін саласында да жаңа  өзгерістер бастау алады дей аламыз.
Тұжырымдамада дінді уағыздаушылар арасында ислами сенім негіздерінің төңірегінде пікір қайшылықтары  кездесетіні айтылып, мұны жекелеген экстремистік, саяси топтар өз пайдаларына жаратуға тырысып отырғандығы осындай келелі бағдарлама қабылдауға негіз болғанын байқаймыз.
Неге десеңіз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  еліміздегі бірден-бір ислами ұйым болғандықтан,  діни ахуалға жауапкершілікпен қарайтыны анық. Демек, жақсы істермен бірге, аракідік көрініс беретін жағдайларды да тиімді шешудің жолдарын қарастырады.
Алдағы жылдарда дәстүрлі ислам дінін дамытып қана қоймай, діни басқарманың беделін арттыру, осы арқылы ел мұсылмандарының  басын ортақ мүддеге жұмылдыру көзделеді. Әсіресе, кадрлық әлеуетті нығайтып, исламдық білімнің отандық жүйесін дамыту да басты назарда ұсталатын болады.
Бұған біз де өз үлесімізді қосуымыз керек. Бұл бізге болашаққа бағдар болар бағдарлама екенін де түсінуіміз қажет. Мысалы, Ақмола облысынан қазір еліміздегі діни жоғары оқу орны – «Нұр-Мүбәрәкта» қырыққа тарта студент, бұдан басқа медреселерде де жүзге таяу шәкірт діни білім алуда. Ертеңгі күні бұл кадрлар аталған тұжырымдаманы жүзеге асыруға атсалысады деп сенеміз.  
– Форумда дін қызметкерлерінің  беделін арттыру жөнінде де сөз қозғалғанын естідік.  Шынында, дін адамы қандай болуы керек деген
сауал көпшілікті де толғандырады. Осы жөнінде де айтып өтсеңіз?
– Имамдар форумында қабылданған құжаттардың қатарында «Имамның тұлғалық келбеті», «ҚМДБ-сы қызметкерінің этикасы», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» жайлы жаңа жобалар бар. Мысалы, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Мен мінез-құлықты толықтыру үшін түсірілдім» десе, енді бір риуаят етілген хадис әңгімеде бір адамдар пайғамбардан: «Дін деген не?» деп сұрағанда, ол: «Дін – көркем мінез» деп жауап береді. Сондықтан, ислам адамдарды  сыртқы киімі мен түр-пішінін өзгерту үшін емес, Жаратқан Аллаға ғана табыну және мінез-құлықты ізгілік жолына қарай түзеуге келген. Ислам дінінің негізгі өкілдері және үйретушісі имамдар болғандықтан, бұл мәселенің жауапкершілігі алдымен дін қызметкерлеріне жүктелетіні бар.
Міне, имамдарға қойылатын басты талап та – білім болмақ. Қазір қарапайым жамағаттың да діни білімі мен танымы көп биіктеді. Олай болса, халықтың ортасында жүретін имамдар да білімді бас-ты орынға қоюы тиіс. Себебі, жамағат тарапынан жолданатын кей сауалдарға өзінің білімсіздігінен жауап бермеуге қымсынып, өзінше пайым жасайтындар да жоқ емес.  Оны Бас мүфти де бір сөзінде айтты. Мұндай білімсіз берілген пәтуә  өте қауіпті ғана емес, оның соңы құрдымға жіберетіні еске салынды.
Одан кейін имамның бойында барлық жақсы мінез-құлықтар болуға тиіс. Ол өзі кішіпейіл, мейірімді, жомарт және өте қарапайым болғаны абзал. Өйткені, барлық пайғамбарлар қарапайым болып өмірден өтті.
Сонымен бірге, имам өз туған жерін сүйетін және тақуалығы да басқадан жоғары тұруы керектігі де аталған құжаттарда баса айтылады. Жалпы, бұл форум біздің мұсылмандар үшін жаңа кезеңге қадам басқан жаңа арна болғанын да айтуға тиіспіз. Бұл өз кезегінде бізге діни қызметті бұдан да жоғары жауапкершілікпен атқаруға мол ықпал етеді деп сендіре аламын.
Сұхбатты жүргізген Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар