«Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүздеген адамнан тұратын еңбек ұжымы өз жиналыстарында «Нұр Отан» партиясынан Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну туралы шешімді бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.
Серіктестіктің кәсіподақ ұйымының төрағасы Әнуарбек Әленовтың айтуынша, ақмолалық кеншілер Елбасының сайлауға қатысатындығы туралы хабарды зор ықыласпен қабыл алды. Себебі, алтын өндіретін ірі өндіріс орнының тарихы ел тарихымен бірдей өріліп жатыр. Елбасының қолдауымен қайта жаңартылғаннан кейін кәсіпорын еліміздегі өз саласы бойынша ең үздіктерінің біріне айналды.
Жұмысшылардың алдында сөз сөйлеген Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті, партияның ХVІ съезінің делегаты Сағынтай
Елубаев келелі жиында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге, соның ішінде қазақстандық мемлекеттілікті нығайтудың бес институционалдық реформасына тоқталып өтті.
Ал, темір ұстасы Қалмұрат
Шалов қарапайым жұмысшы ретінде Ұлт Көшбасшысын және оның жүргізіп отырған саясатын қолдайтындықтарын жеткізді. Ол оңтайлы экономикалық саясаттың арқасында комбинаттың жеткен жетістіктеріне тоқталды. Серіктестік жұмысшыларының көбі жақын жердегі ауыл тұрғындары. Мұнда қажетті жағдайдың бәрі жасалған, жалақы уақытында беріледі. Қарапайым жұмысшы елдегі осы мамыражай тірлік пен тұрақтылықты Елбасының қамқорлығы деп біледі. – Мен де еліміздегі реформаларға қолдау білдіргім келеді. Біз ұзақ жылдар бойы бейбітшілік пен келісімді, татулық пен тұрақтылықты сақтай білген мемлекетке айналдық, – деді өз сөзінде «САТ 777» экскаваторының жүргізушісі Павел Трищ.
«Біз, екі мыңнан астам адам еңбек ететін «Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы «Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасының Президенттігіне қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты ұсыну туралы шешімін толығымен қолдаймыз. Ұлт Көшбасшысының арқасында қол жеткізілген маңызды жалпыұлттық жеңістеріміздің қатарында индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру да бар», – делінген еңбек ұжымының Үндеуінде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.