Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бірлік пен берекенің Жерұйығы - АРҚА АЖАРЫ

Бірлік пен берекенің Жерұйығы

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Бірлік пен берекенің Жерұйығы» атты халықаралық ақындар айтысы ежелден ән мен жырдың ордасы атанған көрікті Көкшетауда өтіп, оған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов және облыс әкімі Сергей Кулагин қатысты. Айтысты Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізіп, қазылар алқасына КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Сонымен қатар, қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан және Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев болды.

 

Ел бірлігі мен татулық жырға қосылған айтыста көкшетаулықтар Арман Бердалин, Әлібек Серғалиев, астаналық Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Иранғайып Күзенбаев, Нұрмақ Мансұров, Алматы облысынан Болатбек Оразбаев, ақтөбелік Марат Ахметов, Арқалықтан келген Айбек Қалиев, қарағандылық Мақсат Аханов, батысқазақстандық Жансая Мусина, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, қызылордалық  Ержан Әміров және Өзбекстаннан Құлмахан Дүйсенов, Қытай Халық Республикасынан Қанатбек Зәйтоллаұлы, Монғолия мемлекетінен Ерлан Дәулетұлы секілді дүлдүлдер өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.  
Ұрпаққа ұлы мұра болып қалған қасиетті сөз өнерінің биік шыңы – айтыс өнері. Сахна төріне шығып, қарсыласымен сөз сайыстырып, алғырлық таныту, табан астында суырып-салу және тауып айту нағыз дүлдүлге ғана тән қасиет. Сонымен қатар, әртістік шеберлік пен тапқырлық қабілет те айтыскер ақынға аса қажет-ақ. Ақындар қауымы бұл жолы айтысқа нақ бабында келіпті.  Ынтымақ пен береке-бірлік жайында сөз маржанын тізген ақындар айтысының алғашқы айналымын ақтөбелік Марат Ахметов пен астаналық Еркебұлан Қайназаров ашты. Үлкен сахнаға алғаш рет шығып отырған Марат пен биылғы жыр додасында алтын домбыраны жеңіп алған Еркебұланның айтысында салмақты сөз айтылып, әдемі әзіл өрілді. Бүгінде Ресейден көлік әкелуге аңсары ауған қазақстандықтарды сынай келе, қарсыласына Марат: «Туысыңа қимайтын көк теңгені, уысына сап бердің орыстардың» деп, уәж айтты. Бұған Еркебұлан тосылмастан:
Көлік алу деген жай ғана сылтау ғана,
Омбыға мен әдейі барып келдім…
Әлдеқандай замандар алдымызда,
Мен қазір саясаттан қауіптендім.
Түбінде бір өзіме қайтарсын деп,
Ешкімге айтпай Елтаңба салып келдім, –
деп, төкпелеткенде, жиналған қауым ризашылық білдіріп, ақынға разы болып қалды.
Ал, екінші жұп болып шыққан Болатбек пен Мейірбектің айтысынан нағашы мен жиеннің қалжыңға толы жарасымды айтысын байқадық. Орақ тілді, от ауызды ақын ретінде танылған Болатбек Оразбаев сөздің майын ағызып, айтыстың көрігін қыздыра түсті. Күні кеше елімізде орын алған оқиғаларды әсерлі теңеулермен айшықты суреттеді:
«Қарағаш пен Шоңжыда, Өткенде бір жай болды. Мына отырған қазақтың, Қабағы шықты шатынап. Айуандық қылық жасапты, Адасып жүрген бір ақымақ. Ботасы өліп бозінген, Аңырап қалды атырап, Астауыңа түкірді-ау, Асыңның дәмін татып-ап, Тойғаннан соң татиды, Тоқтының еті топырақ… Басқадан қандай қайыр бар, Балтырыңды қанатса, Баққан күшігің асырап» деп төкпелетіп, тыңдарманға ой салды. Сондай-ақ, оның «Қыз қайғы дейсің, Өйткені, қырық үйден тыйым жоқ, Қарыстан ұзын киім жоқ, Ерін билеген әйелдер, Ел билеуге де барысты. Ұл қайғы дейсің, Өйткені, асырап саттың шетелге, Алаштан туған арысты. Ұлт қайғысы тағы бар, Балақтағы бит-бүргелер, Жағаңа келіп жабысты» деген отты сөздері әркімге де ой салды. Ауыз әдебиетінің жыр-дастандарына қанып, жыраулар поэзиясымен сусындаған ақынның бұлай төкпелетіп, өлеңнен өрнек өруін заңды құбылыс деп таныдық.
Халықты ерекше қызықтыратын айтыс түрінің бірі – қыз бен жігіт айтысы. Бұл ретте, Оралдан келген ару Жансая Мусина мен қарағандылық Мақсат Ахановтың айтысы тартымды өтті. Бөкей ордасынан келген жаужүрек Жансаяның осы уақытқа дейін тұрмыс құрмай, жалғыз жүргендігін тіліне тиек ете келе, Көкшетаудың баурайын аралауға шақырып, арудың Асанәлі ағасын қонақ ретінде бірге ала баруын айтқанда, Мақсат ақын:
Жібектің сіңілісі болса да бұл,
Жүректің сырын неге ұға алмайды.
Жайықтың қыздарын-ай, қайда жүрсе,
Бекежанды қоспаса жүре алмайды, –
деп табан астында әзілмен жауап беруі ұтымды шықты. Сондай-ақ, Үкілі Ыбырайдың «Балқадиша» әнінің мақамымен Жансаяны әспеттей келе, «Сексен қыз айтысуға келсе дағы, Ішінде жалғыз өзің хан – Жансая-ай, Күйеуге сен кетті деп естігенде, Құшақтап құс жастықты құдай-ау қуанамын-ай…»  деп, Жансаяның жанды жерін ащы тілімен тағы да бір мытып алды. Жарасымды қыз бен жігіт айтысын көрсеткен ақындарға халық та, қазылар алқасы да жоғары баға берді.
Осындай тартысқа толы айтыстың бірін баянауылдық Аспанбек Шұғатаев пен көкшетаулық Әлібек Серғалиев өткізді. Құрдастардың сөз сайысын Аспанбек Исаның желдірмесімен бастады. Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз мерекесін жырына қоса келе, «Бусанып буаз бұлттың бауырынан, Сүт сәулесін төгердей сыздап арай…» деген әдемі теңеулермен ақ маржан жыр кестеледі. Сондай-ақ, ол осындай аллитерациялық және ассонанстық тіркестерден де жыр өрнегін өріп берді. Сонымен қатар, оның, «Елбасын жамандауға бәрі мәстір, Қағанның қасиетін құл біле ме» деген отты жолдары да көптің көңілінен шықты. Айтыс барысында Әлібек екеуі біраз тартысты. Біріне бірі уәж айтып, кемшіліктеріне дейін іздеді. Айтыстың қазанында қайнап, әбден шыңдалған баянауылдық ақынға Көкшетаудың ақыны есе жібере қойған жоқ. Әлібек те өз бабында екен, Ассамблея жылын кеңінен жырлап, тақырыптың балын тамызып берді.
«Мендей ұлдар сен жақта мал жаят дейді, Әңгімесін айтады ойға келген. Сендер жақта мал жайса, жаят шығар, Жаяу Мұса ұрпағы жайлау көрген. Ал, біздерде ақындар домбыра ұстап, Батырының қолына найза берген» деп жауап берді. Сондай-ақ, Аспанбектің басына таққан орамалын жырға қосып, тұщымды жауап бергенде, шүберектің қадірін айтып берген баянауылдық ақын көкшелік ақынды біраз сынға алды. Сол кезде Әлібек ақын:
Шүберегіңнен не пайда?
Жаныңа қосып адамды,
Қуантып қарт анаңды,
Шүберегіңді жаңағы
Ақ келіннің басына
Орамал қылып салмасаң.
Ізбасар ұл-қызың жоқ,
Атаның ізін жалғасаң,
Шүберегіңнен не пайда?
Бір сәбиді таптырып,
Ішіне орай алмасаң…
Шүберегіңнен не пайда
Аулаңа ағаш өсіріп,
Бұтасына байлай алмасаң, –
деп төкпелетіп, халықтың қошеметіне бөленді. Айтыс соңында Аспанбек Әлібекке домбырасын сыйға тартса, Әлібек оның қанжығасына басындағы бөрігін байлады. Бұдан әрі қызылордалық Ержан Әміров пен Монғолиядан келген қандасымыз Ерлан Дәулетұлының айтысын тамашаладық.  Ата-бабасының тарихи Отанына сағынып келген азаматтың сөз жарысына әбден дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Бірақ, қарсыласының тұщымды да тартымды, орынды берген жауаптары мен сауалдарына аса мән бермей, «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кебін көрсетіп кеткендігі тым оғаш көрінді. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» дегенді жақсы білетін бабаның ұрпағы болсақ та, сөзге тоқтамай, құр айқайға басқаны халықты жалықтырып та жіберді. Қызылордалық бауырымыз оның жайын түсінгені анық, жылы жауап беріп, өзінше әдемі айтыс жасауға тырысып бақты. Сол сияқты өзбекстандық Құлмахан Дүйсенов пен астаналық Нұрмақ Мансұровтың да айтысы ел күткен межеден шыға қоймады. Бірлік пен татулықты қаншалықты жырларына қосып, Ассамблея жылын тілдеріне тиек етсе де, көңілге қонбады. Құлмаханға қарағанда, Нұрмақ ақынның мысы да сөзі басым екендігі анық көрінді. Арқалықтық Айбек Қалиев пен астаналық Иранғайып Күзенбаевтың айтысынан жас ақындарға үлкен сахнаға шықпас бұрын көп ізденіп, шыңдалу қажеттігін, ойына келгенді суырып-салғаннан гөрі, астарлы ой айтуды үйрену керектігін ұғындық. Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші, алғашқы айналымды көкшетаулық Арман Бердалин мен Қытайдан келген бауырымыз Қанатбек Зәйтоллаұлы аяқтады. Киелі сахна мен сөздің қадір-қасиетін білетін бұл ақындар саясатты да, екі елдегі бүгінгі хал-ахуалды да, айтыстың тақырыбына айналған бірлік пен татулықты да  жете сипаттап, суреттеп берді.
Жалпы, ақындардың қай жұбын алып қарасақ, әрқайсысы да Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, еліміздегі саясатты, тілге және дін мен жерге қатысты көкейкесті мәселелерді, ұлтаралық келісімді кеңінен жырлап, көсілді. Қазылар алқасының шешімімен соңғы айналымда Мақсат Аханов пен Қанатбек Зәйтоллаұлы және Әлібек Серғалиев пен Болатбек Оразбаев айтысты. Екі жұптың да айтысы тартысты өтті. Дегенмен, айтыс аламанында шапқан тұлпарлардың жүзден жүйрік деп танылғандары жүлделі орындарды иеленді. Бас жүлдені қытайлық Қанатбек Зәйтоллаұлы иеленіп, екі миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Бірінші орынға алматылық Болатбек Оразбаев лайық деп танылып, бір миллион теңгені қанжығасына байлады. Көкшетаулық Әлібек Серғалиев пен қарағандылық Мақсат Аханов екінші және үшінші орындарды бөлісті. Сондай-ақ, өнерге оң көзімен қарайтын облыс әкімі Сергей Кулагин Жайықтан келген Жансая Мусинаға арнайы сыйлығын табыс етті. Ал, Арман Бердалин мен Ерлан Дәулетұлына Ақмола облыстық әкімдігінің ақшалай сыйлықтарын Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев пен Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл табыс етті.
«Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен халықаралық айтыс соңында Бауыржан Байбек сөз алды. Ол өз сөзінде соңғы жылдары елімізде Елбасының тікелей қамқорлығымен айтыс өнері дамып келе жатқандығын, сондай-ақ, айтыстың елге рух беріп, бірлікке бастайтындығын, әлеуметтік және көкейтесті мәселелерді ақындар дөп басып айтып, оның шешілуіне ықпал ететін қауқарлы күш екендігін атап өтті.  Сондай-ақ, биылғы жылдың өзінде көшбасшы партияның қолдауымен он бір мәрте айтыс өтетіндігін хабарлады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтыс Таразда, ал, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған айтыс Батыс Қазақстанда өтетіндігі белгілі болды.
Суреттерде: айтыстан көріністер.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар