Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Ақмола облыстық филиалында Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына 2018 жылдың басында енгізілген өзгерістерді талқылауға арналған «Ашық есік күні» өткізілді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры облыстық филиалының директоры Аяш Кеншінбаева заңға енгізілген жаңа өзгерістер туралы жан-жақты айтып берді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім меңгерушісі Марат Алтынбеков «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдау, бизнес-тренер Жанат Жақыпов кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметі жайында, облыстық «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының клиенттермен жұмыс бойынша бас менеджері Ерболат Едігеев кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы, Ақмола облысы бойынша міндетті медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы Мақсат Құлжанбеков Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізудің өзектілігі және Көкшетау қалалық тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының маманы Серік Құрмансейітов жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы туралы жан-жақты баяндап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Аталмыш шара аясында «Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына 2018 жылдың басында енгізілген өзгерістер» атты бейнебаян көрсетілді. Онда зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістер, базалық зейнетақыны ұлғайту, шартты-жинақтаушы құрам туралы толыққанды мәліметтер берілді.
БЖЗҚ облыстық филиалының қызметкерлері қатысушыларға заңдағы өзгерістердің зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін нығайтуға, мемлекеттік бюджет және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен берілетін жиынтық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға игі ықпалын тигізетіндігі жайында ақпараттар берді.
– Зейнетақы жүйесінің құрылымы туралы білу, оны түсіну болашақ зейнеткерлерге зейнет жасына алдын ала дайындалуға септігін тигізеді. Бұл жайт зейнетке шығатын азаматтарға да, еңбек жолын жаңадан бастаған жастарға да тиесілі. Өйткені, болашақ туралы, зейнет жасында алатын зейнетақы туралы ерте бастан ойлау керек. Ал, бұл болашақта алатын зейнетақыны арттыру жолдарын қазірден бастап ойластыруға мүмкіндік береді, – деді Ақмола облыстық филиалының директоры Аяш Кеншінбаева.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Ашық есік күні шарасы жоғары деңгейде өтті. Бұл күні кез келген ниет білдіруші азамат Қор тарапынан көрсетілетін қызметтерді ғана емес, оның қызметі мен зейнетақы жүйесі туралы қызықты мәліметтерді де алды. Шараға келген жас салымшылар зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістердің зейнеткерлерге немесе зейнеткерлік жасқа жаңадан толатын азаматтарға қаншалықты қатысы бар екендігі жайлы пайдалы ақпарат алып, 1 шілдеден бастап базалық зейнетақының өсетіндігіне ризашылықтарын білдіріп жатты.
«Ашық есік күні» шарасында ақпарат беру жұмыстарының белсенді түрде жүргізілгенін көріп, куәсі болдық. Сондай-ақ, Қор қызметкерлері зейнетақы төлемдерін ай сайын жүзеге асыру кестесіне ауысу себептері, базалық зейнетақыны тағайындау тәртібінің өзгеруі және басқа да тақырыптар бойынша жан-жақты мағлұматтар берді.
Асылай Қадырқызы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.