Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, аграрлық өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Көкшетауда Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында егіншілік саласы мен мал шаруашылығын одан әрі дамытудың алға қойылған міндеттерін жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес болып өтті. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин ауыл шаруашылығын дамытудың қазіргі жағдайы және алдағы міндеттер жайлы хабарлама жасады.
Вице-премьер ауыл шаруашылығындағы маңызды мәселелерді талқылау, осы саладағы жетістіктермен танысу мақсатында өзінің жұмыс сапарын Бұланды ауданының Алтынды ауылындағы «Қайрат» шаруа қожалығынан бастады. Бұл қожалықты Сағадат Қабикенов басқарады. Егіншілікпен бірге мал шаруашылығы қатар дамып келе жатқан қожалықтың бірден 58 мал бордақылайтын алаңы мен қасапханасы бар. Шаруа ісімен жете танысқан вице-премьер үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға зор көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.
– Отандық мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдауды арттыру көзделуде. Қазіргі уақытта қолданыстағы шаралар республикамыздың экспорттық әлеуетін арттыратын 16 мың фермерлік шаруа қожалықтардың құрылуына негіз болды. Бүгін куәсі болып отырған етті бағытта жұмыс істейтін «Қайрат» шаруа қожалығы соның айқын бір дәлелі, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Бұл ауданда қазір Индустрияландыру картасы аясында еліміздегі және Орта Азиядағы ең ірі құс фабрикасының құрылысы жүріп жатыр. «Макинск құс фабрикасы» серіктестігінің директоры Алексей Шевченконың айтуынша, жылдық қуаты 60000 тоннаны құрайтын құс фабрикасы 2015-2019 жылдар аралығында екі кезеңмен салынып бітпекші. Жобаға құйылатын инвестицияның көлемі 43 миллиард теңге шамасында екен. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында «ҚР 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агробизнес-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға қатысу көзделіп отыр.
– Құс фабрикасын салу жаңадан тұрақты 700 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Бұланды ауданының қуат көздерімен және сумен жабдықталу жүйесін нығайтады, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізеді деп болжанып отыр. Желілік құрылыс кестесіне сай, алдымен инкубатор пайдалануға беріліп, әрқайсысында 6 тауық қораны біріктіретін 8 алаңқай, құс етін және қалдықтарды өңдеу зауыты мен бөлімі, экологиялық және технологиялық қондырғыларды орнату іске асырылады, – дейді Алексей Шевченко.
Бурабай ауданында жалғасқан сапар барысында вице-премьер «Казбифпроцессинг» және «Есіл-Агро» серіктестіктерінде ет және сүт өндірісіне көңіл бөлді. Іргелі шаруашылықтардың бірі «Есіл Агро» серіктестігінің мал шаруашылығы кешенін аралап көрді. Мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығын қатар жүргізетін серіктестік өз өнімдерін ұқсатумен де айналысады. Мұнда алдағы жылдары өндіріс көлемі екі еседей арттырылмақшы. Сауын сиырды 2400-ге жеткізу көзделіп отыр. Өткен жылы серіктестік 5 мың тоннадан астам сүт өндірген. Мұнда елуге тарта адам еңбек етеді.
Сапар соңында вице-премьер Көкшетау қаласындағы Еуразиялық экономикалық кеңес аясында құрылған «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс цехтарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. 2012 жылы қолға алынған бұл жобаның басты мақсаты Беларусь елінің коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласының озық техникаларын құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту. Индус-трияландыру картасына енгізілген жоба осы күні сәтті жүзеге асырылуда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауытта трактор тіркемесі, орақ бастырғыш, шөпорағыш, экскаватор, жүк көтергіш тәрізді 500-ден астам техника құрастырылды. Ал, 2021 жылы бұл көрсеткішті 5 мыңға жеткізу көзделген. Өнімге сұраныс жоғары, бағасы да қолжетімді. Сапасы техникалық талаптарға сай. Осының арқасында кәсіпорын өндіріс көлемін жыл санап арттыра түсуде. 2012 жылы басталған бұл жобаның құны 4,7 миллиард теңгені құрайды.
***
Көкшетауда, облыстық әкімдікте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңесті облыс әкімі Мәлік Мырзалин ашып, өңірдің ауыл шаруашылығы саласының даму жағдайын қысқаша айтып өтті.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында аграрлық салаға 5 жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру міндетін қойды,–деді кеңесте сөз сөйлеген Ө.Е.Шөкеев.
–Алға қойылған міндеттер ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруда жүйелі жұмысты қамтамасыз ету және аграрлық ғылымның заманауи жетістіктерін қолдану арқылы жүзеге асырылмақшы. Мен осы сапарымның барысында Ақмола облысының біраз ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен пікірлестім. Жалпы қазір Ақмола облысында ауыл шаруашылығын дамытудың дұрыс әрі тиімді бағыты қалыптасқандығын айтқым келеді.
Елбасы ауыл шаруашылығының технологиясын бүгінгі әлемдік озық деңгейге жеткізуді талап етіп отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға баса көңіл бөлуге тиістіміз. Осы орайда, сіздердің облыстарыңыздағы Шортандыдағы Бараев атындағы ғылыми-зерттеу инс-титутында арнайы ғылыми аграрлық алаң жабдықтап жатырмыз. Бұл ауыл шаруашылығын интеллектуалды жүйе бойынша басқарып, өнімділікті бірнеше есе арттырудың жолдарын іздестіріп, оны ғылыми негіздеуге септігін тигізеді.
Кеңес барысында Ө.Е.Шөкеев алдағы көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу мәселесіне де тоқталды. – Бұл орайда біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Әсіресе, Елбасының аграрлық саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру міндетін орындау үшін бар күш-мүмкіндігімізді, барлық ресурстарды пайдалануымыз керек. Мемлекет аграршыларды қолдауды одан әрі жалғастыратын болады. Аграршыларды қолдауға бөлінетін көмек қаржы мен несие-лер цифрлық форматта орналастырылады. Бұл қаржы айналымының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді, – деді ол.
Кеңесте мал шаруашылығы да сөз болды. Әсіресе, етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту және малдың індетін болдырмау, мал дәрігерлік қызметті жетілдіру мәселелері де айтылды.
Бұл жиында «Қазақстанның ет одағы» заңдық тұлғалар бірлестігінің бас директоры М.Б. Бақтыбаев, Ерейментау ауданының әкімі Е.Б.Нұғыманов, «KazBeefLTD» серіктестігінің коммерциялық директоры
Б.А.Алғазиев, «Шахатов» шаруа қожалығының басшысы Р.Т.Шахатов, «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» серіктестігі компаниясының құрылтайшысы С.С.Чигеев, Қатаркөл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры С.Б.Савельев, «Есіл әлеуметтік әріптестік корпорациясы» Ұлттық Корпорациясы» акционерлік қоғамының төрағасы Қ.С.Ескендіров сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Кеңесті облыс әкімі М.К. Мырзалин қорытындылап, Елбасы алға қойып отырған міндеттерді орындауға ақмолалық аграршылар бар күш-мүмкіндіктерін жұмсайтындықтарына сендірді.
Бақберген Амалбеков,
Аслан Оспанов,
«Арқа ажарының өз тілшілері.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.