Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Даралықты даладан, даналықты ағадан дарытқан - АРҚА АЖАРЫ

Даралықты даладан, даналықты ағадан дарытқан

Кеше облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында талапты да талантты ақын Мерген Тоқсанбайдың «Жанымның жетінші пернесі» деп аталатын жыр кеші өткізілді. Жаңа сипатта, өзгеше өң, соны нақышпен өрілген кешті Мәлік Ғабдуллин мұражайы ұйымдастырды.

Бірден айта кетейік, көптеген жыр байқауларының жеңімпазы атанып жүрген жас ақынның жыр кеші әдеттегі қалыптан шығып, айшықты ажармен өрнектелді. Мөлдіреген айлы кеште зәу биіктен сыр болып себезгілейтін нәзік жырлар автордың өзі және ақын өлеңін мәнерлеп жеткізушілердің жанды даусымен өріліп, жыр мазмұнына сәйкес бейнебаяндар мағына үстеп, сөз бағасын арттыра түсті.
Біржан сал ауданының Казгородок ауылында дүниеге келген Мерген халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінің дипломаты. «Ассалаумағалейкум», «Ностальгия» жыр жинақтарының авторы. Ақын жырлары Арқаның ақ самалындай көкірегіңе жақұт жырдың жылылығын ұялатып, жаныңды тербейді. Көз алдыңа бағзы заманның сал-серілерінше әдемі дәурен кешіп, самайын күнге, таңдайын самал желге өптірген бір бейне оралады. Нәп-нәзік жырлар астарлы ойымен, жаныңа тимейтін әдемі әзілімен айшықты.
Ақын махаббатты көп жырлайды. Жыл маусымдарын да.
Көктем, көктем, келе ғой, айналайын,
Сенсіз жерде көңілге қайғы алайын.
Ақ қайың қыз Арқада бүршік атса,
Ақ самал боп, ақырын аймалайын!
Көктем, көктем, қай жақтан келеді екен,
Өлең етем мен сені, өлең етем!
Елдің бәрін өзіне ғашық қылған,
Сен не қылған, шіркін-ай, керемет ең!
Бір демде өткен жыр кеші сөз өнерінің әлі де сыйлы екендігін, қаламгерлер қауымға өлеңді де, өмірді де сүйдіріп, сүйсіндіре білетінін сездіріп өтті. Жалғыз жыр ғана емес, саумал самалдай ән де орындалды. Басым көпшілігі жастардың әні, жастықтың әні. Мерген ақынның көптеген өлеңдері әнге айналып, Арқаның биігінен күллі қазақ даласына тарап бара жатыр екен. Біз соған қуандық.
Кеш соңында ақын Мерген Тоқсанбайды құттықтаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева осындай жыр кешін ұйымдастырып отырған музей директоры, ақын Құдайберлі Мырзабекке алғысын айтты.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын талантты ақын Алмас Темірбай жеткізді. Ақынның туған жерінен келген аудандық әкімдіктің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлайым Әбжанқызы мен Астанадан арнайы келген белгілі айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Құдайберлі Мырзабектер жас ақынға шығармашылық табыс тіледі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар