Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әз - Наурызды Астана - АРҚА АЖАРЫ

Әз – Наурызды Астана

Наурыз келіп, жасандың беу, Астанам,
Көкке өрлеп күн ғұмырлы дастан-ән!
Қар көбесі, қыс көрпесі сөгіліп,
Көктем лебі елді баурай бастаған.

Әр жүректе алып-ұшып құштарлық,
Наурыз нәрі көңілдерде жүр барлық.
Бас қалама келіп қалған гүл көктем,
Бара жатыр сұлулығына іңкәр ғып!

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының ең бір шарықтау шегі елордамыз Астанадан бастау алып, өзінің шапағат нұрын бүкіл төрткүл қазақ еліне дарытып жататындығы белгілі. Жалпы, Наурыз тойы Отанымыздың жүрегінде 21 наурызда басталады дегеніміз көбіне шарттылыққа саяды. Әйтпесе, көктемнің, жаңа жылдың құт мерекесі бас қалада, оның айналасында басталып кеткелі қашан. Айталық, 15 наурызда «АЛЖИР» мұражайында өткен балалар үйлерінің, мамандандырылған интернат тәрбиеленушілерінің «Қош келдің, Наурыз!» атты мерекелік танымдық ойын-сауық бағдарламасы, «Мәңгілік Ел» қақпасындағы елорданың жас суретшілері мен фотосуретшілерінің көрмесі биылғы Наурыз мейрамының алғашқы жол ашарын жасап берді деуімізге болады. Бұған тарихи-мәдени мұра нысандарының және ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі бас дирекцияның ұйымдастырған «Наурыз – бейбітшілік және достық мерекесі» деп аталатын іс-шараны қоссақ, Ұлыстың ұлы күнінің танымдық сипаты, кең ауқымы мен айналасына тигізер игі ықпалы жан-жақты айқындала түседі. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің музейінде де 19-23 наурыз аралығында жоспарланған «Астанаға қош келдің, Әз Наурыз!» экспозициясы өз жұмысын бастап кетті.
Айта берсек, Наурыз мейрамына байланыс-
ты Астанада өтетін іс-шаралар аясы өте кең әрі сан бағыт пен сан тақырыпты қамтиды. Қазір еліміздің батысында кеңінен аталып өтетін «Амал» мерекесінің өзі де біртіндеп
саялы Сарыарқа төсіне ойысып, елордамыздың көптеген қоғамдық-мәдени, білім орындары мен шығармашылық еңбек ұжымдарында аракідік көрініс беріп қалуда.
Биылғы Наурыздың бір жаңашылдығы, халқымыздың осы бір қасиет-қадір дарыған жылы шуақты мейрамын жастар мен балаларға қарай бұру үрдісі байқалады. Бұл орайда, Астана қаласы мен оған іргелес жатқан Целиноград ауданының орталығындағы Ақмола орта мектебі оқушыларының қатысуымен өткен жоғарыдағы «Қош келдің, Наурыз!» мерекелік танымдық ойын-сауық бағдарламасының жас ұрпаққа берер тағылымы мол болғандығы анық.
Наурыз мейрамының айшықтары осы күндері Астананың барлық шағын аудандары мен мәдени-көпшілік орындарын қамту үстінде. Осыны тарқатып айтар болсақ, бұл күндері Қуыршақ театрында қатарынан 4 күн қуыршақтардың мерекелік концерті өтеді. Бүгін Астана концерт залында қазақ оркестрінің эстрадалық би тобы мен «Шалқыма» халық би ансамблінің бірлескен «Алдар Көсе» музыкалық ертегісі көрсетіледі. Бұл күндіз өтетін шаралар. Ал, кешке қарай классикалық және эстрадалық вокал орындаушыларының, «Шалқыма» халық би ансамблінің «Қош келдің,
Наурыз!» мерекелік концерті бастау алмақшы. Сондай-ақ, Жастар сарайында өтетін «Әйел – көктем!» концерттік бағдарламасы да аты айтып тұрғанындай, көктемнің, жыл басының жадыраңқы лебімен көпшілік көңілінен шығатынына шүбә жоқ.
Жалпы, Астана тұрғындары мен қонақтары көктемнің осынау жарқын мейрамында көңіл көтеріп, бой сергіткісі келсе, өз талғамдарына сай кез-келген өнер түрін таңдап алуларына болады. Айталық, 21 наурыз күнгі мереке аясындағы шаралар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құрманбек Әлімғазыұлы мен Риза Қайырбайқызының «Беу, қазағым, Елім сен деп… » атты концертіне ұласады. Ал, жастар театры Т.Миңнулиннің «Диляфруздың төрт күйеуі комедиясына», Конгресс-орталық «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» театрландырылған қойылымына шақырады. Бұл күндері қаладағы кітапханалар өткізетін кітап көрмелері, экспозициялар, ойын-викториналар, Наурызға қатысты танымдық іс-шаралар мен этнографиялық көрмелердің өзі бір төбе.
Наурыз мейрамының ұлылығын танытатын нағыз ұлан-асыр халық серуені күн мен түн теңесетін дәл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына сай келеді. Бұл күні Наурыз жаңғырығы Астананың «Қазақ елі» алаңында, қалалық алаңда, студенттер саябағында және қаланың шағын аудандарының барлығында да жарқын жалғасын табады.
Солардың ішінде ең басты мерекелік шаралар былтырғы дүниежүзілік көрме кезінде миллиондаған адамдарды қабылдаған «ЭКСПО» көрмесі аумағында ұйымдастырылмақшы. 21-22 наурыз күндері осы арада ондаған киіз үйлер тігіліп, Этноауыл ашылады. Жиналған қалың көпшіліктің назарына үлкен мерекелік концерт ұсынылып, халқымыздың ежелгі қонақжай салтымен әрбір киіз үйдің жанында қазан көтеріледі. Астана театрларының өкілдері мен этномәдени орталықтардың мүшелері халқымыздың салт-дәстүрлері, әдеп-ғұрып, ырымдарынан түрлі көріністер көрсетеді. Қазақтың және шығыстың аспаздық өнері өзінің жан-жақтылығы мен молдығын тағы бір паш етсе, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары сатылатын көрме де жұртшылық назарын өзіне аудармай қоймайтыны даусыз.
Осылайша Наурыз мейрамының сан палитралы айшықты бояуы, өзіндік ерекшеліктері қазақ күресі, арқан тартыс, кір көтеру, қой көтеру сияқты ұлттық ойындармен астасып, этноауыл аумағындағы ит жарысы, тазы мен төбеттер көрмесіне ұштасады. Бұл күні халық музыкасы, қазіргі қазақ композиторларының әндері асқақтата шырқалып, опера, балет және Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры мен Жастар театрының әртістері осы мәдени-көпшілік іс-шаралардың бел ортасында болады. Ал, сол күні кешкілік «Астана» концерт залында өтетін белгілі өнер шеберлерінің «Ауылым – әнім» концертін осы күндізгі айшықты мерекелік шаралардың заңды жалғасы десек әбден орынды.
Наурыз мейрамы – бір күнмен өте шығатын анау-мынау оқиға емес. Астана көшелері мен мәдени орындарында ол келесі күндері де жалғасын табады. 22 наурыздан бас-
тап 25 наурызға дейін Бейбітшілік және Келісім сарайында «Әзіл әлемі» мерекелік бағдарламасы, «Астана» концерт залында «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің «Армысың, Әз Наурыз!» концерті, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында К.Людвиктің «Примодонны» комедиясы, тағы басқа да шаралар одан әрі жалғасып, астаналық тұрғындар мен қала меймандарын мерекелік көңіл-күйге бөлей түсетін болады.
Осындай жақсылығымен, жарасымдылығымен келер Әз Наурыз құтты болсын, ардақты ағайын!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар