Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Эльбрустың ұлы, малқардың мақтанышы - АРҚА АЖАРЫ

Эльбрустың ұлы, малқардың мақтанышы

Қазақ халқының ұлттық және рухани жаңғыруын көздейтін Қазақстан Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ТҮРКСОЙ халықаралық ауқымда атқарып жатқан жұмыспен үндес. Көктемнің алғашқы күндері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің шығыстану факультетінде түркі халықтарының ақыны, дара тұлға Қайсын Кулиевтің шығармашылығына арналған «Түркі даласының ұлы ақыны» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шараны ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырды. Қазақстан халықтары ассамблеясы жанындағы түркі халықтарының этномәдени ұйымының жетекшілері мен мүшелері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының оқытушылары мен білімгерлері қатысты.

Дөңгелек үстелді шығыстану факультетінің деканы, PhD Ықтияр Палтөре Молдатөреұлы ашты:
– Құрметті зиялы қауым, қымбатты қонақтар, студенттер, бүгінгі жиынға қош келдіңіздер! Факультеттегі түркі тілдерін оқытатын Түрксой кафедрасы жаһандану заманында алыс-берісті нығайтуда қызмет етіп келе жатыр. Бұрын араб қарпімен жазылған түркі дүниесінің тарландарын зерттеп, аударып жүретін заман болды. Сол заманда Мұстафа Шоқай сынды талай түркі алыптарын еңбектері тәржімаланып келді. Ал, енді түбі бір түркі халықтарына келетін болсақ, осында отырған түркі халықтары
аудармашысыз түсінісеміз. Мұның өзі біздің тамырымыздың бір екендігін көрсетеді.
Бүгінгі шара балқар халқының біртуар тұлғасы, «әлем ақыны» атанған Қайсын Кулиевтің шығармашылы-
ғына арналып отыр. Бүгінгі шарадан жиналған студенттер үлкен рухани азық алады деп ойлаймын. Бүгінде Түркі мәдениетін және өнерін дамыту Халықаралық ұйымы үлкен қызмет етіп келеді. Қазақстан – бұл ұйымды құрушы мемлекеттердің бірі. Бұл ұйымды көп жылдардан бері Қазақстанның бұрынғы Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов басқарып келеді. Қазақстанның Мәдениет министрлігінің өкілі шығыстанушы-ғалым Асқар Тұрғанбаев ағамыз осы шараны өткізуге Анкарадан арнайы келіп отыр. Факультетімізде осындай игі шараны өткізуге мұрындық болған Асқар ағамызға ризашылығымызды білдіре отырып, алғашқы сөзді Асқар ағамызға береміз.
Қазақстанның Мәдениет министрлігінің өкілі Асқар Тұрғанбаев:
– Құрметті ел ағалары, студенттер қауымы! Өздеріңіз жақсы білетіндей, ТҮРСКОЙ ұйымының мақсаты түркі тілдес халықтар мен ұлыстар арасында достық қатынастар құрып, ортақ түркі мәдениетін, тілін, тарихын, өнерін, әдет-дәстүрлерін зерттеп, насихаттау, сақтау, болашақ ұрпақтарға мұра ету. Сол үшін Түркі дүниесі халықтарының ортақ рухани мұраларын тарихын, тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен өнерін біртұтас күйінде ғылыми зерттеулерін күшейту.
Бүгінгі дөңгелек үстелдің тақырыбы «әлем ақыны» атанған Қайсын Кулиев туралы болмақ. Өткен жылы қараша айының бірінде Нальчик қаласында малқар ақынының 100 жылдығы атап өтілді. Осы үлкен жиынға әлемнің түкпір-түкпіріндегі түркі әлемінің мұрасын жан-жақты зерттеп жүрген ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері, бірталай туыстас елдердің ақындары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазақстаннан ақын, журналист, ғалым Темірғали Көпбаев, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы Әділғазы Қайырбеков өмірлері өзгерсе де өлеңдері өзгермеген, ауылдары алыс-
таса да көңілдері қашықтамаған Малқар елімен қауышып, ұлы ақынның рухына тағзым етіп оралды. Бұл шара жалғасын тауып, 7-8 желтоқсанда Бакуде, жақында Қырғызстанда өткіздік. Бүгін алмас жырлардың иесі Қайсын Кулиевтің екі кітабын сіздерге алып келдік. «Тәңірімнің қылышы» атты өлеңдер жинағы жеті түркі тілдеріне аударылған. Екінші кітабы «Бұл таулар тұрғанша» деп аталады.
Бұдан кейін осы екі кітаптың тұсаукесер рәсімін белгілі ғалым Дандай Ысқақұлы мен ақын Қайсын Кулиевтің шырғалаңға толы ғұмыры, оның өр рухы мен өлеңдері,
насихатталуы, аудармаларының қазақ оқырмандарына жетуі туралы қонақтар көптеген ойлармен бөлісті.
Түркі халықтарының мәдени қорының президенті, «Түркі әлемі» халықаралық газетінің бас редакторы Ахмет Дағдұран:
–Тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміздің өзге халықтарымен бірлік пен ынтымақтастық қарым-қатынасы күн санап артып келеді. Оның ішінде Қазақстанда тұрып, қызмет етіп, осы екі елдің арасында алтын көпір болып жүргенімізге аса қуаныштымыз. Біздің қор қазақ елінің әдебиетін, мәдениетін, өнерін шет мемлекеттерге таныстыруда үздіксіз еңбек етіп келе жатыр. Түркия елі Мағжан ақынды өте жақсы таниды. Оның бір себебі ақын өлеңдері аударылып, қалың оқырманға танытылуда. Біз түбі бір түркі халықтары деп жиі айтамыз, болашақта бір-бірімізді қолдап, бір болуға ұмтылуымыз керек деген ойдамын. Ал, енді малқар мақтанышы Қайсын Кулиевті дәріптеп, танытып жатқан ТҮРКСОЙ ұйымына алғысымыз шексіз. Осы шығыстану факультетіндегі шараларға жиі қатысамын, осындағы студенттердің білімге құштарлығы, өзге елдердің тілін меңгеруге деген ұмтылысы керемет байқалады, бұл жақсы нышан. Мұндай ақылды, білімпаз жастар бүкіл түркі әлемінің келешегі. «Мен жастарға сенемін» деген Мағжан Жұмабаев. Бүгінгі шара құтты болсын!
Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы:
– «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей Қайсын Кулиев тек өз өз халқының емес, түркі жұртының да ақыны саналады. Қайсын Кулиевтің өмірі шырғалаң ғұмыр десе болады, ақ қар, көк мұзды жастанып жүріп, соғысты да көрді. Оның замандастары мен тұстастары башқұрт Мұстай Кәрім, қалмақ Давид Кугультинов, авар Расұл Ғамзатовтар болды. Осында келерде Ұлттық кітапханадан Роллан Сейсенбаев жазған «Осынау төрт ақынның жырлары – ХХ ғасырдағы тұтас бір ақындық дәуір болатын. Олар өз елінің терең поэзия әлеміне зор ықпал жасады. Олардың өлеңдерінде Отан бейнесі асқақтады. Олар шынайы халықтық ақын ретінде қалыптасып өсті. Олар өз ел-жұртының келбетіне беймазалықпен, тежеусіз құштар үмітпен, аяулы аңсармен аялай үңіле қараған ақындар болатын» деген жолдарды оқыдым. Олар шын мәнінде ХХ ғасырдың ұлы ақындары болатын. Ол – тау шыңдарының арасында өскен Эльбрустың ұлы еді.
Қайсын Кулиев: «Тіл тағдыры – менің тағдырым» деген. Бұдан артық не дерсің!
–М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Алимжан Хамраев:
«Бүгін жыр алыбы Қайсын Кулиевке арналып жыр кеші өтіп жатыр. Бағанадан бері көп нәрсе айтылды. Мен бір ғана жайтты айтқым келеді. Қайсын Кулиевтің «Тастың жүрегі жаралы» деген өлеңі бар. Тас, өздеріңіз білесіз, қатты болып келеді. Неге ол жаралы? Бұл жерде символдық характер бар. Мықты өр халықтың айта алмаған шындығы бар. Кулиевке «Жаралы жартас» жыр кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық берілген. Оның өлеңдерінде тау-тасты жырлау басым болып келеді. Мұндай поэзияның басқа да сол замандағы ақындарға ықпалы болғаны анық. Мысалы, осы кездерде Олжас Сүлейменовтей ақындар шықты жарқылдап.
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музейінің басшысы Әділғазы Қайырбеков Нальчикте болған сапары туралы қызық естеліктер айтты.
–Біздің сапарымыз «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды. Кавказ тауының бөктерінде, Нальчик өзенінің бойында орналасқан қала екен. Нальчик деген сөз «нәлші, тағалаушы» дегенді білдіреді. Малқар таулары тағаша доғаланып ерекше сұлу көрінеді екен. Осындай табиғат аясында тау тәрізді өр мінезді жырлар ғана туады. Сапарға шығарда музейді ақтардым, 1970 жылы Мәскеуде Қайсын Кулиевтің Сәбит Мұқанов, Рождественский сынды алыптармен түскен суретін тауып, үлкейтіп оны Жазушылар одағына апарып табыстадым. Ақынның Елизавета Кулиева деген серігі болған, жас айырмашылығы 30 жыл болса да, бір-бірін ерекше құрметтеген, сол жары бір естелік жазған екен, – деп Елизаветке арналған өлеңін оқып берді.
Түрксой кафедрасының меңгерушісі, доцент, шығыстанушы ғалым Төрәлі Қыдыр:
– Эльбрус – Үлкен Кавказдың Бүйір жотасындағы ең биік шың, Минги-тау деп атайды. Осы шыңдарға қарап өскен Қайсын Кулиевтің жырлары да биік болуы заңды құбылыс. «Түркітану» мамандығында оқитын студенттерде «Қазіргі түркі халықтарының әдебиеті» пәні өткізіледі. ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен шыққан кітаптар, аудармалар біздің студенттерге рухани азық болатыны сөзсіз. Малқардың мақтанышы ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы талай зерттеу еңбектері жазылатыны хақ.
Кеш соңында студенттер Қайсын Кулиевтің жасын жырларын төкпелеп оқыды: арнайы келген жас ақын Мақпал Мыса «Таң жұлдызы» өлеңін тамылжыта оқыды.
Қонақтар дәстүрге айналған факультеттегі Шығыс мұражайындағы экспонаттарды тамашалады. Студенттер дөңгелек үстелге қатысушы қонақтармен естелік суретке түсті.

Гүлжамал Қортабаева,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының доценті

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар