Талғамсыз той көбейіп барады

Қазіргі тойымыздың түрі мен мазмұны өзгеше. Жаңашылдық деп жүрміз. Батыстық та, шығыстық та бағдарлар көрінбейді. Әр асаба өзінің ойына келгенін істейтін шараға айналып бара жатыр десек дұрыс сияқты. Тойға келген халық дем алып, қуанышты отыруы, жарасымды әзіл сөздер мен тамаша әндерді естіп, той иесімен бірге қуанышқа бөленуі керек. Бірақ, қазіргі өткізіп жүрген тойдан көбіне дем алып емес, шаршап қайтасың.

Кейін тіпті, әлгі асаба, тамада дейміз бе, сөзін бір-бірінен жаттап алған егіздің сыңарындай сол тойларға барғың келмейді. Әйтеуір, той иелерінің көңіліне қарайлайсың. Жаппай даңғазалықты, күпінуді, жапа-тармағай дүние шашуды, арақ ішуді дертке айналдырған тойдың болғанынан болмағаны жақсы. Осындай жағдайларды көріп отырып, «біз осы қайда бара жатырмыз?» деген ой мазалайды. Шындығы керек осы тақырып айтылып та жатыр, жазылып та жатыр. Дегенмен, ұлттық құндылығымызға бетбұрыс әлі баяу, жоқтың қасы.
Қазақта ең көп айтылатын ақ тілектің бірі – «Тойың тойға ұлассын!». Жүректі жарып шыққан осы бір ғана тілектің аясында қаншама мағына жатыр. Той өткізушінің қайсысы болсын осы шараға барын салады. «Тойым қызықты, көңілді, тартымды өтіп, жиналған көпшілік риза болса екен» деп біресе қойған тамағы үшін, біресе тартылатын табағы үшін, біресе жиналған көпшіліктің қабағы үшін қатты алаңдайтыны белгілі.
Салтанат сарайының оң жақ кіре берісінде той басталмай тұрып, осы әуен ойналып еді, тағы да сұңқылдап тұр.
Мария Магдалена, оһо-оһоу,
Талайдың арманы еді, оһо-оһоу…
Осы әуеннің сөзін естіп, түсіне алмай отырған ақ жаулықты әжеміз «ойпырмай, мынау қай Мәрия, мұндай да ән болады екен-ау» деп таңырқап отыр. Әуенге ілескен бес-алты жігіт пен қыз екі иығын жұлып жегендей еденді тепкілеп қиқалаңдап билеп жүр. «Чип, чипті» қайта-қайта ойнатқан жастар, бір сәт шаршады білем, орындарына жайғасты. Той бойы өзбек, сыған билері биленіп, аяғы ломбадамен бітті. Осы бір биді әлем бойынша билеуге тыйым салынғанын естіген едім. Кім біледі, мынау аумалы-төкпелі заманда бұған да қайта жол ашылған шығар. Не керек, бұл тойда ұлттық салт-дәстүрге терең тоқталып, ортаға шығып сондай ән салған өнерпаз, оны сүйсіне тыңдап қоштаған, ән құдіретінің асқақ болатынына ден қойған жан болған жоқ. Себебі, қазақша орындалған әндердің бәрі жеңіл әндер болды. Қасиетті музыкалық аспабымыз домбыраны болса-болмасын көре алмадық. Қазақ биі де солай. Өзге ұлтты ұшпаққа ұшырып, өзімізді тұқыртатын болып алдық қой. Бұл жолы да соның кері айнымай келді. Асабалардың түрі анау. Жөнге салатын бір адам жоқ. Үлкен отыр, кіші отыр демейді, аузына келгенін сөйлейді. Өңкей бір мағынасыз әзіл, ырду-дырду күлкі.
Шынын айту керек бабаларымыздан келе жатқан ұлттық дәстүр мен тәрбиелілікке негізделген тойлар қазақ арасында жоқ емес. Тамадасы табылса, бар. Дегенмен ауылда, қалада өтіп жатқан қаптаған тойлардың дені әбден халқымыздың өрісін тарылтып отырған әлеуметтік дерттерге шырматылған. Бұның салдарынан бүгінгі тойлар жаппай даңғазалыққа ұрынған, ұлттық тәрбие, рәсім, көне ата-баба дәстүріне деген ынтызарлық пен ықылас тапшы. Той өткізу әркімнің шама-шарқына қарамастан, өзара бәсекелестікке айналғаны, арзан атақ-даңқ қуып, банктерден алатын несиені тегін дүниедей көретініміз жасырын емес. Ұлттық тәрбиенің, сананың түп тамыры ең алдымен өз шаңырағындағы, әулеттегі, ауылдағы ұлттық экономикалық болмыс пен мазмұнда екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Қуаныштарын тойлап жатқан адамға, жаңа үй болып жатқан екі жасқа және тағы басқа тойларға «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болса да көмек беру, сол арқылы оларды қанаттандырып демеу, шаңырақтың дәулетін асыруға атсалысу былайша алғанда, тойдың басты мақсаты болуға тиісті. Бірақ, ондайды өзіміз қатысып жүрген көп тойлардан көре алмадық. Ішіп-жеу, сынап кету, күпіну, сөз тыңдамау, асабалардың өрескелдігі, ең аяғы үлкендеріміздің бата бере білмеуі, не керек кемшіліктеріміз толып жатыр.
Бір ғажабы, біз көрген осы тойда бір халық әні орындалмады ғой. Қазақ биі «Қамажайды» да тойларда көрмегелі не заман. Сонау бір жылдары үйлену тойы «Той жырынсыз» өтпеуші еді. Жеңгелеріміз ауылдың алты аузын айтып, мәре-сәре болып, тойдың сәнін келтіруші еді. Халық әндері орындалып, сол ғажайып әндердің ырғағына қосылып, жан дүниең кеңейіп, бойыңа қанат бітетін. Алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың орта шенінде ауылдағы өтетін тойлардың барлығы Ақан сері, Мәди, Кенен бабамыздың тамаша әндерінсіз өтпеуші еді. Енді соны сағынатын болдық. Кім біледі «өркениет, өркениет» деп жүргенде, кешегі асыл дүниеміздің қалғанынан да айырылып қалмасақ жарады. Қазіргі той соны көрсетіп отыр ғой.
Қалай дегенде де, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының игі ықпалымен осы күні талғамсыз өтетін қазақ тойының кемшілігін саралап, қисығын түзеу бәріміздің ортақ парызымыз болуы керек. Сіз не дейсіз?
Амангелді ЕСТАЙ,
зейнеткер.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар