Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көпті көрген ана - АРҚА АЖАРЫ

Көпті көрген ана

Тағылымға толы ғұмырында өнегелі өмір сүріп, әдемі қартая білген, айналасындағыларға жылы жүзімен шуақ шашқан нағашы апам Сара Ескендірқызы тоқсан бір жасқа қараған шағында бақиға аттанды. Жалған дүниеден кеткеніне міне, бір жылдың жүзі болыпты.

Адам бойындағы бүкіл асыл қасиеттердің бәрі ананың ақ сүтінен дариды. Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с.): «Екі қызды бағып, тәрбиелеп, балиғатқа жеткізген адаммен мен жәннатта бірге боламын» деген екен. Жәннаттың кілті ананың табанының астында болатыны да сондықтан. Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Әуелі анаңа тағы да анаңа, сосын тағы да анаңа, одан кейін барып әкеңе жақсылық жаса» деген еді. Міне, дін де біздің халықта ананы құрметтеп, осылай ардақтаған. Сондай ардақты аналардың бірі – Сара Ескендірқызы. Апамыз отбасында анасының сүткенжесі болғандықтан, үлкендер Көпейсара деп те атап кетіпті.
Пұшқантай әулетінен тараған нағашы атамыз Ескендір Сейсенбайұлы ауқатты, көзі ашық, діни сауатты адам болыпты. Қаймана қазақтың мұң-зарына құлақ асып, олардың жоқтаушысы һәм тілекшісі болған көрінеді. Ағаштан иін иіп, мал терілерінен ат әбзелдерін өзі өреді екен. Ал, шешеміздің анасы Кәлен Смайылқызы сөзге шешен, жігерлі, бір-екі жігіттік күші бар, ер адамдай атпен шауып, атан түйелерді шөктіре білген деседі. Атамыз ел аралап кете қалса, ат пен өгізді жеке-жеке арбаға жегеді де, үй шаруашылығының жұмыстарын жалғыз өзі атқара берген. Әжеміз қайырымды, мейірімді, қолы ашық, қонақжай, әрқашан үлкендердің ақ батасын алған екен. Басынан ақ жаулығын тастамай, бес уақыт намазын қаза қылмаған.
Нағашы атам мен әжеміздің айрандай ұйып отырған отбасының шырқы 1930 жылдары бұзыла бастайды. Оған себеп, Ескендір атамызды бай, дін уағыздаушысы деп айыптап, қуғынға ұшыратады. Амалы таусылған атамыз Ахмет есімді баласымен Омбы облысының Азов ауданына қарасты Сағынай ауылына кетіп, сол елде тұрақтайды.
Жеті баламен жалғыз қалған әжеміз үй шаруашылығының ауыртпалығын бір өзі көтереді. Басына түскен бейнет қой, осындай күндерде малына шапқан аш қасқырлармен де алысыпты.
Көктем шығысымен, әжеміз туыстарымен Омбы жаққа көшіп, жол бойы неше түрлі мехнаттарды бастан кешеді… Ал, Ескендір атамыз екі елдің арасында жан сақтап жүріп, нағашы-жұртында қайтыс болыпты.
Бертін нағашы апамыз мен келсем болды, ішіндегі бар сырын ашып, өткенді еске алып, көзіне жас үйірілетін. Сондай күндердің бірінде:
–Бақыт-ай, мен не көрмедім?! Ел қатарлы жұмыс істедім. Алғашқылардың бірі болып тракторшының оқуын оқып, көктем шығысымен оның рөліне отыратынмын. Жер жырттым. Егістік жердің шетіне келгенде, соқамды сыммен тартып көтере алмағандықтан, бұрылыстарда тракторым сөніп қала беретін. Бригадирім ашуланып, балағаттайтын, қатты сөздер айтатын. Еңбекақы алу үшін шыдап жүрдім. Сенің анаңның орнына масақ тердім, қырман басында бидай үйісіп, түнде күзетте жүрдім. Анаң көкірек ауруымен ауырды. Айналысатыны үй шаруасы еді. Қолы босай қалса, кір жуып, шәлі, бөкебай, алаша тоқитын, ою-өрнек салып, көрпе-бөстектер тігетін. Ел жақта тыныштық орныға бастаған соң Кәлен әжең Ерейменге көшіп кетті. Мен бір жасар Сайлауымды қолтығыма қысып алып, қалтамда екі жүз сом ақшамен Омбы арқылы еліме барам деген оймен сонда кеттім. Шешең жібергісі келмеді. Мен: «Анамның жеткендігін білем де, кейін қайтамын», – деп кетіп қалдым. Бұл 1948 жылдың жаз айлары болатын. Омбыда Мәнәп деген шал «ақшаңды қарызға бере тұршы», – деп сұрап алып, бермей қойды. Ол үйде екі ай жұмыс істеп, шамалы ғана ақша алдым. Сол ақшамен пойызға отырдым. Бағытым Ақмола болатын, бірақ, адасып, Атбасарға барыппын. Мұнда да екі айдай әр үйдің босағасында жүріп, жұмыс істеп, ебін тауып Ерейментауға келдім. Осында жаңа өмір басталды. Әттең, Оркенім мен Сайлауым бұл дүниеден ерте кетіп қалды, – деп мұңын айтушы еді.
Құмсағаттай өтіп жатқан неткен жалған өмір!
Бір әңгімесінде нағашы апам: «Біз 1950 жылдары Ұзыншілік деген елде тұрдық. Сол төңіректе Қатпа деген жерде Оркен қызым туды. Сол жылдың көктемінде түс көрдім. Түсімде ақ киім киінген, бір қарияның қасыма келіп: «Әй балам-ай, қайғы-қасіретті қаршадайыңнан көрген екенсің. Өзіңде болмаса да, барыңды төңірегіңдегілерге берген екенсің. Құдай өзіңе де береді. Мойыма, қалқам!» дегенін естіп, оянып кеттім. Сол жер менің ата-бабаларымның қоныстары болатын», – деуші еді. Нағашы апамның сәуегейлігі де болатын. Алла тағала көрген азабы мен қиыншылығын жақсылықпен қайтарды.
Сол Ұзыншілікте тұрған жылдары институтты енді бітіріп келген жас маман Ибрагим Жанғоразов апамыздың жолдасы Рахметолла жездеміздің үйіне қонып, оның қасында жүріп мал шаруашылығына байланысты біраз тәжірибе жинақтады. Сол шаңырақтың баласындай болып кетті. Сондықтан да болар, И.Жанғоразов бүгінгі күнге дейін Бөкешовтар әулетінің қызығы мен шыжығына бірге араласады.
Нағашы апамызды жерлестері, замандастары, басшылар да сыйлап, құрметтей білді. Сайлаушылар аудандық кеңестің депутаттығына сайлады. Елеулі еңбегі еленіп, аудан басшыларының ұсынысымен «Еңбек ардагері» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталды. Екі мәрте Социалистік жарыстың үздігі төсбелгілерімен, «Ана даңқы», «Күміс алқа» белгілерінің иегері атанды.
Анасының ақ сүтінен дарыған қайсарлық нағашы апамды жігерлендіріп, ер азаматтар атқаратын жұмыстың бел ортасында жүрді. Жалғыз өзі шахтердің үлкен күрегімен қиыршық тастарды белгіленген тапсырмадан бұрын «ЗИЛ» автокөлігіне тиеп, тиісті жерге жөнелтіп отырды. Темір жол бойы, құрылыс саласында да білегін сыбанып тастап, өз жұмысын жауапкершілікпен атқарды. Бұл еңбегі үшін кезектен тыс үш бөлмелі үйге қол жеткізді.
«Ұлың үйленсе – ырысың, қызың орын тапса – өрісің» демей ме атам қазақ. Сол айтқандайын, жездеміз Рахметолла Иманбайұлымен бір шаңырақта жарты ғасыр сыйластықта бірге ғұмыр кешкен апамыз балаларынан жиырма үш немере, жиырма жеті шөбере көрді. Балаларының әрқайсысы, бүгінгі олардың ұрпақтары мына дүниеге кірпіш болып қаланған, өз орнын тапқан азаматтар.
Нағашы апамыз Сара Ескендірқызының жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын.

Бақыт СҮЛЕЙМЕНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы, Кішкенекөл ауылының тұрғыны, зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар