«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін ағаш егу – атадан келе жатқан дәстүр. Қазақ үшін жыл басы Наурыз мерекесінің орны ерекше. Көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ ауланы, тоғайлар маңын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасалады. Наурыз – жылдың жаңаратын уақыты ғана емес, адамның да жан дүниесін тазартатын, не тындырдым деп өткен жылға қайырыла қарайтын тұс. Жаңа жылда жасыл шыршаны қырқып үйді сәндегенше, Наурызда тал еккен әлдеқайда маңызды екендігі өмірдің өзі дәлелдеген табиғи құбылыс.
Наурыз мейрамы кезінде бұлақтардың көзін ашып, жағалауына жасыл көшеттер егу мыңдаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан халықтық экологияның үлгі-өнегелі дәстүрі. Бұл үрдіс еліміздің барлық өңірінде қалыптасқан. Барша жұртты жұмылдыратын ағаш егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз. Егілген ағаштың, өскен өсімдіктің экологиялық жағынан пайдасы зор. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады және шу деңгейі төмендейді. Атап айтқанда, орман екпелерiнiң бiр гектары ауадан 400 келі күкiрт қышқыл газын, 100 келі хлоридтi және 25 келі фторидтi, жерге түсетiн және ауада болатын барлық зиянды заттардың 60-80 пайызын сіңіреді екен.
Бүгінгі таңда елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен «Жасыл ел» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл өзекті де өміршең, халқымыздың болашағына бағытталған, жан-жақты ойластырылған ұзақ жылдық бағдарлама. Ол арқылы біз эколо-гиялық апаттардың зардабын жеңіп, табиғатты сауықтырамыз, сайып келгенде адамдардың денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартамыз, халықтың барлық қажеттіліктерін өтейміз, экологиялық және экономикалық проблемаларды шешеміз. Бағдарламаны халық шаруа-шылығының жаңа бір маңызды саласы деп қарау керек. Сондықтан Наурызды, одан кейінгі басқа халықтық мерекелерді де ас ішіп, аяқ босатуға арналған шараға айналдырмай, ағаш егуге, елімізді көркейтуге, көгалдандыруға ұйытқы, ұйымдастырушы болатындай бү-кілхалықтық қозғалысқа ұластырсақ жөн болар еді. Өткен жылы Ұлыстың ұлы күні басталған тазалық айлығында Көкшетау қаласында барлығы 3 мыңнан астам түп ағаш пен 23 мың шаршы метр аумаққа гүл отырғызылыпты.
«Орманы бардың қорғаны бар» деп, халық бекер айтпаса керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы «Жасыл белдеу» жобасын жүзеге асыруға пәрмен берді. Алайда, сол жылдары Сарыарқаның сары даласына орман өседі дегенге көпшілік күмәнмен қараған болатын. Бірақ, ғылым мен білім жеңді. Санаулы жылдар ішінде сол көшеттер ит тұмсығы батпайтын ну орманға айналды.
Осы жайында Елбасы өзінің бір сөзінде: – Бір кездері біздің бұл жоспарымызға күмәнмен қарағандар болған еді. Бірақ, біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды. Орманда арнайы жидек ағаштары отырғызылып, аң-құс пайда болды. Егілген ағаштар елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына қажетті жағдай туғызады. Мұнда веложолдары, кемпингтері бар демалыс аймақтарын орнықтыру жоспарлануда, – деп атап өткен болатын.
Расында да, қаланы желдің өтінен сақтап, таза оттегімен қамтамасыз етіп тұрған жасыл белдеу жобасы бүгінде еңселі елорданың мақтанышына айналып отыр. Жоқтан бар жасау жолында еліміздің бірнеше тұқымбақтары тынымсыз жұмыс істеп, межелі міндетті бағындырып келеді. Сала мамандары арқаның аязына төзетін және сазды жерді жатсынбайтын тұқымдарды арнайы таңдап сұрыптап алады. Нәтижесінде қажырлы еңбек елорданың ажарын аша түсті. Бұл күндері елорданың іргесін бекіткен жасыл белдеу Бурабай ауданы аумағына дейін созылып жатыр. Мұнда ағаштың алпыстан астам түрі өседі. Қайың, қарағай, шыршаңыздан бастап, қарақат пен жидек, алма ағашы мен шиеге дейін жайқалып тұр. Бір сөзбен айтқанда, Астана қаласының маңындағы 100 мың гектар алқапта 2020 жылға дейін жасыл белдеу құру жоспары ойдағыдай жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде жасыл белдеу алқабы 60 мың гектарға жетіп отыр.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіровтың айтуына қарағанда, облыстағы мемлекеттiк орман қорының көлемi 405,4 мың гектарды құрайды. Соның iшiнде 222,3 мың гектары орманмен қамтылған. Облыстың алты ауданы мен екі қаласында орналасқан 13 орман шаруашылығы жұмыс істейді.
– Мемлекеттiк орман қоры аумағында өткен жылы 1305 гектар алаңда орман дақылдарын отырғызу жұмыстары жүргiзiлдi. Соның iшiнде 825 гектар облыстық бюджет қаражаты есебiнен, 89 гектар мекемелердiң ақылы қызмет көрсетуi және 391 гектар орман пайдаланушылар қаражаттары есебiнен іске асырылды. Ағаш отырғызу жұмыстарына орман шаруашылығы мекемелерiнiң тұқымбақтарында өсiрiлген көшеттердiң 6,9 миллион данасы жұмсалды, – дейді Руслан Әубәкіров.
Қазiргi ормандар мен Астананың іргесіндегі орманды жасыл белдеуді қосу бойынша жұмыстың екiншi кезеңi басталды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандары тарапынан қосымша 1000 гектар жер телімі зерттеліп, оның 746,8 гектары жарамды деп танылды. Сондықтан, биылғы жылы осы «Астана – Щучинск» автожолының бойындағы 747 гектар жерге қазіргі заманғы агротехникалық талаптарды сақтай отырып орман дақылдарын отырғызу жоспарда бар.
Ағаш отырғызу игі іс болғанымен, өкінішке орай, ауа райының қолайлы кезінде де облыс орталығы көшелеріне ағаш егу барысында өрескел қателіктерге жол беріліп-ақ келеді. Мысалға, тротуарлар мен автожолдар арасындағы өте тар жерлерге немесе бұрыннан өсіп тұрған биік ағаштардың қалқасына жас талдарды отырғызу кездеседі. Ал, бір шырша немесе қарағай өсе келе 6-7 метрге дейінгі диаметрге жайылатындығын ескерсек, кейін екі ағаштың біреуін кесіп тастауға тура келеді. Тіпті, отырғызылған ағаш көшеттері суарылмай қалып жатады. Өкінішке орай, даладағыны айтпағанда қалада да осындай кемшіліктер жиі орын алып жататыны жасырын емес. Сондықтан, мемлекеттік маңызы бар, келешек ұрпақтың игілігі үшін істелінетін шаруаға аса жауапкершілікпен қарағанымыз маңызды.
Жалпы, тұрғылықты жеріміздің тал-терегін жайқалтып, гүлмен көмкерілген баққа айналдырып, ауылымыздың ажарлы болуына үлес қосу кімнің болса да азаматтық парызы. «Бабалар еккен шынарды балалары саялайды» демекші, отырғызған жасыл желектеріміз тез жерсініп, дала мен қаланың көркіне айналуы үлкен қуаныш. Ұлыстың ұлы күні Наурыздағы «тал ек» деген өсиеттің өзі осыдан барып дүниеге келсе керек.
Аслан Оспанов.