Арғы күні спорт арнасынан 2016 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу сынында бір топта бастары қосылған Қазақстан мен Чехия құрамаларының ойынын тамашаладық.
Ұлттық құрамамыздың бұрынғы ойындарында футболшыларымыздың алаңдағы жайбасарлығынан мысымыз құрып, кейде тіпті, аяғына дейін шыдауға құлқымыз соқпай, теледидарды өшіріп тастаушы едік. Бұл жолы олай емес, кездесуді соңына дейін бір деммен сүйсіне көрдік деуімізге болады. Юрий Красножан бұрын ұлттық құрамаларды жаттықтыруда көзге түсіп көрмеген бапкер болғанымен, үнемі бір адым ілгері басып, үш адым кейін шегініп жүрген Қазақстан құрамасымен аз уақытта біраз жұмыс тындырғанға ұқсайды. Лайым, осы өзгеріс уақытша ғана болмай, ұзағынан сүйіндірсін деп енді ойынның өзіне келейік.
«Астана-Арена» стадионындағы жанкүйерлер де бұл жолы командамызға риза болды-ау деймін, ойын аяқталған соң да, орындарынан кете қоймай, көтеріңкі көңіл-күйлерінен жазбады. Оның да жөні бар еді. Осы жолы бір-біріне допты дәл беруде, жандарын салып жүгіріп, қақпаны нысанаға алуда біздің жігіттер біраз ерледі. Кейде тіпті, техникалық шеберліктері де күткенімізден асып түсіп, айызымызды қандырып жатты. Рас, қақпамызға төрт доп жіберіп алып, өзіміз екі доппен ғана жауап бердік. Әлемдегі азулы командалардың бірі чех ойыншыларының мықтылығы сол, біздер жиі шабуылдап, қақпаға доп дарыта алмай, сілеміз қатып жүргенде, төрт-бес мүмкіндіктің бәрін де тиімді пайдаланып, гол соқты да отырды.
Осы жолы әсіресе, команда капитаны Таңат Нөсербаев бастаған өзіміздің қазақ жастары өте жақсы ойын өрнегін көрсетті десек, артық емес. Осы беттерінен таймаса, бұл жігерлерінен нәтиже шықпай қоймайтыны көрініп тұр. Юрий Красножанға да рахмет, екінші таймда ойыншыларды алмастыру барысында алаңға тек өз ұлтымыздың ұландарын шығарды да отырды.
Егер біздің жартылай қорғаушылар мен
шабуылшылар қақпа алдындағы қаншама мүмкіндікті дұрыс пайдалана білгенде, есеп тең түсуі немесе жеңіп те кетуіміз ғажап емес еді. Бірақ, Хижниченко сияқты шабуылшыларымыз жүз пайыз дайын голды соға алмай, қарнымызды аштырды. Қалай дегенде де, осы кездесуден кейін құраманың ойыны түзелетініне ептеп сене бастағандаймыз. Бұл үмітіміздің қаншалықты ақталатынын 16 қарашада Түркия құрамасымен өткізілетін келесі ойын көрсетері сөзсіз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.